Accessibility links

Қазақстан бюджеті олимпиаданы көтере ала ма?


Алматыда өткен қысқы Азия ойындарының жеңімпаздарын мараттауға дайындалып тұрған қызметкер. Алматы, 1 ақпан 2011 жыл.
Алматыда өткен қысқы Азия ойындарының жеңімпаздарын мараттауға дайындалып тұрған қызметкер. Алматы, 1 ақпан 2011 жыл.

Алматы олимпиада өткізуге үшінші рет өтініш берді. Азаттық тілшісі Олимпиада ойындарын өткізуге жұмсалатын шығынды есептеп көрді.

Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) 2022 жылы өтетін қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге үміткерлерден өтініш қабылдауды тоқтатты.

Қысқы ойындарды өткізуге алдымен Қазақстан (Алматы) өтініш берді. Қазақстанмен бәсекеге Норвегия (Осло), Украина (Львов), Швеция (Стокгольм), Қытай (Пекин және Чжанцзякоу), Польша және Словакия (Краков және Ясна) түседі.

ХОК 2022 жылғы қысқы олимпиада өтетін қала туралы түпкілікті шешімін 2015 жылы шілденің 31-і күні өтетін сессиясында қабылдайды.

СОЧИДІ ҚУЫП ЖЕТІП, БАСЫП ОЗАМЫЗ БА?

Олимпиада ойындарын өткізу - қыруар ақша жұмсалатын қымбат шара. Ең қымбат жазғы олимпиада ойындары 2008 жылы Пекинде өтті.

Оған 43 миллиард доллар жұмсалды. 2012 жылы Лондон олимпиадасын өткізу 15 миллиард долларға түсіп, Афина-2004 ойындарына 11,6 миллиард доллар кетті. Туринде 1996 жылы өткен қысқы ойындарға 3 миллиард 500 миллион доллар, 2010 жылғы Ванкувер Олимпиадасына 6 миллиард доллар жұмсалды. Олимпиада-2014 ойындарын өткізуге 50 миллиардқа жуық доллар шығаруды жоспарлап отырған Ресейдің Сочи қаласы рекорд жасады.

Сочиде салынып жатқан олимпиада нысандары. Сочи, 18 ақпан 2013 жыл.
Сочиде салынып жатқан олимпиада нысандары. Сочи, 18 ақпан 2013 жыл.
Соңғы кезде халықаралық деңгейдегі ірі жарыстарды өткізуден үміткерлер арасындағы бәсеке «қалтасы қалыңдардың» жарысына айналып барады.

Кәдімгі «кім көп ақша жұмсайды, кім суперзаманауи спорт нысандарын көбірек тұрғызады, кім инфрақұрылымға көбірек ақша салады» деген бақастық. Бұл бәсекеде көбінесе қаржысын аямағандар жеңеді.

Олимпиада ойындарын өткізуге қыруар қаржы жұмсаған мемлекет әдетте басқа салалардың бюджетін қысқартуға немесе қосымша салықтар енгізуге мәжбүр болады. Мысалы, қысқы ойындарды өткізген соң Жапонияның Нагано қаласының бюджеті рецессияға ұшырады. Канада билігі Ванкуверде ойындар өткізу үшін денсаулық сақтау және мәдениет саласына бөлінетін бюджетті қысқартуға мәжбүр болды.

Олимпиадалық ойындардан түсетін экономикалық табыс оған құйылған қаржыны көбінесе ақтамайды. Әсіресе жаңадан салынған қымбат нысандар пайдасыз болып қалады. Олимпиада ойындарынан кейін көбінесе бос тұратын оларды күтіп ұстауға жыл сайын миллиондаған қаражат қажет болады.

СПОРТ САРАЙЛАРЫ ҚАНША ТҰРАДЫ?

Олимпиада ойындары өтетін спорт кешендері - қымбатқа түсетін нысандар. Азаттық тілшісі құрастырған кестеде Ванкувер мен Сочи қалаларындағы кейбір олимпиадалық нысандардың құны көрсетілген.

Стадиондар Ванкувер Сочи
құны (доллар) сыйымдылығы құны (доллар) сыйымдылығы
Олимпиада стадионы 820,0 млн. 55 000 адам 778,7 млн. 40 000 адам
Мұз стадионы
244,1 млн. 18 630 302,9 млн. 12000
Коньки жарысы аренасы 192,2 млн. 8 000 197,3 млн. 8000
Трамплин 134,2 млн. 12 000 270,0 млн. 7500
Шана-бобслей трассасы 117,7 млн. 12 000 280,8 млн. 5000
Мәнерлеп сырғанау, шорт-трек айдыны 67,0 млн. 16 281 277,7 млн. 12000

Көріп отырғанымыздай, заманға сай спорт сарайларының құрылысына қыруар қаржы жұмсалады. Кеткен шығынды, әсіресе жемқорлық жайлаған қоғамда ақтау өте қиын. Алматы мұнша қыруар қаражат шығаруға әзір ме? Бұл 2015 жылы, ХОК-тің сессиясындағы қала презентациясында белгілі болады.

Алматыдағы қысқы Азия ойындарына арнап салынған шаңғы трамплинддері. (Көрнекі сурет)
Алматыдағы қысқы Азия ойындарына арнап салынған шаңғы трамплинддері. (Көрнекі сурет)
Оның үстіне, олимпиада нысандарын салу немесе қайта жаңарту құны көбінесе болжанған сомадан асып кетіп жатады. Мысалы, Қазақстанның республикалық бюджетін орындауды бақылайтын есеп комитетінің дерегіне қарағанда, 2009 жылы Азиадаға арналған жеті нысанның құрылысы мен қайта жаңартуға мемлекет 30 миллиард 500 миллион теңге жұмсауды жоспарлаған. Ең соңында бұл сома 4,3 есеге өсіп, 132 миллиард 400 миллион теңге болған. Комитет Азиада ойындары үшін әкелінген тауарлардың бағасы да 2-5 есе асыра көрсетілгенін мәлімдеді.

МЮНХЕН ОЛИМПИАДАДАН БАС ТАРТТЫ

Референдумнан кейін немістің Мюнхен қаласы 2022 жылдың қысқы олимпиадасын өткізуге таласудан бас тартты.

Мюнхендіктердің жартысынан көбі экологиялық себептермен қатар, қазына қаржысын „шашуға” қарсы болған. Олимпиада өткізу идеясын Швейцарияның Граубюнден кантоны (ауданы) тұрғындары да құптамады. Олар „жасылдар” қозғалысының „өңірдің экологиясына зиян келіп, кантон пейзажы бұзылады” деген уәжін қолдаған.

Лиллехаммер қаласында өткен 17-қысқы олимпиададан көрініс. Норвегия, 26 ақпан 1994 жыл.
Лиллехаммер қаласында өткен 17-қысқы олимпиададан көрініс. Норвегия, 26 ақпан 1994 жыл.
Ал тағы бір үміткер Осло 2022 жылдың қысқы ойындарын 5 миллиард 320 миллион долларға өткізуді ұсынады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Норвегияның ұлттық олимпиада комитетінің өкілі Пер Тоиен „Біз өте ықшам, бюджеті аз олимпиада өткізуді жоспарлап отырмыз” деп мәлімдеді. Ауқатты норвегтер әр центін есептеп отыр.

Бірақ экономикасы қиындыққа ұшырамаған Германия, Норвегия, Швейцарияда жұмыссыздық деңгейі де төмен, әлеуметтік бағдарламалары да әлемдегі ең үздіктер қатарында.

АЛМАТЫ НЕ ҰСЫНА АЛАДЫ?

Қысқы олимпиада ойындарын өткізуге Алматы үшінші рет талпынып отыр. Алматы өткізуден үміттенген 1994 жылдың ойындары Норвегияның Лиллехаммер қаласына берілді. Ал келесі бәсекеде Алматы Сочиден жеңілді.

2011 жылы Алматы мен Астана қалалары қысқы Азиада ойындарын бірлесіп өткізді.

Ал 2017 жылы Алматыда қысқы универсиада өтеді. Италия үкіметі экономикалық дағдарысқа байланысты Тренто қаласын үміткерлер тізімінен алып тастауды ұйғарған соң, универсиада ойындарын өткізуге Алматымен таласатын ешкім болған жоқ.

Алматы. (Көрнекі сурет)
Алматы. (Көрнекі сурет)
Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті сайтының хабарлауынша, «2017 жылғы универсиаданы өткізуге Алматы 950 миллион доллар жұмсамақ».

Алматы қаласында жабық стадион, екі мұз айдыны тұрғызылып, халықаралық әуежай терминалы, студенттер қалашығы, олимпиада деревнясы құрылысын аяқтау қажет. Алматы әкімінің бұрынғы орынбасары, қазір парламент депутаты Серік Сейдумановтың пікірінше, «жаңа жұмыс орындары ашылып, спорт кешендерінің бәрі Алматыға қалатындықтан, бұған қаланың шамасы жетеді».

Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің вице-президенті Павел Новиков Алматының олимпиада өткізу құқығына ие болу мүмкіндігін «жоғары» деп бағалайды.
XS
SM
MD
LG