Accessibility links

Балаларға қарсы қылмыстардың жиілігі және статистика


Қараусыз қалған балаларды оңалту орталығынан түсірілген фото. (Көрнекі сурет)
Қараусыз қалған балаларды оңалту орталығынан түсірілген фото. (Көрнекі сурет)

Астанада өткен брифингте «осы жылдың алты айында балаларға қарсы жасалған заң бұзушылық шамамен 30 пайызға азайған» деп хабарланды. Ал тәуелсіз құқық қорғаушының айтуынша, "іс жүзінде жұрт полиция мен билік көмегіне аз жүгінетін болған".

Бүгін Қазақстан президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар құқығын қорғауға арналған екінші брифинг өтті. Шілденің аяғында өткен бірінші брифинг құқық қорғаушы Евгений Цай «Қазақстанда бәрін пара шешеді, ал елде әділдік жоғарыға есеп беретін шенеуніктер өзінше бағалайтын тұрақсыз пішінге ие болған» дей бергенде үзіліп кеткен.

ОТБАСЫНДАҒЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ

Бұл жолы Астанадағы «Көмек» уақытша паналату орталығы директоры Анна Рыль журналистерге тұрмыстық зорлық-зомбылыққа балалар анасымен бірге көбінесе отбасында ұшырайтынын айтты. Оның айтуынша, биыл орталық көмегіне осындай 200-ден аса отбасы жүгінген, ал қазір орталықта жәбір көрген 47 отбасы бала-шағасымен тұрады. Құқық қорғаушының айтуынша, паналату орнына адам саудасы құрбаны болған алты бала түскен.

Бірақ брифингте Анна Рыль заңдағы «оң өзгерістерді» атап өтті. Қазақстан қылмыстық кодексіне балаларының тәрбиесіне жауапсыз қарағаны үшін ата-анаға жаза тағайындайтын бап енгізілген.

Егер ата-аналардың өз міндеттерін дұрыс орындамайтыны немесе балаға қатыгездік танытқан әрекеттері анықталса, ондай ата-ананың үстінен қылмыстық іс қозғалады.

— Егер полиция немесе кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар ата-аналардың өз міндеттерін дұрыс орындамайтынын немесе балаға қатыгездік танытқан әрекеттерін анықтаса, ондай ата-ананың үстінен қылмыстық іс қозғалады, - дейді Анна Рыль.

Білім және ғылым министрлігіне қарасты бала құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы Ержан Жиенбайдың дерегінше, биылғы жылдың алты айында кәмелетке толмаған жасөспірімдерді бейімдеу орталықтарына түскен 3 мың 838 баланың көбі - қараусыз және панасыз қалған балалар. Оның айтуынша, Қазақстанның бүкіл облысында мұндай 18 орталық бар.

Ержан Жиенбайдың сөзіне қарағанда, ведомство профилактика мақсатында балаларға зорлық-зомбылық көрсетуге қарсы, жақсы нәтижелерге бастайтын көптеген іс-шаралар мен науқандар өткізеді. Мысалы, бүгін ОКҚ брифингінде бас прокуратураның ақпаратына сәйкес, биылғы жылдың алты айында кәмелетке толмағандарға қатысты заң бұзушылық саны шамамен 30 пайызға азайғаны айтылды.

ҚҰРДАСТАРЫНЫҢ ӘЛІМЖЕТТІГІ

«Қамқорлық» қоғамдық бірлестігі жетекшісі Евгений Цайдың пікірінше, іс жүзінде жағдай бұлай емес әрі қиындыққа тап болған балалар көмек сұрайтын жер жоқ. Құқық қорғаушы «балаларға қатысты қылмыстың көбін құрдастары жасайды, ал бұл фактілерді балалар көмегіне жүгінген ересектер жасырып қалады» деп есептейді.

"Қамқорлық" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Евгений Цай. Астана, 30 шілде 2015 жыл.
"Қамқорлық" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Евгений Цай. Астана, 30 шілде 2015 жыл.

— Ұялы телефонын тартып алады, ақша бопсалайды, мұның бәрін шу шығармай, жасырып қалады. Қазіргі сәтте балалар полиция көмегіне жүгінбейді, өйткені еш қайыр жоғын біледі. Бопсалаумен балалар да, жасөспірімдер де айналысады. Компьютер клубтарынан шығып, өзара топтасып, төбелесіп жатқан балаларды жиі көремін. Талай полиция шақырдым, бірақ олар келмейді, - дейді Евгений Цай.

Құқық қорғаушының пікірінше, мемлекеттік органдар балаларға қарсы зорлық-зомбылық әрекеттерінің алдын алу ісіне салдыр-салақ қарап, жұмысын үстірт орындайды. Бұдан ертеректе Азаттыққа берген сұхбатында Евгений Цай «Қазақстанда адамгершілік мәдениеті қалыптаспағандықтан, балаларға қарсы қылмыс жасалады» деп мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG