Accessibility links

Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев енді су тарифымен айналыса бастады


Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, (сол жақта),Монополияға қарсы қоғамдық комитеттің төрағасы Петр Своик. Алматы, 4 наурыз, 2009 жыл.
Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, (сол жақта),Монополияға қарсы қоғамдық комитеттің төрағасы Петр Своик. Алматы, 4 наурыз, 2009 жыл.

Осы жылдың наурыз айынан бастап Алматыда заңды тұлғалар үшін судың бағасы күрт шарықтап кеткеніне кәсіпкерлер наразы. Олардың ойынша, судың бағасы көтерілсе, ізінше барлық қызмет көрсету мен азық-түлік түрлерінің бағасы да өседі.

Дәл осы мәселеге қатысты наурыздың 4-інде өткен баспасөз мәслихатында, Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен монополияға қарсы қоғамдық комитеттің төрағасы Петр Своик қаладағы су шаруашылығына жауапты кәсіпорындардың судың тарифін негізсіз көтергенін айтып, премьер-министр Кәрім Мәсімовке ашық хат жолдады.

«Біздің Ашық хат жазуымызға оңтүстік астанадағы Алматы қалалық кәсіпкерлер қауымдастығы мен Қазақстанның Журналистер Одағына шағын және орта бизнес өкілдерінің атынан келіп түскен көптеген хаттар мен шағымдар түрткі болып отыр. Онда ақпан айында заңды тұлғаларға негізінен, кәсіпкерлік құрылымдарға сумен қамтамасыз еткені үшін бұрынғы бағадан 10 есе артық төлем келгені туралы жазылған» делінген ашық хатта.

Мұнан бөлек, олардың айтуынша, бұрындары су мәселесін бір өзі шешіп келген «Водоканал» МКК-ның негізінде еншілес үш кәсіпорынның (су шығарумен айналысатын «Су желісі», суды жеткізумен айналысатын «Бастау» және су құбырларын реттейтін «Тоспа су» кәсіпорны) басын құрап отырған «Алматы Су Холдингі» МКК құрылған. Шенеуніктердің бірі осылайша кәсіпкерлер қалтасынан жұмыссыздық мәселесін шешудің амалын тапса, бір жағынан, терлемей-ақ майлы шелпекке ие болғысы келген шенеуніктердің мүддесіне дөп келді дейді олар.

«Міне, бірнеше көрсеткіш. Қазіргі таңда Алматыда 55 мың кәсіпкерлік құрылым бар. Және оларға бір ғана техникалық қызмет көрсетілуінің құны 20 мың теңгені құрайды. Нәтижесінде 1 млрд 100 млн теңге шығатынын қиындықсыз білуге болады. Мұндай қаржымен жаңа бизнес ашқан тамаша ғой!» делінген үндеуде.

«Азат» партиясы төрағасының орынбасары Петр Своик мұны билік орындарының немқұрайлығы деп бағалайды.

Бұл Табиғи монополияны реттеу агенттігі мен Антимонополиялық мекеменің біліксіздігі мен әрекетсіздігінің жемісі. Жылу, жарық және сумен қамтамасыз ететін коммуналды кәсіпорынның құрылымы антимонополиялық заңнамаға сәйкес келмейді. Ал олардың жүргізіп отырған тарифтік саясаты нақты экономика мен өндіру технологиясы, жеткізу және тұтыну қызметтерінен мүлде алшақ жатыр.

Ал аталмыш мәселеге қатысты түсініктеме берген «Алматы су Холдингі» МКК-нің атқарушы директоры Қуанышкелді Базилов үндеуде жазылған мәліметтерді жоққа шығарады.

- Біріншіден, судың бағасы 10 есе емес, 5 есе көтерілді. Екіншіден, бізде 55 мың кәсіпкерлік құрылым жоқ. Бұл көрсеткіш нақты есептен 8 есе артық көбейтіліп кеткен. Ал техникалық жағдайға келсек, 8500 заңды тұлғаның барлығынан ешкім оны сұрап жатқан жоқ. Бұл тек екі жағдайда ғана сұралады: бірі – заңды мекені өзгеріп кеткенде, екіншісі – сол заңды мекенінде кәсіпкерлігін өзгертіп жіберген кезде. Үшіншіден, тарифқа біздің еншілес кәсіпорындардың жұмысшылары кіргенде. Бізде 3 мыңнан астам жұмысшы бар. Қаланың су шаруашылығын басқару жүйесін жетілдіру керек. Су холдингін құрудағы мақсат та сол,- деп жауап берді.

Бұл мәселе жайлы Алматы қалалық кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Виктор Ямбаев Азаттық радиосының тілшісіне былай дейді:

"Бүгінгі таңда Алматыда шамамен 60 мың тіркелген кәсіпорын бар. Олардың 30 мыңы жұмыс істеп тұр. Ал тариф болса, 5,8 есе көтерілді. Алғашында «Водоканал» тарифті 10 есеге көтеруді жоспарлаған еді. Алайда Алматы қалалық кәсіпкерлер қауымдастығының сарапшылары бұл көрсеткіштің «екі еден бір қабырға» формуласынан шыққан қорытынды екенін айтты. Тарифтің есебі арқылы ешқашан да коммуникацияны ауыстыру мүмкін емес. Бұл үшін мемлекеттен арнайы инвестициялар бөлінуі тиіс. Ал енді «Водоканалдың» ақшасының қайда кеткені – бұл Есеп комитеті мен құқық қорғау орындарының шаруасы. Мемлекеттік кәсіпорында мұндай қарыздар қайдан пайда болды?

Бізге табиғаттың өзі-ақ таусылмас су көзін сыйлаған. Оны тиімді пайдалану туралы бос әңгімелер айтылып жатқанда, «Водоканалға» оның 40 пайызын мынау боркемік құбырлар мен жарамсыз инфраструктура және су ресурстарын ысыраппен пайдаланудың «арқасында» жоғалтып жатқанын ескерткім келеді»

Егер судың бағасы осылайша көтерілсе, онда оның соңынан азық түлік пен тауарлар бағасының тағы қымбаттауы мүмкін екенін сарапшылар жоққа шығармайды.

Үндеу иелері егер премьер-министрден еш жауап болмаса, президентке де хат жазамыз деп отыр. Одан қалса, қала әкімінің отставкаға кетуін талап етеміз дейді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG