Accessibility links

Шұбарши тұрғындары аты-жөндерін айтудан әлі қорқады


Мектепті бетке алған Шұбарши ауылының балалары. Ақтөбе облысы, Шұбарши кенті, 14 мамыр 2012 жыл.

Мектепті бетке алған Шұбарши ауылының балалары. Ақтөбе облысы, Шұбарши кенті, 14 мамыр 2012 жыл.

Осыдан тура бір жыл бұрын, мамырдың 17-сі Рақымжан Мақатов есімді ақтөбелік тұрғын ҰҚК-нің Ақтөбе облыстық департаменті ғимаратында өзін жарып жіберген болатын. Араға екі апта салып, осы облыстың Темір ауданында қарулы топ пен полиция арасында қарулы қақтығыс басталды. Арнайы операция 2011 жылы маусымның 30-ы басталып, шілденің 29-ы аяқталды. Қақтығыстан қаза тапқан адамдардың жалпы саны – 18 (оның алтауы - полицей, 12-сі - қарулы топ мүшесі).


Билік арнайы жасақпен атыста қаза тапқан ол азаматтардың барлығы «дінді жамылып, мұнай ұрлаумен айналысқан топ» екенін мәлімдеген.

Шұбаршидегі қарулы қақтығыс кезінде қайтыс болған тоғыз адамның бірі, әрі жасы үлкені Қуаныш Әлімжанов есімді 43 жастағы жергілікті тұрғын болатын.

«ЖАНЫМА БАТҚАНЫ – «НАРКОМАН» ДЕП ҚАРАЛАҒАНДАРЫ»

Қуаныш Әлімжановтың анасы, байырғы мұнайшы Ханым Шөмекованың айтуынша, ортаншы ұлы Қуаныш аңшылық, балықшылықты кәсіп еткен, құралайды көзге атқан мерген болған.

Анасының сөзіне қарағанда, мұнай құбырларын жөндеумен айналысатын мекеменің операторы болған Қуаныш Әлімжанов өмірінің соңғы екі жылында намаз оқып, бос уақытының барлығын Шұбаршидегі «Ақмешітте» өткізіп жүрген.
Марқұм Қуаныш Әлімжановтың анасы Ханым Шөмекова. Ақтөбе облысы, Шұбарши кенті, 14 мамыр 2012 жыл.

Марқұм Қуаныш Әлімжановтың анасы Ханым Шөмекова. Ақтөбе облысы, Шұбарши кенті, 14 мамыр 2012 жыл.


– Балам соңғы кездері «той, садақа жасауға, бейіттің басына баруға болмайды» деген сияқты біртүрлі әңгімелерді көп айтып жүрді. «Қарағым, жұрттың сөзіне еріп, адаспа» дейтінмін. Әділетсіздікке төзе алмайтын, тік мінезді, тура сөйлейтін, бірақ кісіге қылдай қиянаты жоқ еді, – деп еске алады ұлын Ханым Шөмекова.

Ханым Шөмекованың айтуынша, ұлы қайтыс болған соң, жергілікті газеттердің бірі Қуаныш Әлімжанов туралы «Ақтөбеде коттеджі, банкте есеп-шоты бар, 100 мыңдап жалақы алатын масыққан мұнайшы» деп жазған.

– Ең бір жаныма батқаны – «наркоман» деп қаралағандары. Қуаныш арақ ішпек түгілі, темекі де тартпайтын. Жатсам, тұрсам жанымды жеп маза бермейтін тағы бір нәрсе – мені ешкім сотқа шақырған жоқ. Үйімді бір апта бойы тінтті. Бірақ адам екен деп сауал қойған бірі жоқ. Өздері кінә тағып, өздері қаралады, өздері үкім шығарды. Ойласам, өзегім өртене жаздайды, – дейді Ханым Шөмекова.
Марқұм Қуаныш Әлімжановтың екінші ұлы Аслан. Ақтөбе облысы, Шұбарши кенті, 14 мамыр 2012 жыл.

Марқұм Қуаныш Әлімжановтың екінші ұлы Аслан. Ақтөбе облысы, Шұбарши кенті, 14 мамыр 2012 жыл.


Қуаныш Әлімжановтың артында әйелі мен кәмелетке толмаған үш баласы қалған. Әйелі Жұмагүл былтырдан бері Шұбаршидегі әкімдіктің еденін жуып жүр. Мәдениет үйі мен ауыл әкімдігіне ортақ бұл ғимарат былтыр күзде салынып біткен. Аты-жөндерін атамауды жөн санаған, хиджаб киген бір топ қыз-келіншектің сөзіне қарағанда, «ауылдың соңғы бір жылдағы ең басты жаңалығы – осы ғана».

«ПРОБЛЕМА ҚЫЛАТЫН ЕШТЕҢЕСІ ЖОҚ»

Былтыры шілдедегі оқиғадан соң Шұбаршиге көршілес Құмсай ауылынан ауызсу құбыры тартыла бастаған. Бір жылға таяу мерзім өтсе де жергілікті жұрт жаңа құбырдың игілігін көрмегендерін айтады.

– Өзіміз қазып алған құдық суының кермек дәмі бар. Шелекте тұрыңқырап қалса, судан май бөлініп, бетіне шығады. Біз мұнай араласқан су ішіп отырмыз, – деп қынжылды ауыл тұрғыны Ұмсынай Құдиярова.

Ол кісінің есігінің алды қазылған ор екен. Мектеп оқушылары шала-пұла көмілген сол ордан әрлі-берлі секіріп өтіп жатты. Азаттық тілшісінің «бұл не?» деген сауалына:
Шұбаршилік тұрғын Ұмсынай Құдиярова кермек дәмі бар, май араласқан ауыз суды көрсетіп тұр. Ақтөбе облысы, Шұбарши кенті, 14 мамыр 2012 жыл.

Шұбаршилік тұрғын Ұмсынай Құдиярова кермек дәмі бар, май араласқан ауыз суды көрсетіп тұр. Ақтөбе облысы, Шұбарши кенті, 14 мамыр 2012 жыл.


– Былтыр күзге салым су тартамыз деп осы жерді қазған болатын. Пластик құбырларды әкеп тастады. Бірақ арасын жалғаған жоқ. Қыстай беті ашық жатты. Көктемде ішіне балалар құлай берген соң, құбырдың бетін топырақпен жаба салды. Қыруар қаржы жердің астында жатыр. Ал ауылдың басым бөлігі ауызсусыз отыр, – деп жауап берді Ұмсынай Құдиярова.

Жергілікті әкім Құсайын Шалманов «Мастаг» серіктестігі қолға алған жұмыс қаржы тапшылығына байланысты тоқтап тұрғанын» айтады. Бірақ, әкімнің пікірінше, Шұбаршиде су – тегін.

– Қажет деген адамдарға екі-үш водовозбен тасып та беріп жүрміз. Совет үкіметінің тұсында да осы суды ішкенбіз. Оны проблема қылатын ештеңесі де жоқ, – дейді Құсайын Шалманов.

АУЫЛ ХАЛҚЫНЫҢ 70 ПАЙЫЗЫ – ЖҰМЫССЫЗ

Ауласынан құдық қазып жатқан жас жігіт өзін «Дастанмын» деп таныстырды. Дастан - Ақтөбедегі колледждердің бірінің түлегі. Жұмыссыз екен. Айтуынша, өзінен соңғы үш інісі мен науқас ата-анасын кездейсоқ табыспен асырап жүр.

– Бізде екінің бірі – жұмыссыз, – дейді Дархан.

Тағы бір жұмыссыз тұрғын, төрт баланың әкесі Нұрбек Зайдуллин де Дастанның сөзін айтты.
Шұбарши кентінің әкімі Құсайын Шалманов. Ақтөбе облысы, Шұбарши кенті, 14 мамыр 2012 жыл.

Шұбарши кентінің әкімі Құсайын Шалманов. Ақтөбе облысы, Шұбарши кенті, 14 мамыр 2012 жыл.


– 70 мың теңге пара берсең, алты ай контрактімен жұмысқа алады. Мұнай мекемелеріне жұмысқа тұру үшін ақша беруің керек немесе ағайын-тумаң жоғарыда қызметте болуы керек, – дейді Нұрбек Зайдуллин.

Шұбарши тұрғындарының 70 пайызы жұмыссыз екенін ауыл әкімі Құсайын Шалманов та растады.

– Күзге салым жаңа мектептің құрылысы аяқталса, ескі ғимаратты балабақшаға айналдырмақшымыз. Сонда 40-50 адам жұмыспен қамтылады, – дейді әкім.

Аты-жөнін айтпауды өтінген бір тұрғынның сөзіне қарағанда, «Намазхандар мен полицияның қақтығысынан соң, облыстық СЭС-тің сол кездегі бастығы Құралай Қарекен ауа мен ауызсудың ластығын айтып, шұбаршиліктерді қалаға көшіру туралы мәселе көтерген».

– Бәрі сөз күйінде қалды. Құралай Қарекен – қазір парламент мәжілісінің депутаты. Біздің ауылды ойына да алмайтын болар, – дейді Шұбарши тұрғыны.

«ЖАУЫЗДЫҚҚА НЕГЕ ЖАУЫЗДЫҚПЕН ЖАУАП БЕРДІК?»

Былтыр жазда Шұбаршидегі атышулы «Ақмешіт» мешітінің имамы ауысқан. Жаңа имам, Шымкент медресесінің түлегі Нұрмұхамед Бижанов ауылға теологтар мен облыстың өкіл имамы жиі келетінін айтады.
Шұбарши кентінің кітапханашысы Тыныштық Қазбекова діни әдебиеттер тұрған бұрышты көрсетіп тұр. Ақтөбе облысы, Шұбарши кенті, 14 мамыр 2012 жыл.

Шұбарши кентінің кітапханашысы Тыныштық Қазбекова діни әдебиеттер тұрған бұрышты көрсетіп тұр. Ақтөбе облысы, Шұбарши кенті, 14 мамыр 2012 жыл.


– Жамағаттың теріс жолға түсіп кетпеуі үшін мектепте, мәдениет үйі мен мешітте, тіпті той-садақаларда да уағыз айта бастадық, – дейді ауыл имамы.

Шұбаршидің шағын кітапханасында да діни әдебиеттердің бұрышы жасалып, оған 60 шақты кітап қойылған екен.

– Дін тақырыбындағы кезекті жиналыстан соң бір оқушы: «Папам жиналыстан келіп, «Мынадай кітапты оқыма» деді. Кітабыңызды қайтарып алыңыз» деп әкеп тастады. Ол «Аллаға мадақ» атты таңдаулы өлеңдер жинағы болатын. Мен барымша түсіндірген болдым. Ол райынан қайтпады, – дейді Шұбарши ауылының кітапханашысы Тыныштық Қазбекова.

Азаттық тілшісі сөзге тартқан шұбаршиліктердің басым бөлігі аты-жөндерін айтпауды қалады. «Басымыз тағы да бәлеге қалып жүрер» дейді былтырғы атыс-шабыс кезінде «Ақмешітте» бірнеше күн қамауда отырған намаз оқитын 40 адамның бірі.

Осы ауылдың байырғы тұрғындарының бірі Ардақ Құбашева қанды қырғынды көзімен көргенін, сол оқиға жайлы көп ойланатынын айтты.
Шұбарши ауылының тұрғыны Ардақ Құбашева. Ақтөбе облысы, Шұбарши кенті, 14 мамыр 2012 жыл.

Шұбарши ауылының тұрғыны Ардақ Құбашева. Ақтөбе облысы, Шұбарши кенті, 14 мамыр 2012 жыл.


– Әлі күнге дейін көкейімнен кетпейтіні бір сұрақ бар: Мынадай өркениетті заманда неге оларды қырып тастадық? Жақсы, олар жауыз болсын. Жауыздыққа неге жауыздықпен жауап бердік? Олар көз алдымызда өскен ауылдың жалаң аяқ балалары еді ғой. Ақ сүт берген аналары бар. Ауыл ақсақалдары бар. Күштік құрылымдар бірден операцияны өз қолдарына алып, қырып тастағанша неге келіссөзге соларды жібермеді? Қан төгілді ғой. Төгілген қан бөтен емес,өз балаларымыздың қаны емес пе? Тал түсте қырды да тастады. Аналары соны сұрауға қорқып отыр. Бұл қырғын үшін Алланың алдында кім жауап береді? – деді Ардақ Құбашева.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG