Accessibility links

Әблязовтың әйеліне Қазақстаннан шығуға рұқсат берілді


Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева мен қыздары Алуа.

Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева мен қыздары Алуа.

Қазақстан билігі Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаеваға шетелге шығуға рұқсат берді. Ол "виза ашуға құжат өтізгенін, жақын күндері шетелге кететінін" айтты.

Қазақстанның тергеу орындары Мұхтар Әблязовтың әйеліне ешқайда кетпеу туралы қолхатпен шетелге шығуына тыйым салған еді. Енді Алма Шалабаеваға материалдық кепілмен шетелге шығуға рұқсат берілді.

Оған қарсы "жалған құжат жасатты" деген айыппен қозғалған қылмыстық іс уақытша тоқтатылған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов тергеу орындарының шешімі туралы: «Бүгіннен бастап Шалабаева өзі қалаған кез келген мемлекетке кете алады» деп мәлімдеді.

Алма Шалабаеваға Азаттық тілшісі телефонмен хабарласқанда ол қызымен бірге әуежайда екенін айтты. Әблязовтың әйелінің айтуынша, "Еуропа елдерінің біріне виза ашу үшін Астанаға ұшпақ". Ол "Жаңа жыл мерекесіне дейін Еуропаға жетіп, балаларыммен жүздесетін шығармын" дейді.

- Екіұдай сезімдемін. Бір жағынан балаларды көретініме қуанып, екінші жағынан - неге кетуге рұқсат бере қалғандарын түсінбей тұрмын. Олары Мұхтармен байланысты шығар деп болжаймын. Қобалжып та тұрмын. Туыстарым қатты қуанды. Анам Жаңа жыл мерекесін отбасыммен қарсы алуымды тілеп жүрген еді. Бүгін ол кісі жылады. Әкем Паркинсон сырқатымен ауырса да "Балаларыңмен бірге болғаның дұрыс қой" деп отыратын. Ата-анам солай қуанып отыр. Жағдай осындай, — деді Алма Шалабаева.

Алма Шалабаеваның адвокаты Инесса Киселева.

Алма Шалабаеваның адвокаты Инесса Киселева.

Алма Шалабаеваның адвокаты Инесса Киселева Азаттыққа "Әблязовтың әйеліне шетелге шығуға рұқсат берілгенін, бірақ органдар шақыртқан бетте тергеуге келуге міндетті екенін" айтты.

- Шалабаева тергеу орындарына балаларына бару үшін елден шығуға бірнеше мәрте арыз түсірген. Оның кәмелет жасқа толмаған ұлы шетелде қалған еді. Әуелде тиісті органдар арыздарын қанағаттандырмай келді. Қазір тергеу орындары оған тағылған айыптың ауыр емес екенін ескеріп отыр. Шетелге шыққаннан кейін ұстатпай кетеді деген болжам жоқ. Сондықтан оған рұқсат берілді, - дейді Киселева.

Алма Шалабаеваның тағы бір адвокаты Нұрлан Үстеміровтің сөзіне қарағанда, шетелге шықпау туралы тергеу орындары қаулысын өзгертуге бірнеше апта бұрын арыз берілген.

- Арыз берілгеннен бір апта өткенде бізге келісім берілетіні айтылды. Жауап келгеннен кейін біз оларды қузай бастадық. Тергеуші Алматыға ұшып келіп, кепілге қойылатын мүлік жайын келісіп, алдыңғы күні және кеше сол құжаттарды рәсімдедік, - дейді ол.

Адвокаттардың айтуынша, кепілге Алма Шалабаеваның Алматыдағы туыстарының жылжымайтын мүлкі қойылған.

Мұхтар Әблязовтың әйелі мен кәмелетке толмаған қызы Қазақстанға 2013 жылы маусым айының басында әкелінді. Депортацияның алдында оларды Италия полициясы арнайы операциямен тұтқындады. Мамырдың 31-і күні жергілікті полиция Алма Шалабаева мен Алуа Әблязованы Рим (Италия астанасы - ред.) қаласындағы тұрып жатқан үйлерінен ұстады. Кейінірек Италия үкіметі бұл депортацияның заңсыз екенін мәлімдеді. Осы оқиға бойынша Италия ішкі істер министрлігінің шенеунігі кінәсін мойындап, жұмысынан босатылды. Шалабаеваның депортациясы туралы іс Италия парламентінде қаралып, бұл оқиға Италия ішкі істер министріне сенімсіздік жариялануына түрткі болды.

Мұхтар Әблязов.

Мұхтар Әблязов.

Бұрынғы банкир, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынайтын Мұхтар Әблязовты Қазақстан үкіметі экономикалық қылмыстар жасады деп айыптайды. 2013 жылы маусымның 31-і күні ол Францияның Муан-Сарту қаласында ұсталды. Қазір Әблязов Францияда қамауда отыр. Қазақстан, Ресей және Украина оны Франциядан экстрадициялауды сұрап отыр.

Мұхтар Әблязов өзіне қарсы қозғалған істердің саяси астары бар деп мәлімдеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG