Accessibility links

Ақорда Мұхтар Әлиев елге қайтқысы келеді деп мәлімдеп болғанша, ол Венадағы елшіліктен кетіп үлгерді


Австрия полициясы Вена көшелерінде.
Австрия полициясы Вена көшелерінде.

Ресми Астана Мұхтар Әлиев өзін елге қайтаруын өтініп, Австриядағы Қазақстан елшілігіне қайрылды деп мәлімдеп үлгергенше, академик елшіліктен кетіп қалды. Осынау сәт сайын құбылған оқиғадан қарсыластық күшінің түр сипаты толық аңғарылғандай.

Қарт Әлиевтің қайтып оралатындығы жөніндегі шұғыл жаңалықты сейсенбі, мамырдың 5-і, күні Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі таратты. Артынша-ақ ҚазТАГ агенттігі академик әрі республиканың құрметті азаматы Әлиевтің Отанға қайтатындығы туралы ақпарат берді.

Дәл осы күні Австриядағы бұрынғы елші Рахат Әлиев Азаттық радиосына берген сұхбатында барлық айыптарды жоққа шығара отырып, бір күн бұрын, 4 мамырда әкесінің аяқастынан жоғалып кетуін арнайы қызметтің акциясы деп атады.

Мұхтар Әлиев төңірегіндегі оқиғалардың түрліше құбылып, жылдам дамығаны соншалық, бір сағат өтпей жатық-ақ оның ұлы – Рахат Әлиев Азаттық радиосына берген кезекті сұхбатында Лондоннан Венаға жеткен әпкесі Мұхтар Әлиевті қазақ елшілігінен шығарып алғандығын хабарлады.

Тағы бір сағат өткеннен кейін ол Азаттыққа Мұхтар Әлиев Вена мейманханаларының бірінде деп хабарлады.

Бұл мәлімделерден бір сағат бұрын Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде шұғыл шақырылған баспасөз конференциясы мүлде кешігіп басталды. Журналистер белгіленген брифингті екі сағатқа жуық уақыт бойы сарыла күтіп, "елдің сыртқы саясатында төтенше не болып қалды" дегендей ойларын сан саққа жүгіртті.

Десек те, кейбір қызық ақпараттар ұзынқұлақтан тарап та үлгерген еді. Төл дерек көздеріне сүйенген бірқатар әріптестер «Назарбаевтың бұрынғы күейу баласы өз әкесін күштеп, жібермей ұстап отыр екен-мыс» деп айтып жатты. Бірқатар уақыттан соң осы тәріздес ақпарат расталды да.

Қазақстан СІМ баспасөз-қызметінің басшысы Ілияс Омаров хабарлағандай, Австриядағы бұрынғы елші Рахат Әлиевтің әкесі – Мұхтар Әлиев Австриядағы ҚР елшілігінің консулдық бөліміне өзін Венадағы қазақстандық елші Ержан Қазыхановпен кездестіруге ықпал етуін сұрап өтініш жасаған.

«Ол биыл мамырдың 4-і күні консулдық бөлімге хабарласты. Елшімен әңгіме барысында ол Австрияға жүрегін тексертіп, операция жасату үшін келгендігін айтты. Мұхтар Әлиевтің мәлімдеуі бойынша, оның ұлы 2008 жылдың қазанынан бері әкесіне елге қайтуға кедергі келтіріп баққан: паспорт, несие картасы, ұялы телефон, қолма-қол ақша және жеке заттарын (чемодан, 2 жол сөмкесі) алып қойған», - деді Ілияс Омаров.

ҚР СІМ баспасөз қызметі басшысының айтуынша, қарт Әлиев сондай-ақ қазақ елшілігіне мамырдың 4-і күні таңғы 4-те сол өзі тұрып жатқан үйдің күзетіне білдірмей, қақпадан жасырын өтіп, қашып шыққан.

