Accessibility links

WikiLeaks жариялайтын құпия құжаттарда Орталық Азиядағы коррупция айтылуы мүмкін


WikiLeaks веб-сайтының көрінісі.

WikiLeaks веб-сайтының көрінісі.

WikiLeaks сайты жақын арада АҚШ мемлекеттік департаментінің мыңдаған құпия құжаттарын жариялауға дайындалып жатқаны туралы мемлекеттік департамент пен Пентагон АҚШ Конгресіне ескертті. Ақпарат агенттіктері бұл құжаттар әлемдегі кейбір елдер үкіметтерінің өзара байланысы мен коррупция туралы болуы мүмкін деп отыр.


Қарашаның 24-і күні АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Филип Кроули бұл құжаттарды жариялау «АҚШ мүддесіне нұқсан келтіріп, америкалық дипломаттар мен дүниежүзіндегі достарымыз арасында қарым-
АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Филип Кроули. Вашингтон, 12 ақпан 2010 жыл.
қатынасқа салқынын тигізеді» деп мәлімдеді.

WikiLeaks сайтының нақты қандай құжаттарды жарияламақ болып отырғаны әзірге белгісіз. Сайттың Twitter-дегі блогында 3 миллионға жуық құпия құжаттар жарияланатындығы ғана айтылған. Рейтер ақпараттық агенттігі бұл құжаттарда Ресей, Ауғанстан және Орталық Азиядағы постсоветтік елдердің билік органдарындағы коррупцияға қатысты ақпарат болуы мүмкін екендігін жазып отыр.

WikiLeaks сайты бұл құпия құжаттар бойынша Англияның «Гардиан», Американың «Нью-Йорк таймс» және Германияның «Шпигель» басылымдарымен кеңесіп жатқаны айтылып отыр. Бұған дейін WikiLeaks сайты Ауғанстан мен Иракқа қатысты өзі жариялаған жүздеген құжаттарды осы басылымдарға берген.

Вашингтонда орналасқан Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының қызметкері Эдвард Люттвактың пікірінше, WikiLeaks сайты әлгіндей құжаттарды жұртқа белгілі басылымдар арқылы жариялауға мүдделі.

– WikiLeaks қызметкерлері бұл құжаттар көпке танымал, беделді басылымдарда жариялағанда әсерлі болатындығын жақсы түсінеді. Жалғыз интернет-сайтқа шығару сенсация жасауға аздық етеді. Ал WikiLeaks болса осы басылымдардың жәрдемімен өзіне бедел жинап, Ирак, Ауғанстан немесе Пәкістандағы жергілікті жұрттыболашақта өздерімен ақпарат-деректермен бөлісуге көндіруді көздейді. Қазіргі заманғы өзін-өзі жарнамалау технологиясы осындай, – деді Эдвард Люттвак «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының орыс редакциясына.

Биыл WikiLeaks сайтында әуелі Ауғанстандағы соғысқа қатысты 70 мыңнан
WikiLeaks сайтының иесі Джулиан Ассандж Ирақтағы соғысқа қатысты интернетте жарияланған құпия құжаттар туралы әңгімелеп тұр. Лондон, 23 қазан 2010 жыл.
астам, одан кейін Ирақтағы әскери қимылдарға байланысты 400 мыңнан астам құжат жарияланған соң АҚШ, Ауғанстан және Ирак үкіметтері сайттың әрекетін сынап, ондағы кейбір деректерді жоққа шығаруға тырысты.

Сонымен бірге, осыған дейін WikiLeaks сайтының бұрынғы жұмыстарын қолдап келген журналистер құқығын қорғайтын «Шекарасыз репортерлер» ұйымы да сайтта шыққан құпия деректер шетелдік күштермен бірге жұмыс жасап жатқан ауғандықтардың өміріне қауіп төндіреді деген алаңдаушылық білдіріп, бұл сайтты сынға алды.

Тамыз айында Швеция прокуратурасы «әйел зорлады» деген күдікпен WikiLeaks сайтының иесі Джулиан Ассанджды қамауға алуға ордер берген еді. Арада аз ғана уақыт өткенде Джулиан Ассанджды айыптауға негіз жоқ деп мәлімдеген швед прокуратурасы айыпты қайтып алған-ды.

Алайда қыркүйектің басында прокуратура оған әлгі айыпты қайта тағып, қараша айында швед билігі 39 жастағы Джулиан Ассанджға халықаралық іздеу жариялады.

Австралия азаматы Джулиан Ассандж өзін айыптауға еш негіз жоқ екендігін мәлімдеп, мұны «қорқыту әрекеті» деп бағалайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG