Accessibility links

Тұтқындардың туыстары кейде бүлік кезінде үндемей қалады


Ақтөбе түрмесінің алдында тұрған қамаудағылардың туыстары.

Ақтөбе түрмесінің алдында тұрған қамаудағылардың туыстары.

Қазақстанда азаптау мен саяси тұтқындардың құқығын шектеу фактілері көбейіп бара жатқанын айтқан еуропалық құқық қорғаушы Людмила Козловска жағдайды жақсарту жолдарын ұсынады.

Польшадағы «Ашық диалог қоры» құқық қорғау ұйымы өкілі Людмила Козловска Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстандағы азаптауларға қарсы күрес пен тұтқындардың жағдайын айтты.

АЗАПТАУ МЕН ЖАЗА

Азаттық: - Козловска ханым, «Ашық диалог қоры» ұйымы Қазақстандағы азаптауларға қатысты жағдайды қалай деп бағалайды? Соңғы кезде қандай тенденциялар байқалады?

Людмила Козловска: - Азаптаудың кең таралған практика екенін біз «Қазақстандағы азаптаулар» деген есебімізде үнемі көрсетеміз. Жуырда осындай тағы бір есебіміз жарияланды. Азаптау – түзеу мекемелерінде ғана емес, күдікті ретінде ұсталған жандарға қылмысты күшпен мойындату үшін де қолданылатын практика. Тұтқындарды азаптаудың көп таралғаны соншалық, бұл проблеманың бар екенін тіпті ресми билік өкілдері де мойындайды.

«Ашық диалог қоры» құқық қорғау ұйымы өкілі Людмила Козловска.

«Ашық диалог қоры» құқық қорғау ұйымы өкілі Людмила Козловска.

Бірақ күдікті ретінде ұсталған жандар мен тұтқындарды азаптаған полицейлерге қарсы қозғалып, сотқа жеткен қылмыстық істер аз. Сотқа жеткен күннің өзінде прокуратура мен полиция өкілдері көбінесе «өкілеттігін асырған» деген айыппен ғана, жеңіл жазамен құтылады. Мұндай қауіпті тенденция бізді қынжылтады.

Қылмысты күшпен мойындату немесе «өкіну түсініктемесін» алу сияқты құбылыс қауіпті тенденцияға айналып барады. Біз мұны Жаңаөзен оқиғаларына қатысты өткен сот процестері кезінде көрдік. Роза Төлетаева мен Таңатар Қалиев сияқты мұнайшылар Жаңаөзен оқиғасын тікелей ұйымдастырушылар ретінде айыпталды. Осы процестер кезінде «күшпен мойындатты» деген шағымдар көп айтылды. Жұрт балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушісі Александр Боженко тап болған жағдайдан да жақсы хабардар. Наразылық қозғалысына ешқандай қатысы болмаған ол алаңға кездейсоқ барған. Бірақ аяусыз азаптаған соң куәгер ретінде түсінік бергенін жылап отырып айтты.

ЖАҢАӨЗЕН ОҚИҒАСЫ ЖӘНЕ АЗАПТАУЛАР

Азаттық: - Жаңаөзен мұнайшыларының талай айға созылып, қанды қырғынға ұласқан ереуілі басып-жаншылған соң басталған азаптаулар туралы шағымдар Жаңаөзен ісі бойынша өткен соттардың ашық отырыстарында да айтылды. Бұл шағымдар қалай тексеріліп жатыр?

Людмила Козловска: - Өкініштісі, Жаңаөзен оқиғасы мен азаптаулар бір-бірінен ажырамайтын тақырып. Мұнайшылар адвокаттары азаптау фактілері туралы іс қозғауды өтінді. Бірақ прокуратура «тергеу амалдары барысында азаптау фактілері анықталған жоқ» деп хабарлады. Сол кездегі азаптау фактілеріне қатысты тексеру күні бүгінге дейін әлі жүргізілген жоқ деп айтуға болады.

2011 жылы желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасына қатысты іс бойынша сотталушылар. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.

2011 жылы желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасына қатысты іс бойынша сотталушылар. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.

Азаттық: - Жаңаөзенде азаптаудың қандай түрлері қолданылған? Адамдар азаптаутар туралы қандай шағым айтады?

Людмила Козловска: - Ең көп қолданылған азаптау түрі – целлофан пакетпен тұншықтыру, темір шыбықпен дүрелеу, жыныстық қорлау, суық бөлмеге қамап, үстінен суық су құю. Александр Боженконың айтуынша, оның үстіне шығып алып секірген, бүйрегінен тепкен. «Шашымнан төбеге іліп қойды» деп шағымданған Роза Төлетаеваның жұлынған бір уыс шашын сараптамаға өткіздік. БҰҰ адам құқықтары жөніндегі комитетінің арнайы баяндамашысы мен БҰҰ азаптауларға қарсы күрес комитетіне арнайы баяндамалар жолдау арқылы бұл мәселелерді үздіксіз көтеріп келеміз.

Азаттық: - Қазақстан ресми билігі Жаңаөзен ісі бойынша айыпталғандарды азаптаулар туралы түскен арыз-шағымдарға қатысты ұйым жолдаған сауалдарға қандай да бір жауаптар берді ме? Сіздер мен басқа да құқық қорғаушылардың қолында биліктің реакциясына қатысты мәліметтер бар ма?

Людмила Козловска: - Азаптаулар туралы сұрақтарымызға нақты бір де бір жауап алған жоқпыз. Өзіміздің есебімізді ресми тұлғалардың бәріне жолдағанымызбен, азаптау жайттары туралы электронды хаттарымызға Қазақстан парламентінің депутаты Айгүл Соловьевадан ғана жауап келеді. Бірақ ол әдетте біздің сауалдарымызға «толық жауап беруге уақыт тапшы» деп жазады. Ол «Қазақстанда тұтқындарды азаптау проблемасы онша жоқ. Сіздер фактілерді дұрыс тексермейсіздер» деген пікір айтады.

ТҰТҚЫНДАР НЕГЕ БҮЛІК ШЫҒАРАДЫ?

Азаттық: - Бұл мәселені көтеруде сіздердің ұйымдарыңыз бен кейбір жергілікті ұйымдардың белсенділігі байқалады. Бірақ Қазақстан түрмелерінің өз заңы бар. Түрмелерде ара-тұра бүлік шығып, кейбір тергеу абақтыларында жекелеген наразылық акциялары өтеді. Олардың шығу себептері неде?

Людмила Козловска: - Өкінішке қарай, тұтқындар мұндай төтенше амалдарға шарасыздықтан барады. Сотталған жандардың туыстарынан алатын хаттар мен ақпарат құралдарында (олардың ішінде ресми БАҚ та бар) жарияланған хабарларға қарағанда, түрмелердегі жағдайдың мүшкілдігі сондай, тұтқындар өлместің халін кешіп жатыр. Әсіресе тұтқындарды тамақтандыруға қатысты проблема ушығып тұр. Қамауға алынғандар мен сотталғандар сәлем-сауқатты қиындықпен әрең алады, бұл орынды жемқорлық жайлаған.

Ақтөбедегі КА-168/2 түзеу мекемесі жанында тұрған тұтқындардың туыстары мен полиция қызметкерлері. 9 қараша 2013 жыл.

Ақтөбедегі КА-168/2 түзеу мекемесі жанында тұрған тұтқындардың туыстары мен полиция қызметкерлері. 9 қараша 2013 жыл.

Тұтқындардың жағдайы ауыр, тұрмысы жайсыз – камералар сыз, көк басып кеткен, тазалық жоқ. Тиісті медициналық көмек көрсетілмейді. Тұтқындар мал қорадан да жаман түрмелерде отыр. Мұндай келеңсіздіктер тұтқындардың ашу-ызасын тудырып, оларды төтенше әрекеттерге итермелейді. Мысалы, 2013 жылдың тамызында Орал қаласындағы түрмеде 62 тұтқын күре тамырын қиып, қарындарын тіліп тастады. Мұның бәрі түзеу жүйесінің тығырыққа тірелгенін көрсетеді. Егер билік шара қолданбаса, жағдайдың бақылаудан шығып кетуі мүмкін.

Орал түрмесіндегі аяусыз жаншылған бүлікте жапа шеккен жандар болғанын білеміз. Бүлік кезінде кісі өлімі де болуы мүмкін деген болжам бар. Бірақ оны тексеріп, тәуелсіз баға беруге мүмкіндік жоқ. Туыстарының айтуынша, бүлік туралы ақпарат құралдары жаппай жазып, хабар сыртқа тарап кеткен соң ғана қысымды сәл азайтқан.

Бірақ әлгі бүліктен кейін тұтқындардың туыстарының арыны басылып қалды, бізбен кездесіп, сөйлесуден қашқақтайды. Ол жақтағы жағдайдан қазір хабарымыз жоқ.

Азаттық: - Тұтқындардың туыстары біраздан кейін құқық қорғаушылармен кездесіп, сөйлесуден қашқақтай бастайды дедіңіз. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

Людмила Козловска: - Иә, туысы түрмеде отырған адамдар қысылтаяң сәт туғанда ғана көмек сұрап жүгіреді. Бірақ жағдай сәл түзелсе немесе түрме әкімшілігі әлдебір жеңілдік жасаса бітті, бізден бірден қашқақтай бастайды. Мысалы, түрме әкімшілігі сәлем-сауқат беру тәртібін сәл босаңсытуы мүмкін. Шарасыз халге түскен жандарға осының өзі үлкен «шарапат» болып көрінеді.

ЛИБЕРАЛИЗАЦИЯ ЖӘНЕ САЯСИ ТҰТҚЫНДАР

Азаттық: - Кейбір жандардың айтуынша, соңғы кезде Қазақстан билігі Жаңаөзен ісі бойынша айыпталып, сотталғандарға сәл де болса жеңілдік жасап жатыр-мыс. Мысалы, Роза Төлетаева қоныс колониясына ауыстырылмақ. Ал 18 жылға сотталған ақын әрі диссидент Арон Атабек тұрғылықты жеріне таяу маңға – Алматы облысындағы түрмелердің біріне ауыстырылады деген сөз бар. Бірақ оның жеткен, жетпегенін білмеймін. Мұны саяси тұтқындарға қатысты әлдебір жеңілдіктер ретінде қабылдауға бола ма?

Роза Төлетаева (ортада) мұнайшылар ереуілі кезінде. Жаңаөзен қаласы, 2011 жылдың маусымы. (Суретті "Голос республики" басылымы берген)

Роза Төлетаева (ортада) мұнайшылар ереуілі кезінде. Жаңаөзен қаласы, 2011 жылдың маусымы. (Суретті "Голос республики" басылымы берген)

Людмила Козловска: - Меніңше, Роза Төлетаеваның заңды құқығын орындауды «оған жеңілдік жасау» деу түсіну қате. Заңға қайшы ешқандай қылмыс жасамаса да, ол түрмеде көп отырды. Оның бар кінәсі – мұнайшылардың ереуілі кезінде сұхбат беріп, ереуілдің жұртқа жария болуына көмектескені. Мен мұны жеңілдік емес, керісінше, келемеж дер едім.

Ал Арон Атабек туған үйіне жақын түрмеге ауыстырылды ма, жоқ па, оны да білмейміз. Бірақ талай аяусыз азаптаудан өткен Арон Атабекті ауыстыруға оның мәселесінің шетелде көп талқылана бастауы ықпал еткені сөзсіз. Әрі Қазақстан үкіметі үшін Арон Атабек мәселесі «ыңғайсыз» тақырыпқа айналды.

Қазір құқық қорғаушы тұтқын Вадим Курамшинге қатысты тәртіпті қатайтып жатыр деген жағымсыз жаңалық алдық. «Алға» оппозициялық партиясының жетекшісі Владимир Козловтың заңды құқығы еленбей, оны Петропавл қаласынан Алматыға ауыстырмай отыр. Бұл кісі Жаңаөзен мұнайшыларына дауды бейбіт жолмен реттеп, олардың проблемасын жұртқа жариялауға көмектескені үшін ғана сотталды.

Ал Алма Шалабаева мен Алуа Әблязованы «босатып», Қазақстаннан кетуіне рұқсат беруін де либерализацияға жатқызу дұрыс емес. Қазақстан билігі мұны Еуропаға жақсы көрініп, қуғындағы Мұхтар Әблязовті Қазақстанға экстрадициялауға мүмкіндік алу үшін жасап отырғаны даусыз.

12 жылға сотталған қазақстандық құқыққорғаушы Вадим Курамшин. Астана, қазан, 2011 жыл.

12 жылға сотталған қазақстандық құқыққорғаушы Вадим Курамшин. Астана, қазан, 2011 жыл.

Азаттық: - Сіздердің құқық қорғау ұйымдарыңыз Қазақстандағы билік пен азаматтық қоғамға қандай ұсыныс-кеңес берер еді?

Людмила Козловска: - Біз Қазақстандағы адам құқығы мен еркіндігін бұзу фактілері, азаптаулар туралы, саяси тұтқындардың ауыр халі жайында ашық мәлімдеген сайын билік те сескеніп, Еуропамен тіл табысуға тырысады. Өйткені Еуропада Қазақстан шенділерінің көбінің ақшасы, жылжымайтын мүлкі бар. Көбінің туыстары сол жақта тұрады, оқиды немесе жұмыс істейді. Сондықтан Еуропадағы беделіне нұқсан келтіретін мәселелерді олар шешуге тырысады. Шетелде көп талқыланған сайын мұндай мәселелерді Қазақстанда шешу мүмкіндігі де арта түседі.

Біз адамдарға ештеңеден қорықпай күресуді ұсынамыз. Халық біріксе, үлкен күшке айналатынын Киевтегі «Еуромайдан» тәжірибесінен көріп отырмыз. Бас біріктіріп, талап қоя білетін халық - үлкен күш. Қазақстанда да адамдар күш біріктіріп, өз құқығын қорғаса дейміз. Біз осыдай диалог орнатуға тырысып жатырмыз. Біз Еуропадан тәуелсіз үшінші тарапты, ақпарат құралдарын, саясаткерлерді, үкіметтік емес ұйымдар белсенділерінің қатысуымен билік пен азаматтық қоғам өкілдерін осындай диалогқа шақырамыз. Мұндай диалог Қазақстан болашағы үшін өте маңызды.

Азаттық: - Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG