Accessibility links

Қазақстандық спортшылар Азия ойындарына қатысуға аттанды


Желтоқсанның 1-күні Қатар астанасы - Доха қаласында 15-і Азия ойындары басталады. Дүбірлі жарысқа құрлықтың 45 елінің үкілеп қосқан спортшылары қатысады.Бұл бәсекеде Қазақстан жалпыкомандалық есепте үшінші орын алуды мақсат тұтып отыр.

Дохадағы Азия ойындарында құрлық атлеттері спорттың 46 түрі бойынша жарысады. Ал қазақстандық спортшылар соның 31-де бағын сынап көрмек. Азия ойындарына қатысатын 45 мемлекеттің ішінде тек Жапония спортшылары ғана барлық ойын түрлерінде бар. Күн шығыс елінің спортшылары жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шығуға талпынып көрмек. Сарапшылардың пікірінше, Азия құрлығында әзірге Қытайға бәсекелес болатын ел кемде-кем. Азия ойындарына 338 спортшы апарған Қазақстан жалпыкомандалық есепте үшінші орынға таласуды жоспарлап отыр. Алайда спорт журналисті Несіп Жүнісбайұылының пікірінше, қазіргі таңда Қазақстанның төртінші орыннан көрінуін де үлкен жетістік деп бағалаған жөн.

- Азия құрлығында Қытайдан асқан спорт державасы жоқ. Қытай спортшылары Афиныдағы Олимпиада ойындарында алтын саны жөнінен екінші орын алды. Сонымен бірге, Жапония және Оңтүстік Корея командалары да әлемдік аренада үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Аталған үш команданың дайындығы мен спорт базалары да әлемдік стандарттарға сай келеді. Әзірге Қазақстанның оларды басып озуға мүмкіндігі жоқ.

Несіп Жүнісбайұлы Азия ойындарында Қазақстан 4-8 орындардың бірін иеленеді деген болжам айтады. Осы биіктіктен көрінудің өзі қазақстандық атлеттерге оңай соқпайтын көрінеді. Мамандардың пікірінше, қазіргі таңда Иран, Тайпей, Сауд Арабиясы және алаң иелері – Қатар мемлекетінде спорт дамып келеді.

Азия ойындарында Қазақстанның жүлде қорына боксшылар үлкен үлес қосуы мүмкін. Дохадағы жарыстарда республиканың 10 былғары қолғап шебері бағын сынап көрмек. Солардың ішінде Бақтияр Артаев, Ердос Жаңабергенов және Серік Сапиевтер алтын медалдан үмітті, дейді бокс бапкері Саян Естібаев:

- Менің ойымша, боксшылар алты жүлдеден кем алмауы тиіс. Ал оның екеуі алтын болуы мүмкін. Жоғарғы сапалы жүлдеге Артаев, Сапиев және Жаңабергеновтар таласатын шығар. Азия ойындарындағы біздің басты қарсыласымыз - Өзбекстан. Сонымен бірге, Үндістан, Тайланд елдерінде бокс дамып келеді.

Қазақстандық палуандар да Азия ойындарында жоғарғы жетістіктерімен көрінеді деген үміт бар. Желтоқсанның 1-күні Дохадағы алғашқы белдесулерді дзюдошылар бастайды. Боз кілемдегі бәсекелерде Елдос Ихсанғалиев және Асхат Жіткеевтер жүлделі орындарға таласуы мүмкін. Ал грек-рим күресі шеберлері болса жалпы командалық есепте бірінші орын алады деп жоспарланып отыр. Еркін күрес шеберлерінен екі жүлде күтеміз, дейді күрес бапкері Болат Жұмабайұлы:

- Қазіргі таңда Азия құрлығында бізден бөлек Иран, Оңтүстік Корея, Өзбекстан әжне Қырғызстан палуандары мықты. Қазақстандық грек-рим күресі шеберлерінің жалпы есепте бірінші орын алуға күштері жетеді. Еркін күрес палуандары да алқасыз қайтпайды. Грек-рим күресінен Әсембек Марғұлан және Нұрбақыт Теңізбаевтар алтынға таласуы керек. Ал еркін күрестен Куруглиев, Тұрғанбаев және Оразғалиевтерді атауға болады.

Азия ойындарына Қазақстан жеңіл атлетика бойынша ең көп спортшы жіберіп отыр – 29. Жеңіл атлетика шеберлері Дохадағы бәсекелерде 12 медаль жеңіп алуды жоспарлап отыр. Олардың арасында Афины ойындарының жүлдегері Дмитрий Карповқа құрлықта тең келетін онсайысшы жоқ дейді бапкерлер. Сондай-ақ, бұл додаға 17 жасында ауыр атлетикадан екі мәрте әлем чемпионы атанып, әлемдік рекорд жаңартқан Илья Ильин бара жатыр. Көркем гимнастикадан осы жылғы Азия біріншілігінде мүмкін болған алтын жүлденің барлығын тағынған құрлық чемпионы Әлия Жүсіпова да Доха ойындарының сәнін келтірмек. Велоспорт бойынша Олимпиада ойындарының чемпионы Зульфия Забирова жүлделі орындардан құр қалмайды деген үміт артады жанкүйер қауым. Қазақстандық нысана көздеушілер де құрлық бәсекелерінен алтын жүлдесіз қайтқан емес. Бұл орайда мамандар әлем чемпионатының жүлдегері Владислав Поляков бастаған суға жүзу шеберлері Қазақстан құрамасының қоржынын түрлі сапалы медалдармен көмкереді деп сеніп отыр.
XS
SM
MD
LG