Accessibility links

Еуродепутаттар Козловты ауыстырмау себебін сұрады


Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов сотта отыр. Ақтау, 8 қазан 2012 жыл.

Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов сотта отыр. Ақтау, 8 қазан 2012 жыл.

Еуропарламент депутаттарының бір тобы қылмыстық-атқару жүйесі комитетін (ҚАЖК) оппозициялық саясаткер Владимир Козловты Петропавл қаласындағы түрмеден тұрғылықты жері Алматыға жақын маңға ауыстыруға шақырады. Ал ҚАЖК Еуропадан ондай хат алмағандарын айтады.

Еуропа парламенті депутаттарының бір тобы - Леонидас Донскис, Пол Мерфи, Соня Альфано, Франциска Келлер және Ана Гомес – Қазақстан ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) төрағасы Бауыржан Бердалинге хат жазып, оппозициялық саясаткер Владимир Козловты Петропавл түрмесінен Алматыға жақын маңға ауыстыруды сұрады.

Еуропарламент депутаты Пол Мерфи. Алматы, 19 шілде 2011 жыла.

Еуропарламент депутаты Пол Мерфи. Алматы, 19 шілде 2011 жыла.

Олар жазасын өтеп жатқан оппозициялық саясаткер Козловты Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан Алматы қаласына таяу түрмеге ауыстырудан бас тартудың нақты себебін түсіндіруге шақырды.

2012 жылдың қазан айында Ақтау қаласындағы сот «Алға» оппозициялық партиясының жетекшісі Владимир Козловты «әлеуметтік араздықты қоздырды, Жаңаөзендегі оқиғаға қатысы бар» деген айыппен жеті жарым жылға соттады. Ол жазасын Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Петропавл қаласындағы түрмеде өтеп жатыр. Козлов өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Үкімді қайта қарау туралы Қазақстан жоғарғы сотына дейін жолдаған өтініштері нәтиже бермеді.

Солтүстік Қазақстан облысының климаты қытымыр – бұл жақта қыста 40 градустан төмен аяздар жиі болады. Оның жақтастарының айтуынша, 53 жастағы Козловтың денсаулығы нашарлап, бұрыннан бар созылмалы дерттері түрмеде асқынып кеткен.

ДЕПУТАТТАР ХАТЫ

Еуропарламент депутаттарының хатында «Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының мәлімдеуінше, Козловқа тиісті медициналық көмек көрсетілмейді» деп жазылған.

Әлеуметтік желілерге жарияланған бұл хаттың авторлары «Бізге оның денсаулығы нашар екені, аяғы ауыратыны, қан қысымы жоғары болғандықтан, миына қан құйылу қаупі бар екені белгілі болды» деп жазады.

Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбекова. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл.

Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбекова. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл.

Европарламент депутаттары «Петропавл түрмесіне түскелі халықаралық бақылаушыларға Козловпен кездесуге рұқсат берілмеген. Енді оның денсаулық жағдайын бағалау үшін халықаралық бақылаушылар Козловпен жолығуы тиіс» дейді.

Еуропарламент депутаттары «Козловтың аяғы ауыр әйелі Әлия Тұрысбекованың Қазақстанның оңтүстігінен солтүстігіне жол жүруі де қиындайды» деген алаңдаушылық білдірген.

Еуропалық депутаттар «Алматы мен Петропавл қалаларының арасы алыс, әрі қыста ауа райы бұзылып кетеді. Козловтың алты айлық жүкті әйелі Әлия Тұрысбекованың бұдан ары күйеуімен кездесуге баруы қиындайды. Петропавлда жазасын өтеп жатқан Козлов жақында дүниеге келетін баласы мен әйелін көре алмайды, демек өзіне тиісті құқығын пайдалана алмайды» деп жазған.

РЕСМИ УӘЖ

ҚАЖК баспасөз қызметінің жетекшісі, полковник Ғалымжан Хасенов Азаттық тілшісіне Еуропа парламенті депутаттарының Козловты Петропавл түрмесінен Алматыға жақын жерге ауыстыру туралы хатын қызметтік құжаттардан да, ақпараттық агенттік сайттарынан да көрмегенін айтады. Ол бұл мәселе жөнінде түсінік беруден бас тартты.

Жаңаөзен оқиғасынан кейін Ақтауға барған Владимир Козлов полицеймен сөйлесіп тұр. Ақтау, 21 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзен оқиғасынан кейін Ақтауға барған Владимир Козлов полицеймен сөйлесіп тұр. Ақтау, 21 желтоқсан 2011 жыл.

Бұдан бұрын Әлия Тұрысбекова күйеуін тұрғылықты жеріне жақын түрмеге ауыстыру туралы өтініш берген. Оның бұл өтініші қанағаттандырылмағаны туралы Азаттық радиосы жазған еді. ҚАЖК ол кезде Тұрысбекованың өтінішін қанағаттандырмау себебін «бас бостандығынан айырылған адам бүкіл жаза мерзімін бір мекемеде өтеуі тиіс» деген заңға сілтеме жасап, түсіндірген.

ҚАЖК-ның Әлия Тұрысбековаға жазған жауабында «Сотталған адам науқас болса немесе оның жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі туындаса және өзге де ерекше жағдайларда жаза мерзімін одан әрі өтеу үшін басқа колонияға ауыстыруға рұқсат беріледі» деп жазылған.

Бірақ Козловты Алматыға жақын маңға ауыстырудан бас тартудың мұндай негіздемесіне оппозиционердің әйелі де, Еуропа парламентінің депутаттары да сенбейді. Депутаттар ҚАЖК төрағасына жазған хаттарында «мұндай шешімнің қабылдану себептерін білгісі келетіндерін» жазады.

Еуропа депутаттары «жоғарыда баяндалған жайттарды ескере отырып, Козловты Алматыға жақын орналасқан түзету мекемесіне ауыстыру туралы шешім шығару қиындық тудырмауы тиіс» деп жазады.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG