Accessibility links

Қазақ ауылдары ауыз суға жарымай отыр


Он жастағы бала су тасып жүр. Алматы облысы, 9 наурыз 2011 жыл.

Он жастағы бала су тасып жүр. Алматы облысы, 9 наурыз 2011 жыл.

Ауылдардың 40 пайызы сумен қамтамасыз етілмеген Қазақстан үкіметі ауыз су бойынша тағы бір бағдарламаны қолға алды.


«Капиталистерді басып озамыз», «Бесжылдық жоспарды төрт жылда орындайық!» деген ұрандар естеріңізде ме? Қазіргі Қазақстанның ұранмен басталып, аяғы ұмыт қалатын бәленбай миллион теңгелік әлеуметтік бағдарламалары осыны еске түсіреді.

БАҒДАРЛАМАНЫ «ЖЕП ҚОЮ»

2002–2010 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасы аяқталмай жатып, оның орнына 2011–2020 жылдары халықты ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі жаңа бағдарлама – «Ақ бұлақ» пайда болды. Мемлекеттік бюджеттен оны іске асыруға 951 490,3 миллион теңге бөлініп жатыр.
Ауыл тұрғындары су алып жатыр. Кеңқияқ ауылы, Ақтөбе облысы. 11 шілде 2011 жыл.


«2020 жылы қалалардағы орталық сумен жабдықтауды пайдалану мүмкіндігі 100 пайызды құрауға тиісті. Ал ауылды мекендерде екі есе – 80 пайызға дейін өсуі керек» деп уәде етті Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұл бағдарламаның қалай жүзеге асатынын уақыт көрсетеді. Бірақ Қазақстан үкіметі әлеуметтік өмірді жақсартуға байланысты түрлі жобаларды бұрын да әлденеше рет қабылдаған. Оларды орындау барысында қызмет бабын теріс пайдалану, бюджет қаражатын қымқыру, су тораптарын сапасыз салу сияқты заң бұзу ере жүреді. Жергілікті баспасөз мұның бәрін «жеп қою» деген сленгпен сипаттайды.

АУЫЛДЫҢ 11 ПАЙЫЗЫ СУДЫ ТАСЫП ІШЕДІ

Жаңа бағдарламада көрсетілгендей, ауылдардың 40 пайызы ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Олар – суды сырттан таситын, орталық су құбырына қосылмаған немесе мүлдем су жоқ ауылдар. Үш миллионға жуық адам осындай ауылдарда өмір сүреді.

Оқырмандарға ыңғайлы болсын деп, 2009 жылғы халық санағында
Тұрғындар жел көмегімен жер астынан су шығаратын қондырғыны орнатып жатыр. Қарағанды, қыркүйек 2009 жыл

көрсетілген сандарды пайызға салып, қайта есептеп шықтық. Сонымен қазақ ауылдарында 1 678 992 шаңырақ бар. Олардың 18,7 пайызында су құбыры үйде, 14,2 пайызының су құбыры үйдің сыртында, 55 пайызы құдық не басқа да су көзін пайдаланады, 11 пайызы суды тасып ішеді.

Өкінішке қарай, Қазақстанда таза суды басқа да шаруашылық мақсаттарға пайдаланады. Өйткені суды ауыз су және техникалық мұқтаждықтарға жұмсалатын су деп бөлуге елдің бәрі бірдей дағдыланбаған.

АУЫЛДАҒЫ СУ ҚҰБЫРЫ

Суға байланысты бағдарламаны жүзеге асырғанда онда айтылған «проблемалы ауыл» деген ұғымды да ескеру керек. Өйткені ауылдағы тұрғын үйлердің 33,4 пайызы – шикі саман кірпіштен, 11,4 пайызы – ағаш пен қамыстан, 7,9 пайызы – ағаш не шпалдан, 5,6 пайызы – өзге материалдан салынған. Халық санағына сәйкес, бұл үйлерде аз дегенде 4,5 миллион адам тұрады. Ол үйлердің 8,3 пайызында ғана ішкі су құбыры, 12,3 пайызында ғана канализация бар.

Су құбырын саман кірпіштен, ағаш пен қамыстан салынған үйлерге тартудың не мәні бар? Су мәселесін кешенді түрде шешкен дұрыс емес пе? Ауылды сумен қамтамасыз ете отырып, үй жағдайларын да жақсарту тиімдірек емес пе? Әйтпесе мұның бәрі тағы бір ұран болып көрінеді. Мемлекеттің көмегі болмаса, ауылдағы тұрғын үй проблемасын шешу мүмкін емес. Бұған тіпті ипотекадан да қайыр жоқ, себебі оны ауыл халқының қалтасы көтермейді.

ЛАС СУ СОҒЫСТАН ДА ҚАУІПТІ

Қазақстанда судың сапасына халықтың өзі де аз әсер етпейді. Жергілікті экологтардың мәліметтеріне қарағанда, жыл сайын су қоймаларына 200 миллион текше метрден астам лас су құйылады.

Қазақстан қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мәліметі бойынша:
"Учхоз" ықшамауданындағы су көзі. Талдықорған, 9 маусым 2011 жыл.

«таза су» ретінде – 17 өзен, 2 көл, 4 су қоймасы;
«орташа ластанған су» – 24 өзен, 4 көл, 5 су қоймасы, 2 канал;
«ластанған су» – 9 өзен, 2 көл, 1 су қоймасы, 1 канал;
«лас су» – 1 өзен;
«аса лас су» – 1 көл;
«айрықша лас су» деп – 2 өзен аталады.

Оған қоса қазіргі су тазалаушы құрылғылар да тиісті стандарттарға дейін тазарта алмайды. БҰҰ-ның «Тазалық сақтау және ауыз су саласындағы прогресс» баяндамасында көрсетілгендей, (соғысқа, басқа да зорлық-зомбылық түрлеріне қарағанда) халықты көп шығынға ұшырататын – лас су.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес, барлық аурулардың 80 пайызы – судың сапасына байланысты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG