Accessibility links

«Ауған соғысын Украинамен салыстыруға болмайды»


35 жыл бұрын, 1979 жылы желтоқсанның 24-і күні СССР Ауғанстанға әскер кіргізуге шешім қабылдады. Сол соғысқа қатысқан қазақстандық ол елге «отанын қорғау үшін барғанын» айтады.

СССР Ауғанстанда «интернационалдық әскери жәрдем көрсетеміз» деген желеумен 1979-1989 жылдары жүргізген соғысқа 620 мыңға жуық совет жауынгері қатысып, оның 15 мыңнан астамы қаза тапты. Ол ұрысқа Қазақ ССР-інен апарылған 22 мың сарбаздың 924-і мерт болды.

Ауған соғысына 1979 жылы желтоқсанда алғашқы лекпен барған сондай жауынгерлердің бірі – Алматы қаласының тұрғыны Абзал Темешов. Ол Азаттыққа берген сұхбатында майданға кіретінін ақырғы сәтте білгенін айтады.

Азаттық: – Ауған соғысына аттанған сәтіңіз есіңізде ме?

Абзал Темешов: – Әрине, есімде. Міндетті әскери борышымды өтеп келген кезім еді. Үйленгенмін, әйелім жүкті болатын. 1979 жылы желтоқсанның 27-сінде бір сержант пен офицер келіп, мені үйден алып кетті. Қайда баратынымызды айтқан жоқ. «Әскери тәртіп солай» деді. Әскерден келгеннен кейін есепке тұрғанда кез-келген сәтте жаттығуға шақыртылуымыз мүмкін екенін ескерткен. Сондай жаттығудың бірі болар деп қамсыз аттандық. Алматының шетіндегі әскери бөлімдердің біріне апарып, әскери мамандықтарымызға қарай бөлді. Бірыңғай запастағы әскерилерді шақырған екен. Түнімен астыртын қару-жарақ тиелді, бір түн әскери техниканың ішінде отырдық. Ертеңіне ГРЭС-ке (қазіргі Өтеген батыр кенті – ред.) апарып, сол жерден бір полкті эшалонмен аттандырды.

Азаттық: – Қайда бара жатқандарыңызды білмедіңіздер ме?

Cовет армиясы қатарында Ауғанстандағы соғысқа қатысқан қазақстандықтар. Сурет «Партизандар» деректі фильмінен алынды.

Cовет армиясы қатарында Ауғанстандағы соғысқа қатысқан қазақстандықтар. Сурет «Партизандар» деректі фильмінен алынды.

Абзал Темешов: – Бәлкім, командирлеріміз білсе білген шығар, бірақ тіс жармады. Біз «жаттығуға барамыз» деп қуанып та жүрдік. 1980 жылы қаңтардың 1-інде Ауғанстанмен шекарадағы Термез қаласынан түстік. Сол жерде құрлықтағы әскердің қолбасшысы генерал Соколов «Ауғанстанның өтініші бойынша әскери интернационалдық көмек көрсететінімізді» айтты. Әрине, қобалжу болды. Бірақ ол кезде патриоттық тәрбиеге ерекше назар аударылатын еді. Саяси қызметкерлер жігерімізді жанып жіберді.

Азаттық: – Ауғанстанға кірерден бұрын жаттығу өткізді ме?

Абзал Темешов: – Үш күн ғана жаттығып, қаңтардың 4-і күні Ауғанстанға кірдік. Бізде броньды жилет те, жібі түзу әскери киім де болмады. Тәжірибенің жоқтығы, совет әскерінің соғыс тактикасы Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына жарамайтынын алғашқы кезден-ақ белгілі болды. Қаңтардың 13-і күні бірінші рет ауғандықтармен қақтығыстық. Олар қару-жарақтарының нашарлығына қарамастан күтпеген жерден шабуыл жасады. Сонда көптеген жауынгер қаза болды. Кейбірі тәжірибе жоқтықтың салдарынан өліп кетті. Өз минометтерін өздері жарып алып, төрт-бес жауынгердің күл паршасы шыққанын көрдім. Осы шайқаста мен де бір ажалдан қалып, жеңіл жарақаттандым.

Азаттық: – Алғашқы ұрыстан кейін Ауғанстанға соғысқа келгендеріңізге өкінбедіңіздер ме?​

Ауғанстандағы совет әскері. 15 қазан 1986 жыл. (Көрнекі сурет)

Ауғанстандағы совет әскері. 15 қазан 1986 жыл. (Көрнекі сурет)

Абзал Темешов: – Ол кезде жас едік. Жолдастарымыздың өлімінен кейін кек алғың келетіндей әсер болады. Мұны соғыс психологиясы дейді. Кез-келген нәрсеге етің өледі. Термезден кірген соң Ауғанстанның Толакан, Құндыз, Файзабад секілді аудандарын совет әскерінің бақылауына өткіздік. Бір жарым айдан кейін мен елге қайттым.

Азаттық: – Сізді елге тез қайтаруына не себеп болды?

Абзал Темешов: – Алғашқы кезде запастағы жауынгерлердің тәжірибесін пайдалануды көздеген сияқты. Оның үстіне солдаттардың өлімі көбейіп, елге денелері қайта бастады. Ел ішінде сөз көбеймес үшін отбасылары бар запастағы жауынгерлерді тез қайтарды. Біз қайтқанда «тәжірибесіз жас солдаттармен қалай соғысамыз» деп командирлеріміздің уайымдағанын көрдім.

Біз қайтатынымызды да білген жоқпыз. Бірден әкетті. Сөйтіп өң мен түстің арасында қалдық. Үсті-басы тозып, тотыққан солдаттарды Алматыда әскери округ басшыларының бірі Сағадат Нұрмағамбетов қарсы алып, алғыс айтты. Шені төмен офицерлердің бірін жіберсе де болатын еді. Бірақ ол кісі соғыс көрген адам болғандықтан, жағдайды түсінген шығар. Әрі қарай бір жарым ай бұрын кеткен жерімізге әкеліп, бұрынғы киімдерімізді берді де үйімізге жеткізіп тастады.

Азаттық: – Ауған соғысына қатысып қайтқандарыңызды айтуға тыйым салынды ма?

Совет әскеріне қарсы соғысқан ауғандар. Сурет 1980 жылы түсірілген.

Совет әскеріне қарсы соғысқан ауғандар. Сурет 1980 жылы түсірілген.

Абзал Темешов: – Қатаң тыйым салынды. 10 жылға дейін ашық айта алмадық. «Ауған соғысына қатысқан» деген куәлікті 1989 жылы алдым. Онда да сол кездегі атақты академик Сахаровтың «запастағы әскерилердің соғысқа қатысқанын ресми түрде мойындау керек» деген мәлімдемесінен кейін бізді Ауған соғысына қатысқандардың қатарына қосты. Ал тұрақты әскер қатарында жүргендерге ондай статус бірден берілген еді. Совет үкіметі Ауған соғысы алдында мобилизация жасағанын, бейбіт азаматтарды соғысқа қатыстырғанын білдіргісі келмеді.

Азаттық: – Сіздің Ауғанстанға кеткеніңізді туған-туыстарыңыз білмеді ме?

Абзал Темешов: – Кейін қаза болған солдаттардың денелерін әкеле бастағанда біліпті. Өзім айтпадым. Әйеліме бір рет хат жазып, амандығымды білдіргенмін. Бірақ конверт сыртындағы кері адрес жазатын жерде «Адресім – Совет одағы» деген жазу ғана болатын.

Азаттық: – Қазір Украинаның шығысында соғысып жатқан сепаратистік күштер қатарында Ресей әскерилері жүргені жиі айтылады. Бірақ Ресей оны жоққа шығарады. Украина әскері қолына түскен ресейлік солдаттардың қайда бара жатқанын білмегендерін айтқан видеолары да жарияланды. Бұл жайт өзіңіздің Ауғанстанға кірген кезіңізді еске түсірмей ме?

Абзал Темешов: – Біз Ауғанстанға отанымызды қорғаймыз деп кірдік, сондай сенімде болдық. Оны Украинадағы жағдаймен салыстыруға болмайды.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG