Accessibility links

Полигон құрбаны бес рет операция жасатқан


Совет Одағының ядролық сынағы. Семей полигоны, 29 тамыз 1949 жыл.
Совет Одағының ядролық сынағы. Семей полигоны, 29 тамыз 1949 жыл.

40 жыл бойы ядролық қару сыналған Семей полигонының жабылғанына 23 жыл өтсе де, оның зардабын әлі күнге дейін шегіп жүрген адамдар бар.

Шығыс Қазақстан облысындағы Семей қаласында тұратын 35 жастағы Берік Сыздықов – 1991 жылы тамыздың 29-ында жабылған Семей полигонындағы ядролық сынақтардың зардабынан мүгедекке айналған адамдардың бірі. Қас пен қабақ терісі ісіп, өсіп кеткендіктен екі көзі мүлдем көрмей қалған Берікке «нейро-фибролипоматоз» деген диагноз қойылған.

– Сәуір айында Испанияға барып операция жасатып келдім. Қазіргі жағдайым бұрынғыдан сәл ғана жақсы. Өздігімнен ваннаға, дәретханаға барып келемін, – дейді 1-топтағы мүгедек жігіт Берік Сыздықов.

УАЙЫМ – ОПЕРАЦИЯ МЕН БАСПАНА

Берік Сыздықов толық сауығып кетуі үшін тағы да Испанияға барып операция жасатуы керек екенін айтады.

Семей полигонындағы ядролық сынақтардың зардабын шеккен Берік Сыздықов. Семей қаласы, 2014 жылдың тамызы.
Семей полигонындағы ядролық сынақтардың зардабын шеккен Берік Сыздықов. Семей қаласы, 2014 жылдың тамызы.

– Тағы да екі рет операция жасатуға келесіңдер деген. Бірақ қазір ақша жоқ. Енді ақша жинауымыз керек. Бұған дейінгі операцияға жұмсалған қаражатты нақты кімдердің бергенін білмеймін, – дейді ол.

Беріктің анасы, 71 жастағы Зейнелхан Сыздықова баласының дерті туғаннан кейін бес-алты айдан соң белгілі бола бастағанын, содан бері 35 жыл бойы ауруханадан қол үзбей келе жатқанын айтады.

– Ауырған кезде жергілікті емханаға барамыз. 10-15 күнге дейін ауруханаға жатамыз. Осы күнге дейін бес рет операция жасаттық. Операциядан кейін сәл жақсы болып жүреді де уақыт өткен соң қайта бұрынғы қалпына келеді, – дейді Зейнелхан Сыздықова.

Ол ұлын қамқорлығына алып, арнайы қарап отырған дәрігер жоқ екенін айтады.

Полигон сынағының зардабын тартып жүрген Берік Сыздықовтың жақындарын баспанасы жоқтығы да қинайды.

– Қолымда Берік пен кенже ұлым бар, үш адам айына 20 мың теңге төлеп, пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Осы аптада Семей қаласы әкімінің қабылдауына барып ем, «сіздің кезегіңіз жеткен жоқ» деп кіргізбей қайтарып жіберді. Мен шындығында қабылдауға бір ай бұрын жазылып қойғанмын, – дейді анасы Зейнелхан Сыздықова.

«АҚЫРҒЫ ОПЕРАЦИЯ – ОСЫ»

Азаттық тілшісі Берік Сыздықовқа қандай медициналық көмек көрсетілгенін білмекке Семей қаласындағы денсаулық сақтау басқармасына хабарласты. Басқарма өкілі Роза Айыпқызының айтуынша, «Берік Сыздықов қазір уақытша тұрғылықты жері бойынша 6-емханаға барып қаралып жүр».

– Бұған дейін ардагерлерге арналған республикалық госпиталға жатты. Біздегі ақпараттар бойынша, 2007 жылы бір кісілердің көмегімен Мәскеуге барып келген. Бірақ нақты бір ем қолдана алмапты. Ақырғы рет денсаулық сақтау министрлігінің өтінішімен Мадридке (Испания) барып емделіп келді, – дейді денсаулық сақтау басқармасының өкілі.

Шетелдік журналистер Семей полигонының сынақ өткен жерлерін аралап жүр. 1 қазан 1991 жыл. (Көрнекі сурет)
Шетелдік журналистер Семей полигонының сынақ өткен жерлерін аралап жүр. 1 қазан 1991 жыл. (Көрнекі сурет)

Роза Айыпқызы 2014 жылы Испанияда жасатқан операциядан кейін Берік Сыздықовтың көзі сәл ашылып, жағдайы жақсы болып қалғанын айтады.

– Ақырғы операциясы – осы. Осымен бітті деп отыр. Өйткені Мадридтегі клиника шамасы келгенше терісін керіп берген, – дейді Семей қаласындағы денсаулық сақтау басқармасы өкілі.

Семей қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкері Азамат Құрманғалиев те Берік Сыздықовтың жағдайынан хабардар екенін айтты.

– Берік Сыздықов – ядролық жарылыстың зардабын шегушілер категориясына Семей қаласы бойынша қосылған адамдардың бірі. Біз Берікке тиесілі құрал-жабдықтарын бергенбіз. Анасымен бірге тұратындықтан жеке күтушіден бас тартты, – дейді Азамат Құрманғалиев.

«БІРНЕШЕ ЖЫЛ БҰРЫН ПӘТЕР БЕРІЛГЕН»

Тілші Берік Сыздықовтың баспана мәселесінің жайын сұрап, Семей қалалық әкімшілігіне де хабарласты. Әкімнің баспасөз хатшысы Қайрат Зекенұлының сөзінше, «Берік Сыздықовтың атына бұған дейін бір рет пәтер берілген».

– Жылын ұмытып тұрмын. Бірнеше жыл бұрын пәтер берілген. Бірақ пәтерді белгілі бір себептермен, ем-домға, дәрі-дәрмекке қажет болған болуы керек, сатып жіберген. Ал қазір үйдің кезегінде тұр. Кезектің қай күні жақындайтынын нақты айта алмаймыз. Бірақ бұл – бақылаудағы мәселе, – деді Семей қалалық әкімшілігі өкілі.

Алайда Берік Сыздықовтың анасы Зейнелхан Сыздықова бұған дейін пәтерлері болғанын растағанымен, «ол үйді әкімшілік емес, италиялық азаматтар алып берген» дейді.

Ядролық сынақтан қалған қазаншұңқыр жанында жүрген маманның радиация өлшейтін құралы. Семей полигоны, 22 тамыз 2011 жыл.
Ядролық сынақтан қалған қазаншұңқыр жанында жүрген маманның радиация өлшейтін құралы. Семей полигоны, 22 тамыз 2011 жыл.

– 2007 жылы Италияда Берікке операция жасады. Сол операцияны жасаған дәрігерлер Семейге келіп, жағдаймен танысып, өз қаражаттарына екі бөлмелі пәтер алып берді. Ол кезде үй арзан еді ғой. Бірақ Беріктің келесі бір ем-домына қаражат қажет болып, ол пәтерді еріксіз саттым, – деді Берік Сыздықовтың анасы.

Семей қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкері Азамат Құрманғалиевтың мәліметінше, қаладағы 12 800 мүгедек адамның 3200-і – Семей ядролық полигонындағы жарылыстардан зардап шеккен Берік Сыздықов сияқты азаматтар.

1949 жылы тамыздың 29-ынан бастап ядролық сынақтар жүргізген Семей полигоны 1991 жылы тамыздың 29-ында жабылған. Полигонда 40 жылға – 1989 жылға дейін созылған сынақ барысында 400-ден астам ядролық жарылыс (олардың 116-сы жер бетінде) жасалған.

Полигон аймағында мыңдаған адам қатерлі ісік, жүйке ауруына шалдығып, көптеген сәби дүниеге мүгедек болып келді.

XS
SM
MD
LG