Accessibility links

Ұлттық құрамаға кірмейтін чемпион


Ауыр атлет Жасұлан Қыдырбаевтың әлем чемпионатынан алтын алған сәті. Алматы, 14 қараша 2014 жыл.

Ауыр атлет Жасұлан Қыдырбаевтың әлем чемпионатынан алтын алған сәті. Алматы, 14 қараша 2014 жыл.

Ауыр атлетикадан Алматыда өткен әлем чемпионатында күтпеген жерден алтын алған Жасұлан Қыдырбаев (94 килограмм) Азаттыққа спорттағы жолы һәм жеке өмірі жайлы айтып берді.

22 жастағы Жасұлан Қыдырбаев спортпен 13 жасынан айналыса бастаған. Алғашында грек-рим күресінің үйірмесіне қатысқан. Ауыр атлетика секциясына спорт саласында жұмыс істейтін туысының кеңесімен ауысқан екен.

- Әу баста Талғарда грек-рим күресі үйірмесіне барып жүрдім. 2006 жылы Алматыдағы Қаркен Ахметов атындағы спорт мектебіне түстім. Сол кезде ауыр атлетикадан олимпиадаға даярлау орталығында жұмыс істейтін ағам Бекен Бекмұхамбетов ауыр атлетикамен айналысқанымды құп көрді, - дейді ол.

2008 жылы Жасұлан Шымкентте өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында 1-орын алған. 2011 жылы Бішкекте өткен Қаныбек Османәлиев атындағы халықаралық турнирде 1-орын алып, алғаш рет шетел мамандарына танылды. 2011 жылдың соңында Таиландта өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына қатысып, 94 килограмм салмақ бойынша алтын медаль ұтты.

- Алғашқы бапкерім Дәурен Әділғазин маған сенді. Бапкерімнің жаттығуларда мені қатты қинаған кездері де болды. Бірақ мен оған шыдадым. Таиландтағы Азия чемпионатында жеңіске жеткенімде қатты қуандым. Сол кезде бапкерім «бұл басы ғана» деп арқамнан қаққан еді, - дейді Жасұлан Қыдырбаев.

ДОПИНГ ДАУЫ

2012 жылы мамыр айында Жасұлан Қыдырбаев Арубада (Гватемала) өткен жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысып, қола жүлде иеленді. Ол сол жылы қараша айында Мьянмада өткен жастар арасындағы Азия біріншілігінде бас жүлдені жеңеді.

Жасұлан Қыдырбаев. Алматы, 14 қараша 2014 жыл.

Жасұлан Қыдырбаев. Алматы, 14 қараша 2014 жыл.

​Алайда 2013 жылдың қаңтар айында Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Мьянмада өткен жарыста Жасұланның қанынан допинг табылғанын хабарлап, оны екі жыл спорттан шеттетті. Жасұлан алтын медалін қайтарып берді.

- Допинг мәселесіне ешкімді кінәламаймын. Қалай болғанын, допингтің қалай шыққанын әлі түсінбей жүрмін. Екі жыл спорттан шеттетілсем де, жаттығуды тастамадым. “Бұл қалай болды?” деп қатты қиналған кездерім де болды. Бірақ өзімді сабырмен жеңдім. Екі жыл өте шықты. Сол уақыт ішінде үйлендім, бала сүйдім, - дейді әлем чемпионы.

Бір қызығы, Қыдырбаевты спорттан шеттету мерзімі 2014 жылы қарашаның 11-і күні аяқталды. Яғни, кесімді мерзім біткеннен төрт күн өткенде, қарашаның 15-і күні ол Алматыда әлем чемпионы атанды.

АЛМАТЫДАҒЫ ЖЕҢІСІ ЖАЙЛЫ

Жасұлан Қыдырбаев Алматыдағы әлем чемпионатына 94 килограмм салмақ категориясы бойынша қатысты. Әлем чемпионы қоссайыс қорытындысы бойынша 408 килограмм көтерді. Осы салмақ категориясы бойынша күміс медальді тағы бір қазақстандық атлет Владимир Седов (407 кг) алды. Қыдырбаев жарысқа шыққан күні Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына ата-анасы, жары, баласы және достары келіп қолдау көрсетті. Спортшы «әр шыққан сайын әкемнің көзіндегі сенімнен күш алдым» дейді.

Әкемнің менен көзін алмай тура қарап отырғанын байқадым. Бұл маған күш берді.

- Әлем чемпионатында жүлде алатыныма сендім. Зілтемірді көтеруге шыққанда әкем мен анам тура алдымдағы трибунада отырды. Әкемнің менен көзін алмай тура қарап отырғанын байқадым. Бұл маған күш берді. Ал анам мен жарым жеңген кезімде қуанғаннан жылап тұрды. Әлем чемпионы екенімді енді сезініп жатырмын. Бұйырса, бұл - менің жетістіктерімнің басы,- дейді Жасұлан Қыдырбаев.

«ИЛЬИН КОМАНДАСЫНЫҢ» ІШІНДЕГІ БӘСЕКЕ

Қазақстан ауыр атлетикасында 94 килограмм салмақ категориясы бойынша спортшылар арасында бәсеке қатты. Бұл салмақта 2009 жылғы әлем чемпионы, осы жолы күміс медаль алған Владимир Седов; 2008 жылғы Азия чемпионы (Оңтүстік Корея), 2013 жылғы әлем чемпионатының (Польша) күміс жүлдегері Алмас Өтешов бар. Қыдырбаев мұндай бәсеке спортшы ретінде дамуына көп септігін тигізгенін айтады.

- Өтешов, Седов үшеуіміз бір салмақтамыз және бір залда жаттығамыз. Ол екеуі - жарыста қарсыласым болғанымен, өмірде ағаларым. Жарыста кім мықты шықса, шын жүректен құттықтап жатамыз, - дейді ол.

Жасұлан Қыдырбаев (оң жақта) пен бапкері Ержас Болтаев (сол жақта). Алматы, 14 қараша 2014 жыл.

Жасұлан Қыдырбаев (оң жақта) пен бапкері Ержас Болтаев (сол жақта). Алматы, 14 қараша 2014 жыл.

​Илья Ильин, Жасұлан Қыдырбаев, Владимир Седов, Алмас Өтешов Тараз қаласында бірге жаттығады. Қазақстан ауыр атлетикасында бірнеше әлем чемпионын шығарған танымал бапкер Алексей Ни «тобынан» бөлек жаттығатын бұл шоғыр бейресми түрде «Илья Ильиннің командасы» атанып кеткен.

Енді екі жылдан кейін Рио-де-Жанейро олимпиада ойындары өтеді. 94 килограмм салмақ бойынша бұл олимпиадаға Қазақстаннан тек екі спортшы қатысуы тиіс. Олимпиадаға барудан Қыдырбаевтан бөлек, Өтешов те, Седов та үміттенеді. Ал бапкерлер үш спортшының да олимпиадаға қатысуға мүмкіндігі тең екенін айтады.

- Олимпиада алдында кім мықты болады - сол Рио-де-Жанейроға барады. Бір айтарым, осы олимпиадада 94 килограмм салмақ категориясы бойынша алтын мен күмісті Қазақстан алуы үшін барымызды саламыз, - дейді Жасұланның бапкері Дәурен Әбілғазин.

ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАҒА КІРМЕЙТІН ЧЕМПИОН

Жасұлан Қыдырбаевтың жаттығуға кететін, жарыстарға баратын шығындарын демеушілері төлейді.

- Қазақстан үкіметі ұлттық құрамадағы спортшыларға айлық төлейді. Ал Қыдырбаев ұлттық құрама мүшесі емес, мемлекеттен стипендия алмайды. Оны материалдық тұрғыда Жамбыл облысының спорт басқармасы қамтамасыз етіп келеді, - дейді спортшының тағы бір жаттықтырушысы Ержас Болтаев.

Ал Қазақстан ауыр атлетика федерациясы өкілдері «Қыдырбаевты әлем чемпионатын ұтқан спортшы ретінде ұлттық құрамаға қабылдау мәселесі міндетті түрде қаралатынын, атлетке мемлекеттен қолдау болатынын» айтты.

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл марапаттау рәсімінде. Алматы. 14 қараша 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл марапаттау рәсімінде. Алматы. 14 қараша 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Жасұлан Қыдырбаев Азаттық тілшісімен әңгімесінде «бос уақытымды жарым мен кішкентай қызым - Мәриямның жанында өткізгенді қалаймын. Қолым тие қалса, араб тілін үйреніп, құран аударғанды ұнатамын» деді.

Жасұлан Қыдырбаевтың келесі жарысы 2015 жылы өтетін Азия чемпионаты мен Хьюстондағы әлем чемпионаты болмақ.

Қарашаның 8-16-сы күндері Алматыда өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Қазақстан үш алтын, екі күміс медальмен 3-орын алды. Зүлфия Чиншанло (58 кг), Жасұлан Қыдырбаев (94 кг) және Илья Ильин (105 кг) чемпион атанды. Ал Жазира Жаппарқұл (69 кг) мен Владимир Седов (94 кг) күміс жүлде иеленді. 1-орын - Қытайға (4 алтын, 1 күміс, 6 қола), 2-орын Солтүстік Кореяға (4 алтын, 1 күміс, 3 қола) бұйырды.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG