Accessibility links

«Шаһидтың» кім екені анықталды


Видеода жиһад туралы айтып отырған бұл адам Нұржан Ерғарин деп сипатталды.

Видеода жиһад туралы айтып отырған бұл адам Нұржан Ерғарин деп сипатталды.

«Шаһид болуға шақырған қазақ жігітінің» видеосы әлеуметтік желіде түрлі пікір туғызды. Азаттық тілшісі видео кейіпкерінің анасын, таныстарын тауып сөйлесті.

Facebook әлеуметтік желісінде тағы бір «жиһадшы қазақ» туралы видео жарияланды. Биыл қазан айында YouTube-те жарияланған, «Сирияда жүрген қазақ жиһадшылары» туралы видеодан тіксініп қалған интернет қолданушылар жаңа видео кейіпкері жайлы әртүрлі болжам жасайды.

Шетелге «жиһадқа кеткен» қазақ азаматтары «қоғам үшін өте өзекті мәселе» екенін 14 қарашада Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов та айтты. Оның сөзінше, Қазақстан жағдайды мұқият бақылап отыр.

«БҰЛ – БРАТ ТАЛХА»

«Жиһадшы қазақ» туралы соңғы видеоны Facebook әлеуметтік желісінде Алмас Жумагулов есімді қолданушы 13 қарашада жариялады. Ұзақтығы 5 минуттан асатын видеода жеңіл көліктің рөлінде Калашников автоматын ұстап отырған жігіт қазақша сөйлеп, «шаһид жолына кетіп бара жатқанын» айтады. Ол көлігіне жарылғыш зат тиелгенін мәлімдеп, жанында тұрған басқару пультін нұсқап, қай түймесін басатынын көрсетеді.

Видео аяқталар тұста онымен сөйлесіп отырған жігіт «кетуге бір жарым сағат қалғанын» хабарлайды. Онан кейін «шаһид болуға» кеткен жігіттің соңынан көлікпен ілесе жүріп, шығарып салады. Сәлден соң жиырма минут бұрын жарылыс болғанын айтып, түтіндеп жатқан маңды алыстан көрсетеді.

Видеода «шаһид болуға кеткен» жігіт те, оны видеоға түсіріп отырған адам да орыс тілін араластырып сөйлейді. Видео шөлейт жерде түсірілген.

Азаттық тілшісі Facebook-те жарияланған видеодағы жігіттің кім екенін іздеп жүргенде аты-жөнін айтпаған бөгде біреулер «бұл видеоны түсінуге сеп болады» деп, журналиске басқа бір видеоны жолдады.

Бұл видеода әуелі «шаһид болуға» дайындалып, қолдарына автомат ұстап, Екінші видеода қазақша сөйлеп отырған адамдар.

Екінші видеода қазақша сөйлеп отырған адамдар.

белдеріне жарылғыш зат байлап жатқан төрт адамды көрсетеді. Жүзін жасырмаған екеуі қазақ тілінде сөйлеп тұр. Оларды шығарып салып тұрған үш-төрт адамның да қазақша сөйлескені естіледі.

Бұдан кейін видеода «14 ақпанда Пәкістандағы 200 адамдық әскери базада салмағы бір жарым тонна жарылғыш тиелген көлікті жарып, базаны түгел жойған брат Талха» туралы орысша жазу бар. Одан соң автомат ұстап тұрған жігіттің (Facebook-те жарияланған видеодағы жігіт) суретін көрсетіп, «Талха Казахтани» деген сипаттама жазған.

Видеоны түсіруші «бұл Талха деген бауырымыз өзін-өзін шаһидке дайындау үстінде» деп, оның көлігін көрсетеді, нысаналы жеріне жақындап қалғанын, көлікте бір тоннадан астам бомба бар екенін айтады. Бұл видео әлеуметтік желіде жария болған видеоның алғашқы жартысына ұқсайды.

Ақпарат құралдары биыл ақпанның 14-інде Пәкістанның Хайбер-Пахтунхва провинциясындағы әскери блокпост жанында әлдебір жанкешті-терорист жарылғыш зат тиелген автокөлікті жарып жіберіп, бірнеше адамды мерт еткенін хабарлаған.

«БҰЛ – НҰРЖАН ЕРҒАРИН»

Азаттық тілшісі бұл видеолардағы «шаһид болуға аттанған» жігітті сырттай танитын адаммен сөйлесті. Аты-жөнін жарияламауды сұраған ол азаматтың сөзінше, бұл видео бұдан бұрын жарияланған, видеодағы жігіт – Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылында 1984 жылы туған Нұржан Ерғарин.

– Шетелге кеткеніне шамамен екі жылдай болды. «Египетте жұмыс істеп жүр» деген әңгіме болған. Анығын ешкім білмейді, – дейді ол.

Бұдан соң Азаттық тілшісі Нұржан Ерғариннің Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Жымпиты ауылында тұратын ата-анасының үй телефонын тауып, сол кісілерге хабарласты.

Нұржан Ерғариннің анасы (аты-жөнін айтудан бас тартты) әуелі елеңдеп, қашан шыққан видео екенін сұрап, содан соң «баяғы видео екен ғой» деді. Анасының айтуынша «Нұржан қайтыс болды деген хабар биыл ақпан айында келген, ас беріп, дұға оқытылған».
Ұлым 2012 жылдың қараша айында келінім мен немеремді елге қайтарып жіберіпті. Олар Египеттен келді.

– Отбасымен қалада бөлек тұратын еді. Қайда кеткенін айтқан жоқ. Қайтыс боларынан бұрын бір жылдай сол жақта жүрген сияқты. 2012 жылдың қараша айында келінім мен немеремді елге қайтарып жіберіпті. Олар Египеттен келді, – дейді Нұржанның анасы.

Батыс Қазақстан облысы Сырым аудандық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Талғат Дарғожиев Нұржан Ерғариннің Жымпитыдағы өрт сөндіру мекемесінде жұмыс істегенін, ол жерден кетіп қалғанына екі жылдай болғанын Азаттық тілшісіне айтты.

Сырым аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Ермек Саркеновтің айтуынша, Батыс Қазақстан облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) департаменті «террорлық топ құрды, қарақшылық шабуыл жасады» деп, Нұржан Ерғаринге іздеу жариялаған.

– Одан соң ішкі істер бөлімі іздестіргені рас. Ол әлі де іздеуде тұр. Қайтыс болды деген ресми хабар жоқ, – деді Ермек Саркенов.

Батыс Қазақстан облыстық ҰҚК департаментіне хабарласқанымызда, ақпарат беруден бас тартты.

Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың сөзіне қарағанда, «Таяу Шығыста жүрген қазақтар» жайлы деректер мұқият тексеріліп жатыр.

«Шетелде жүрген қазақ жиһадшылары» туралы мәлімет биыл қазан айының ортасында YouTube-те жарияланған бір видеодан кейін тараған еді. Ол видеодағы қазақша және орысша сөйлеген азаматтар өздерін «жиһад жасау үшін бала-шағамызбен бірге Қазақстаннан Сирияға келдік» деп мәлімдеген. Кейін Азаттық ол видеодағы бірнеше ер адам мен жас балалардың расымен қазақстандықтар екенін анықтаған.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG