Accessibility links

Армстронгтің ізінше “Астанаға” Винокуров та оралуы мүмкін


Америкалық велоспортшы Лэнс Армстронг - "Тур де Франс" турнирінің 7 дүркін жеңімпазы.
Америкалық велоспортшы Лэнс Армстронг - "Тур де Франс" турнирінің 7 дүркін жеңімпазы.

Қазақстанның велоспорт федерациясы мәртебелі “Тур де Франс” веложарысының 7 дүркін жеңімпазы, америкалық велоспортшы Лэнс Армстронг кәсіпқой “Астана” клубына қосылатынын мәлімдейді. Қазақстанның велоспорт федерациясының атқарушы директоры Александр Антышев Азаттық радиосына берген сұхбатында хабарлағандай, Армстронг “Астана” клубына қосылатынын сәрсенбі күні Нью-Йоркте ресми түрде жариялауға тиіс болатын.

Әйгілі велошабандоз Лэнс Армстронгтің кәсіби спортқа қайта оралып, сәрсенбі күні Нью-Йоркте Қазақстанның кәсіпқой “Астана” велоклубына қосылатынын ең алдымен Ассошиейтэд Пресс агенттігі хабарлады.

Қазақстанның велоспорт бойынша ұлттық федерациясының атқарушы директоры Александр Антышев Азаттық радиосына берген сұхбатында әйгілі велоспортшының қазақ клубына қосылатынын ресми түрде жариялауға тиіс болғанын растады. Бірақ ол ескерткендей, әзірше мұның бәрі де жалаң сөз, оның шынымен де қазақ клубына қосылатын-қосылмайтыны ресми мәлімдеуінен кейін анықталады.

А.Антышевтің сөзіне қарағанда, “Астана” велоклубын “Тур де Франс” немесе “Джиро Д`Италия” сынды мәртебелі халықаралық турнирлерге жіберуге Лэнс Армстронг пәлендей үлес қоспайды.

Бастапқы келіссөз бойынша, келесі жылы “Астана” клубы ең мәртебелі деген барлық 3 турнирге де қатысады. Сол себепті де Армстронг “Астана” клубына салмақ қоспайды, клубтың абыройын асыра қоймайды.

Дегенмен де Лэнс Армстронгтің “Астана” клубына келуі екіұшты ой туғызады. Біріншіден, әрине, оның спортқа оралуы елеулі оқиға.

Бірақ, -деп ескертеді Александр Антышев, - екіншіден, қазақтардың “бір қазанға екі қошқардың басы симайды” деген мәтелінде айтылғандай, егер Армстронг “Астана” клубына кіретін болса, онда тіпті теңдессіз жағдай қалыптасатын түрі бар – клубта бірден 3 лидер болады – испаниялық Альберто Контадор, америкалықтар Лайфаймер мен Армстронг, -деп мәлімдеді.

Егер де ұлы 3 велошабандоздың бірі “Джиро Д`Италия”, екіншісі – “Тур де Франс”, ал үшіншісі, мысалға соңғы жарыста Альберто Контадор жеңіске жеткен “Вуэльта” турнирінде жеңіп жатса, ол команданың беделі үшін де, Қазақстанның абыройы үшін де жақсы болады.

Александр Антышевтің сөзіне қарағанда, “Астана” клубында болған барлық келеңсіз жайттар жойылып, тәртіп орнатылды, қазір ешқандай проблема жоқ.

Сондықтан да, деп мәлімдейді Қазақстанның велоспорт федерациясының атқарушы директоры, - “Астана” велоклубын “Тур де Франс” турниріне қатыстыруға Армстронг ешқандай үлес қосқан жоқ.

Қазір “Астана” командасында Дмитрий Муравьев, Асан Базаев, Александр Яковлев, Берік Көкпешев, Андрей Мизуров сынды 8 велоспортшы бар. Бірақ олар клубтың жетекші спортшылары емес.

А.Антышевтің түсіндіруінше, бірден лидер болу оңай емес. Бірақ келесі жылдан бастап, көп дегенде 2 жылдан кейін қазақстандық велоспортшылар “Астана” клубының негізгі құрамында ойдағыдай өнер көрсете алады, -деп ойлайды.

Ал қазақ велоспортшыларының Бейжің Олимпиадасында сәтсіз өнер көрсетуін велоспорт федерациясының атқарушы директоры құрама командада лидердің болмауымен түсіндірді. Белгілі себептермен Александр Винокуров, Андрей Кашечкин сынды маңдайалды велоспортшылар Олимпиадаға жіберілмеді.

Винокуров пен Кашечкин сынды спортшылар жыл да туа бермейді, 10 жылда, тіпті 20 жылда бір-ақ рет туады.

А.Антышевтің сөзіне қарағанда, Бейжің Олимпиадасының дәл қарсаңында Халықаралық олимпиада комитеті допинг жанжалына байланысты спорттан аластатылғандардың жаза мерзімі Олимпиадаға дейін аяқталса да, оларды Бейжіңге жібермеу туралы шешім қабылдады. Ол шешім тек велоспортқа емес, барлық спорт түріне қатысты қабылданды.

Дегенмен де Қазақстанның велоспорт бойынша ұлттық федерациясының атқарушы директоры Александр Антышев Александр Винокуровтың “Астана” клубына қайта оралуға мүмкіндігі әлі де бар деп ойлайды.
XS
SM
MD
LG