«Екі апта бұрын да ол ешкімге білдірмей үйден шығып, қалалық полиция департаментіне жазбаша түрде өтініш тапсырған, бірақ оң нәтиже болмаған. Мұхтар Әлиев өзінің елге қайтуын бейбіт жағдайда шешуге тырысқандығын, бірақ қолдан келмегендігін айтты. Сондықтан да жеті мәрте аштық жариялаған», - деді баспасөзге арналған хабарды әрі қарай оқыған Ілияс Омаров.

Оның айтуынша, елшілікте Әлиев «өзін жақсы ұстады, қойылған сұрақтарға нақты әрі сауатты жауап берді». Бұған қоса, елшілік Мұхтар Әлиевті арнайы жасауланған қонақ бөлмесіне орналастырғандығы белгілі болды. Оған тамақ берілді деді Омаров.

«Мұхтар Әлиев елшілік ғимаратында болған уақытта кешкі және түнгі мезгілде шетелдегі мекеме қызметкерлерінің күшімен оның тәулік бойғы күзеті ұйымдастырылды, сондай-ақ Вена полициясының жылжымалы күзетшілері елшілік орналасқан аймақты үнемі шолып тұрды», - деп хабарлады Ілияс Омаров.

Брифинг соңында СІМ баспасөз қызметінің басшысы Қазақстанның Венадағы дипломатиялық қызметкерлері Мұхтар Әлиевтің Отанға қауіпсіз оралуына қажетті шаралардың бәрін орындауға тырысып жатқандығын атап өтті.

Брифингтен кейін жарты сағат өткенде ҚазТАГ ақпарат агенттігі Австрия астанасындағы дерек көздеріне сілтеме жасай отырып, келесі ақпаратты таратты: «Белгілі хирург, Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Халық қахарманы» Мұхтар Әлиев австриялық авиажелі рейсімен сейсенбі күні Астана уақыты бойынша шамамен сағат 20-дан кеткенде Вена әуежайынан Астанаға ұшып шығады. Кесте бойынша бұл рейс сәрсенбі күні 5 сағат 40 минутта Астанаға қонады».

Сонымен қатар, агенттік сәрсенбі күні Қазақстан астанасында Мұхтар Әлиевтің баспасөз-конференциясы өткізілгелі жатқандығын, «өзінің ұлы Рахат Әлиевтің өткен жылдың күзінен бері Венада оны күштеп ұстап келгендігін» баяндайтыны хабарлады.

Бұл аралықта, сейсенбі, мамырдың 5-і, күні Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев Азаттыққа берген сұхбатында, әкесінің өз еркімен Қазақстан елшілігіне қалайша барғандығын түсіне алмайтындығын мәлімдеді. Сонымен бірге, ол қазақстандық қауіпсіздік органдары әкесін өзіне қарсы пайдалануы мүмкін екендігін атап көрсетті.

«Әкеме қатысты бұл акция Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей жетекшілігімен болып отыр», - деді Рахат Әлиев.

Оның бұл мәлімдесіне қатысты Қазақстан СІМ пікір алу мүмкін болмады. Брифингті бастағанда баспасөз қызметінің жетекшісі журналистерге бірден сұрақ қоймайсыздар деп ескертті.. «Сұрақ болмайды», - деді Ілияс Омаров. Брифингтің соңында ол осы өтінішін тағы қайталады.

Сонымен Вена уақыты бойынша жұмыс күнінің соңында Мұхтар Әлиев Қазақстан елшілігін тастап шықты. Мұхтар Әлиев 4 мамыр күні ол жерге қалай барды және не болды? Бүлікшіл Рахат Әлиевтің әкесі онда қалай пайда болды, елшілікте қандай оқиғалар орын алды? Қазақстан билігі Астанада баспасөз- мәслихатын дайындап жатқанда Мұхтар Әлиев елшіліктен қалайша шығып кетті?

Осы және басқа да сауалдарға жауап іздей отырып, Азаттық радиосы өз тыңдармандары мен оқырмандарын оқиғаның әрі қарай өрбуі барысымен таныстырып отыратын болады.
XS
SM
MD
LG