Accessibility links

Қазақстанда тойға еуропалықтардан көп шашылады


Жас жұбайлар. (Көрнекі сурет)
Жас жұбайлар. (Көрнекі сурет)

Шетелдік банк зерттеуі бойынша қазақстандықтар үйлену тойына орта есеппен 2 миллион теңге жұмсайды. Қаражат көбіне несиеге алынады. Алайда жас жұбайлардың 30 пайызға жуығы ажырасып кетеді.

Тамыз айында «Хоум Кредит Банк» филиалдары орналасқан Қазақстан, Чехия, Словакия, Беларусь, Ресей, Қытай, Вьетнам – жиыны 7 елдегі той шығынын зерттеген. Ол бойынша қазақстандықтардың тойға жұмсайтын қаражаты еуропалықтар шығынынан асып түскен.

Зерттеу қорытындысы бойынша, ең қымбат дастарханды қазақстандықтар жасайды (бір қонаққа - 100 АҚШ доллары). Көлік кортежінің шығыны бойынша да Қазақстан (мың доллар) бірінші тұр. Мейрамхана жалдауға ең көп төлейтіндер - ресейліктер (орта есеппен 10 мың доллар) болса, қалыңдықтың киіміне аса қатты мән беретін қытайлықтар (орта есеппен 2 мың 500 доллар) екен. Зерттеуде қалыңдық көйлегіне орта есеппен мың доллар жұмсайтын қазақстандықтар Ресейден кейінгі үшінші орынды алған.

Банк мамандарының сөзіне қарағанда, әлемдегі жас-жұбайлардың 29 пайызы той шығынын өздері көтереді. Ал 71 пайызы әке-шешесі мен туған-туыс көмегіне жүгінеді. Ал Қазақстан, Ресей, Вьетнам мен Беларусьта бұл мәселе банктен несие алу арқылы шешіледі.

36 МЫҢ ДОЛЛАРЛЫҚ «ЕСТЕЛІК»

Азаттық тілшісі Қазақстандағы қыз ұзатып, келін түсірудің басқа елдерден айырмашылығы бар екенін ескеріп, той жасаған азаматтармен әңгімелескен еді. Алматының 25 жастағы тұрғыны Ермектің үйленгеніне екі ай болды. Әкесінен ерте айырылған жігіт той шығынын өзі көтерген.

Қазақстандағы неке қию. (Көрнекі сурет)
Қазақстандағы неке қию. (Көрнекі сурет)
- Қалыңдығымды алып қашпай, Тараздан құда түсіп алдым. Алматыдан оншақты адам бардық, барлығының жол шығыны, барғандағы киіті, қалыңдықтың анасына беретін қалың малы - барлығына 10 мың доллар кетті. Ол жақта мейрамханада қыз ұзату тойы өтті, оның қаншаға шыққанын білмеймін, - дейді Ермек.

Ол той жасау үшін банктен несие алуға, мініп жүрген жеңіл көлігін сатуға мәжбүр болған.

- 4 миллион теңге (26 мың доллардан асады) несие алуға тура келді. Алматының жоғарғы жағындағы тәуірлеу мейрамханаға (дастарханды қоса есептегенде) 950 мың теңге кетті. 200-ден аса қонақ келді. Тамада мен әншілерге 10 мың доллар төледім. Бес лимузинге 150 мың теңге (1 мың доллар) кетті. Той кезінде таратылатын ұсақ-түйек сыйлықтар, фотограф пен оператор қызметіне тағы кетті. Сөйтіп алған несием сол тойда-ақ бітті. Бірақ өкінбеймін, той деген естелік қой. Әлі күнге дейін туыстарым мен достарым «сенің тойың күшті өтті» деп отырады, - деді Ермек мақтанышын жасырмай.

Оның айтуынша, несиені енді үш жыл төлеуі тиіс, ай сайын банкке 130 мың теңге төлеп келеді. Жас жігіт «тұрақты жұмыс болса, бұл түк емес» дейді.

АЛМАТЫДАҒЫ КӨЙЛЕК ПЕН КӨЛІК ҚҰНЫ

Азаттық тілшісі Алматыдағы қалыңдық көйлектерін сататын салон иелерімен сөйлесіп көрді. Олардың айтуынша, Қазақстанда қалыңдықтар көйлекке 50-250 мың теңге шамасында қаржы шығындайды.

Қыз ұзату тойы. Сурет 2011 жылғы 6 тамыз күні Батыс Қазақстан облысында түсірілген. Жүктеген адам: Марал Рахметоллақызы.
Қыз ұзату тойы. Сурет 2011 жылғы 6 тамыз күні Батыс Қазақстан облысында түсірілген. Жүктеген адам: Марал Рахметоллақызы.
Алматыдағы той көйлегі салонының иесі Мөлдір Атыханова еуропалық бренд көйлектерді жалға берумен айналысады.

- Мен ұзатылған кезде Италия көйлектерін іздедім, бағасы 500 мың теңге екен. Ақшам жетпеді. Кейін 300 мың теңгенің көйлегін алдым. Қазір мен тойға киетін бренд көйлектерді 70-80 мың теңгеге жалға берумен айналысамын, - дейді ол.
Ал Алматы қаласындағы екінші бір салонның иесі Айгүл «қазіргі қалыңдықтардың 50 мың мен 250 мың теңге арасында тұратын көйлектерді таңдайтынын» айтады.

- Қалыңдықтар көбіне көзге бірден түсетін, ерекше көйлектерді таңдайды. Ұзатылып жатқан қыз көйлектің бағасын мүлде ойламайды. Себебі көйлекті бізде күйеу бала алады. Қалыңдық көйлегіне 500 мың теңгеге дейін жұмсайтындар бар, - - дейді Айгүл.

Алматыда лимузиндер мен қымбат көліктерді жалға берумен айналысатын автосалон өкілі «той иелерінің кем дегенде екі лимузин жалдайтынын» айтады.

- Алматыда қыс айларынан басқа кезде той аптаның бейсенбісінен басталады. Біздің көліктердің құны – сағатына 20 мың теңге. Той иелері көбінше екі лимузин алады. Мәселен, екі сағат қаланы араласа, 80 мың теңге төлейді. Әрине 5-10 машинаға дейін тапсырыс беретіндер де бар, бірақ ондайлар көп емес, - дейді Александр есімді автосалон өкілі.

Қазақстандағы той көліктерін YouTube желісінен алынған мына видеодан көре аласыз:

Қазақстандағы той көлігі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:19 0:00

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ТОЙДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Алматылық тұрғын Жанна - 250 орындық мейрамхананың иесі. Ол қазақстандықтардың тойды «қонақтардан ұят болмасын» деген принциппен жасайтынын айтады.

Одан бөлек, кәсіпкер қазақстандықтардың дастархан мәзірін таңдаудағы «ерекшеліктерін» де айтып өтті.

- Алдымен қарайтындары - залдың іші, одан кейін - меню. Бірақ менюдегі тамақтардың құрамына емес, сырт көрінісіне назар аударады. «Әдемі көрінсін» дейді. Арақ-шарапты да арзан алмайды. Сосын қазақстандықтар «қонақтардан ұят болмасын» деп барлық тамақты, жеміс-жидекті, арақ-шарапты көбірек алады, - дейді Жанна.

Оның айтуынша, «Алматыдағы мейрамханалар бағасы - орта есеппен бір адамға 3 мың -5 мың теңге».

Қазақстанда 2011 жылы 160 мың неке қиылса, 2012 жылы 152 мыңнан астам жұп отау көтерген. Статистикалық деректерге қарағанда, жас үйленген жұбайлардың 30 пайызға жуығы бір жыл ішінде ажырасып кетеді.
XS
SM
MD
LG