Accessibility links

Атамбаев Қазақстан тарихы туралы да айтты


Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. Бішкек, шілде 2014 жыл.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. Бішкек, шілде 2014 жыл.

Алмазбек Атамбаев Қазақстанға сапары алдында берген сұхбатында қырғыз-қазақ тарихы, араб елдеріндегі төңкерістер, екі ел қатынасы жайлы айтты

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Қазақстанға сапары қарсаңында қазақстандық ресми БАҚ журналистеріне сұхбат берді.

Сұхбатында Атамбаев әуелі қырғыз бен қазақтың "түп-тамырын қараса, бір ел болғанын"; "тілі, діні ортақ халықтар екенін" айтты. "Біздің тіліміз ғана емес, түріміз де ұқсайды. Қиын кезеңдерде бір-бірімізге көмектесіп келдік. Кейде бір билеушілердің өз мүддесін ойлап, қос халықты бір-біріне қарсы қойғысы келген кездері де болды... Кейін келе ғана бөліндік. Әйтпесе, орыс, поляк, француз карталарында "қырғыз-қайсақ", яғни "қырғыз-қазақ территориясы" деп көрсетілген" деді Атамбаев.

Қырғыз лидері "Біз бауырлас Қазақстанмен, бауырлас Ресеймен міндетті түрде бір одақта болуымыз керек. Біз - ЕАЭО-ға (Еуразия Одағы) мүшелікке кандидатпыз. Біз кездескенде мен кезінде орыс, қазақ, қырғыз және басқа халықтардың территориясы бір болғанын, тарихының бір болғанын айтып отырамын. Тарихта әуелі түркі қағандығы, содан кейін ұйғыр, қырғыз қағанаттары болды, одан соң Алтын Орда, Орыс империясы, Совет Одағы болды. Мәселен, Қазақстан - Алтын Орданың тікелей мұрагері. Мұны ашық айтуымыз керек" деді.

Жақында Қазақстан президенті "2015 жылы Қазақстанның Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлайтынын" мәлімдеген еді. Кейбір сарапшылар мұны Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей президенті Владимир Путиннің Ресейдің "Селигер" жастар форумында "қазақтардың мемлекеттілігі болмаған" деген сөзіне "жауабы" ретінде бағалады.

Оқи отырыңыз: Қазақ мемлекеттілігі хақындағы Назарбаев пікірінің «эволюциясы»

Қырғыз президенті 1990-жылдары Қазақстан тарапынан Орталық Азия Одағын (ЦАС) құру туралы ұсыныс болғанын айта келіп, "сол кездегі Орталық Азия елдерінің басшылары бұл ұсынысты қолдамағанын, олары үлкен қателік болғанын" айтты.

Атамбаев бұған қоса Қырғызстан мен араб елдеріндегі революциялар жайлы айтып, революцияға "жеке-дара билеп төстеуге деген наразылық себеп болатынын" ескертті.

"Қырғызстанда 2010 жылғы қайғылы оқиғалардан бері біраз нәрсе өзгерді. Қырғызстан өзінің жолын тапты. 2005 және 2010 жылы бізде болған оқиғаларды ешкімнің басына бермесін (Қырғызстанда халық толқуларынан кейін 2005 жылы - президент Асқар Ақаев, 2010 жылы президент Құрманбек Бакиев биліктен шеттетілген - ред.). Он шақты араб мемлекетінде революция болды. Тек Тунис қана түзеліп келеді. Қалған елдерде революциялар қайталанып, кейбір елдер Ливия сияқты жоқ болуға айналып барады. Кейбір елдер екіге бөлініп жатыр. Украинада не болып жатқанын көріп отырмыз" деді ол.

Бішкек, 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Бішкек, 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

"Революцияның болуына қашан да биліктің өзі себепші болады. Егер билік халықты ойламай, өзін ғана, қалтасын ғана ойласа, революция болады. Украинадағы, араб елдеріндегі, Қырғызстандағы революциялардың себебі жеке дара билеп-төстеуден туындаған. Көпшіліктің басқаруы, әділ сайлау өткізу, биліктің қоғамға есеп беріп тұруы мұндайға жол бермейді. Билікті автоматтар мен пулеметтер, танкілер құтқара алмайды, тек халықтың сенімі ғана құтқарады. Мен ойлаймын, Қырғызстан демократия өркендеген ел болады" деді Атамбаев.

Қырғызстан басшысы Қазақстан тауар айналымы көлемі бойынша Қытай мен Ресейден кейінгі 3-орында тұрғанын, қазақстандық инвесторлар Қырғызстанға 1 миллиард долларға жуық қаржы салғанын да айтты. Атамбаев осы орайда Өзбекстанның кейбір экономикалық жобаларға мән бермей отырғанын да атап өтті.

Ол Қазақстанға сапарында энергетикалық және басқа да мәселелер бойынша келіссөздер жүргізетінін айтты. Атамбаев "Шынын айтайын, биыл бізде энергетикалық проблемалар болып жатыр. Газ жетпей, электр энергиясының [тұтыну] өлшемдері өсіп кетті. Мен білемін, Нұрсұлтан Әбішұлы бұл жағынан Қырғызстанға жәрдем береді" деді. Сұхбат арасында ол Қазақстан президенті Назарбаевты "ұлы адам" деп мақтап өтті.

Ақорданың баспасөз қызметі бұған дейін Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың қарашаның 6-7 күндері Қазақстанға мемлекеттік сапармен келетінін хабарлаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG