Accessibility links

Қаржы полициясы Төтенше жағдайлар министрлігінде 2 млрд теңге мақсатсыз жұмсалған дейді

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай. Астана, 2009 жыл.

Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай. Астана, 2009 жыл.

Сот санкциясымен тұтқындалған вице-министр Абылай Сабдалин осы істі жабу үшін пара бермек болған дейді Қаржы полициясы. Төтенше жағдайлар министрлігі бұл іске қатысты тергеу ісі аяқталған соң арнайы мәлімдеме жасамақшы.

Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай төтенше жағдайлар вице-министрі Абылай Сабдалиннің 2-қазанда Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының санкциясымен тұтқындалғанын айтады. Оған пара беруді ұйымдастырды деген айып тағылған.

- Абылай Сабдалиннің параны Қаржы полициясының қызметкеріне тексеріс бойынша оң шешім шығару үшін ұсынғандығы белгілі болды. Осыған дейін республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетімен бірге жүргізілген тексеруде Төтенше жағдайлар министрлігінің 2 млрд. теңгеден астам қаражатты мақсатсыз жұмсаған фактілері анықталған болатын, - дейді Мұрат Жұманбай.

Қаржы полициясының дәйек-дерегі бойынша, Сабдалин пара беруді министрліктің бір департамент бастығы арқылы жүзеге асырмақшы болған.

- Департамент бастығы 30 мың АҚШ доллары көлеміндегі параны Қаржы полициясы қызметкеріне беру үстінде ұсталып, ол кейіннен полиция органына көмектесуге келісімін берді. Сөйтіп ол параны апарып бергенін, бірақ Қаржы полициясы қызметкеріне тағы да қосымша 15 мың АҚШ доллар беру қажеттігін айтып, сол соманы Сабдалиннен алған, - деді Сабдалиннің ұсталу оқиғасы туралы баяндаған Қаржы полициясының ресми өкілі.


Ал Төтенше жағдайлар министрлігі мақсатсыз жұмсады деген 2 млрд. теңге қай министрдің тұсында орын алғандығы жөнінде Қаржы полициясы тергеу ісіне сүйеніп, толық мәлімет беруден бас тартты. Дегенмен Мұрат Жұманбай бұл істе төтенше жағдайлар министрі болған Виктор Храпуновтың қатысы жоқ екенін алға тартты және оған қарсы Қаржы полициясы тарапынан осыған дейін еш қылмыстық іс қозғалмағанын да айтты.

Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министрі Абылай Сабдалин соттың санкциясымен тұтқындалды деп мәлімдеген еді сейсенбі күні «Новости-Қазақстан» агенттігіне берген сұхбатында Қаржы полициясының төрағасы Қайрат Қожамжаров.

2 млрд. теңгені мақсатсыз жұмсады деген Қаржы полициясының айыбына байланысты осы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз хатшысы Елдар Райымбеков Азаттық радиосына :

- Бұл іске қатысты әзірге министрлік ешнәрсе айта алмайды. Бірақ тергеу ісі аяқталған соң, бұл жайында арнайы мәлімдеме жасайтын боламыз. Ал Сабдалинге қатысты оны әзірге қызметінен шеттеткен жоқ. Ол кісінің орнында да ешкім жоқ. Оны үкімет шешеді. Қазір Сабдалин мырзаның жұмыс кабинеті қаржы полициясы тарапынан мөр басылып, жабылған, - деп жауап берді.

Төтенше жағдайлар вице-министрі Абылай Сабдалин 29 қыркүйекте Қаржы полициясы қызметкеріне 45 мың АҚШ доллары көлемінде пара беруді ұйымдастырды деген күдікпен ұсталғаны Азаттықта айтылған болатын. Сабдалин 2007 жылдың қаңтар айынан бастап, төтенше жағдайлар вице министр қызметін атқарып келді. Оның бұл салада тікелей екі басшысы болды. Бірі – қазір Швейцария азаматтығын алып, елден кетті делініп жүрген Виктор Храпунов. Ол 2007 жылдың қаңтарынан қараша айына дейін төтенше жағдайлар министрі болған. Осыдан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Владимир Божко Төтенше жағдайлар министрі болып келген еді.

Қазақстанда 37 жастағы шенеунік Абылай Сабдалиннің билік баспалдағымен өрлеуін тікелей Виктор Храпуновпен байланыстырады. Абылай 90-шы жылдардың аяқ кезінен, Виктор Храпунов Алматы қаласының әкімі болып тұрғанда баспасөз хатшысы қызметінен бастап, жеті-сегіз жылдың ішінде вице-министр дәрежесіне көтерілген.

Сарапшы мен бақылаушылардың бірқатары Сабдалиннің тұтқындалуын да тікелей Храпуновпен және Әблязовпен байланыстырады. Себебі Виктор Храпунов БТА Банктің бұрынғы басқарма басшысы, банк мемлекет меншігіне өткеннен кейін шетелге кетіп қалуға мәжбүр болған Мұхтар Әблязовтың туған құдасы болып келеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG