Accessibility links

Мұғалім «қаламсап лақтырған» оқушының көзі әлі көрмейді


Мұғалім "лақтырған" қаламсаптан көзіне зақым келген оқушы Айбек Сарыбаев. Қызылорда облысы Арал ауданы Қамыстыбас ауылы, 6 сәуір 2016 жыл.

Мұғалім "лақтырған" қаламсаптан көзіне зақым келген оқушы Айбек Сарыбаев. Қызылорда облысы Арал ауданы Қамыстыбас ауылы, 6 сәуір 2016 жыл.

Былтыр күзде Қызылорда облысы Қамыстыбас ауылында мұғалім «қаламсап лақтырып», оқушының көзі зақымданды. Мұғалім ауыр айыппұл арқалап, жұмыстан кетті. Ал наразы ата-ана баласын мектепке әлі жібермей отыр.

«Қаламсап лақтыру» оқиғасы 2015 жылы қарашаның 12-сі күні болған. Арал ауданы Қамыстыбас ауылы №21 орта мектептің 6-сынып оқушысы Айбек Сарыбаевтың көзіне тарих пәні мұғалімі Қуаныш Аманова «лақтырған» қаламсап тиіп, оның сол көзі көрмей қалған. Мұғалім сот шешімімен жұмыстан кетті. Бірақ анасы оқушыны мектепке жібермей отыр. Ал «көзімнің қарашығы ағып кетті» деген Айбектің өзі «сабаққа барғысы келетінін» айтады.

Оқиғаға байланысты 2016 жылы қаңтардың 25-і Арал аудандық соты шешім шығарған. Судья Дидар Мұратбекұлының шешімінде «сотталушы Қуаныш Аманова кінәлі деп танылды, оған 1 миллион 585 мың 600 теңге айыппұл салынып, 5 жылға педогогикалық және кәмелет жасқа толмағандармен жұмыс істейтін лауазымдарды атқару құқығынан айырылды» деп жазылған.

Жергілікті мектеп директорының сөзінше, мемлекетке төленетін айыппұлдан бөлек, «айыпталушы жәбірленуші тарапқа 1 миллион 500 мың теңгенің моральдық шығынын және 72 мың теңгенің материалдық шығынын өтеуге міндеттелген».

«ҚАРАШЫҒЫМ АҒЫП КЕТТІ»

Қамыстыбас ауылындағы №21 орта мектептің 6-сынып оқушысы Айбек Сарыбаевтың өзі оқиғаны Азаттық тілшісіне:

- Соңғы сабақ болатын. Өте жақсы оқып келгем. 6-сыныптың 1-тоқсанында бейнелеу пәнінен төртке шықтым. Артымда отырған қыз «Байғұс, бейнелеуден 4-ке шығыпсың ғой» деді. «Неге байғұс дейсің?» деп артыма қарадым. Мұғалім «артыңа қарама» деді. Алдыма қарай бергенде қолындағы ручканы жіберіп қалды, - деп баяндады.

Айбектің айтуынша, «қаламсап сол көзіне тиген, көзінен жылымық бірнәрсе аққан». Ол оқиғаның мұнан кейінгі жай-жапсары туралы:

- Көзімнен бірдеңе аққанын айтып ем «тыныш отыр, әйтпесе екінші көзіңді ойып алам» деді. Ешкімге айтқан жоқпын. Ертеңінде мектепке келдім. Бір көзім көрмей қалды. Апайға айттым, керек қылмады, - дейді.

Дәрігерлер диагнозы бойынша Айбектің көзінің нерв жүйесі жансызданып қалған, бірақ өзі «қарашығым ағып кетті» деп ойлайтынын айтады.

- Қазір далаға, суыққа шықпаймын. Мамам күн жылынған соң мектепке жіберем деген. Сабаққа барғым келеді, - дейді ол Азаттыққа.

Айбектің анасы Аманкүл Сарыбаеваның пікірі:

ТАРАПТАР УӘЖІ

Азаттық тілшісі «қаламсап лақтырған» мұғалім Қуаныш Амановаға қоңырау шалды. Телефон көтерген, өзін «Дәурен Өмірзақұлы» деп таныстырған күйеуі «әйелінің қазір аяғы ауыр екенін, жүйкесіне салмақ түскенін, өткенді еске салмауға тырысатынын» айтып, тікелей тілдесуге қарсы болды. Оның айтуынша, «әйелі қаламсапты оқушыға қасақана жібермеген».

- Айбек артына қарап, маза бермеді деп оқушылар шағым жасаған. Қуаныш (әйелі – ред.) ескерту жасап, қолын сілкігенде қаламсабы шығып кетіп, көзінің үстіңгі қабатына тиген. Көзі ісініп бара жатқан соң, күшпен аудандық ауруханаға апардым, үш күн өткен соң. Одан Қызылордаға, Орынборға дейін қаратып келдім. Кешігіппіз. Дәрігерлер сөзінше, уақыт өте нерв жүйесі жанданады, сол кезде көзі көреді, - деді ол.

Дәурен Өмірзақұлы «Айбектің қарашығы сау екенін, қаламсап көздің үстіңгі тері қабатын зақымдап, іріңдегенін, нерв жүйесі соның кесірінен жансызданғанын» айтқанымен, жүйке талшығы қанша уақытта қалпына келетіні жайлы дәрігер болжамын баяндамады. Ал оқушы анасы Аманкүл Сарыбаева мұғалімнен бөлек, мектеп басшылығына да кінә артады.

- Мектеп басшылығы салғырттық көрсетті. Аудан мен облыс ауруханаларына сабылғанымда біреуі хабарласпады. Олимпиада өтіп жатқанын сылтау етті, мұғалім әрекетін жуып-шайды. Оқушы қауіпсіздігіне салғырт қарайтын басшылық тұрғанда баламды сабаққа жібермеймін, - деді ол.

Аманкүл Сарыбаева «мектеп басшылығы орнынан кетсе, екі аптаға болса да баламды мектепке жіберем. Әзірге өзім үйден оқытып жатырмын» деді.

Мектеп директоры Рысжан Әліпов бұл пікірмен келіспейді.

- Бала кешегі күнге дейін емделді. Күн жылығанда жіберем деген. Сынып жетекшісі барса, «қашан жіберетінімді өзім білем» депті. Ол кісімен бүгін (7 сәуір – ред.) сөйлестім. Өкпелі. Бізге қызметтік тексеру жасады ғой. Жазамызды алдық. Ол кісінің ойынша мұғаліммен бірге біз де кетуіміз керек. Қисынсыз талап қой, - дейді.

Мектеп директоры Рысжан Әліповтің пікірі:

Мектеп директоры мен оның екі орынбасарына аудандық білім бөлімі тәртіптік шара қолданған. Мұны Азаттыққа аудандық білім бөлімі өкілі хабарлады. Аты-жөнін айтудан бас тартқан қызметкер:

- «Бала сабаққа бармайды» деген не сөз? Барады. Әлі емделіп жүр. Біз күнделікті мектеппен хабарласып отырмыз. «Күн жылынғанда барады» деген. Болған оқиғаға байланысты мектеп басшылығы тәртіптік шараға тартылды. Екінші мәрте жазаланбайды, - деп қысқа қайырды.

Мектеп директоры Рысжан Әліпов «мектеп тарапынан кеткен кемшілік болғандықтан, әліптің артын бағып отырғанын» айтады.

- Әзірге әрекетке барғанымыз жоқ. «Ата-ананы көндірейік, баланы сабаққа қатыстырайық» деп отырмыз. Енді 10-15 күн күтеміз, болмаса білім бөліміне шығамыз. Бала құқығын ата-ана шектеп отыр, - дейді.

«САБАҚҚА ЖІБЕРМЕУ» ДАУЫНА ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫ ПІКІРІ

Алматыдағы мұғалімдер құқығын қорғайтын «Ар-намыс» қоғамдық ұйымының жетекшісі Ғалия Әміртаева баланы сабаққа жібермеу дауына қатысты:

- Мектепке белгілі уақытта келмесе, оқушы келесі сыныпқа көшірілмейді. Мектеп директоры ата-ана үстінен жергілікті әкімдікке шағымдана алады. Яғни ата-анасына тексерісі негізінде әкімшілік-құқықтық жаза тағайындатады. Ата-ана баланы сабаққа жіберуге міндетті,- деген пікір айтты.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның 111-бабында балаларын оқыту жөнiндегi мiндеттерiн дәлелдi себептерсiз орындамаған ата-аналарға айыппұл (5-10 АЕК) салынатыны жазылған.

Алматыдағы орта мектептегі оқиға деп жарияланған, мұғалімнің балаларды ұрып жатқан видеосынан алынған скриншот.

Алматыдағы орта мектептегі оқиға деп жарияланған, мұғалімнің балаларды ұрып жатқан видеосынан алынған скриншот.

2015 жылы оқушылардың өздері түсірген, мұғалім оқушыға қол көтерген бірнеше видео жарияланып, оларға іс қозғалған. Шымкент қаласындағы орта мектеп мұғалімі есеп шығара алмаған 11-сынып оқушысын ұрып, жұмыстан шықса, Алматыдағы мектепте мұғалім сабақтан кешіккен төрт оқушыға қол жұмсап, қызметінен босатылды. Оқушыға мұғалімнің жасаған әлімжеттігі туралы соңғы тіркелген оқиғалардың бірі - Алматыдағы оқушыға орындық көтертіп қойған оқиға. 2016 жылы наурыздың 1-і күні әлеуметтік желіде жария болған ол видеода мұғалім үй тапсырмасын орындамаған қыз балаға орындық көтертіп қойған. Азаттық тілшісі Қазақстанда мұғалім оқушы құқығын бұзған фактілер бойынша кейінгі үш жылда қанша іс қозғалғанын сұрап, Қазақстан бас прокуратурасына сауалхат жолдады.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

  • 16x9 Image

    Оңғар САЙМОСАЕВ

    Оңғар Саймосаев - Азаттықтың Қызылорда облысындағы тілшісі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG