Accessibility links

Генералдар Су-30СМ ұшағын сатып алуды қолдайды


Су 30 ұшағы. Ресей. (Көрнекі сурет)

Су 30 ұшағы. Ресей. (Көрнекі сурет)

Жуырда Қазақстан әскери-әуе күштері Ресейде шыққан жаңа техника алуы мүмкін. Су-30СМ жойғыш ұшағын мақтаған қазақ генералдары «мұндай техниканы сатып алу тиімді әрі ұтымды» дейді.

Жуырда Қазақстан қорғаныс министрлігі әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы, авиация генерал-майоры Нұрлан Орманбетовтің Ресейдің Иркутск қаласына сапармен барып, авиация зауытында болғанын хабарлады.

ӘУЕ КҮШТЕРІ БАС ҚОЛБАСШЫСЫНЫҢ РЕСЕЙГЕ САПАРЫ

Қазақстан қорғаныс министрлігі хабарламасында «Жаңадан шыққан авиациялық техниканың қыр-сырын үйрену үшін Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің әскери-әуе күштеріне қарасты авиация бөлімдерінің бір топ ұшқышы мен инженер-техник маманы Иркутск авиация кәсіпорнына келді. Оларды бір ай бойы ресейлік әріптестері үйретеді» деп жазылған.

Қазақстандық ұшқыштар Ресейдің Су-30СМ жойғыш ұшағымен ұшуды үйренеді. Таяуда Қазақстан әскери-әуе күштері маневрлігі жетілдірілген Су-30СМ жойғыш ұшақтарын алады.

«Ведомости» газетінің жазуынша, Қазақстанға төрт Су-30СМ ұшағын сату келісіміне қол қойылған. Жоспар бойынша, олар Қазақстанға биыл жіберіледі. Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымы (ҰҚКҰ) аясында бекітілген келісімшарттарға сәйкес, Ресей ұшақтарды өзінің әскери-әуе күштеріне сататын бағаға жуық шамада сатады. «Ведомости» басылымының жазуынша, 2020 жылға дейін Ресей Қазақстанға Су-30СМ жойғыш ұшағының 36 данасын сатуы әрі бұл мәміленің жалпы құны екі миллиард доллардан асуы мүмкін.

СУ-30СМ ҰШАҒЫ

Азаттық тілшісі авиация генерал-майоры Нұрлан Ораманбетов пен Қазақстан әскери-әуе күштері әскери-техникалық базасының негізін қалаған авиация инженері, отставкадағы генерал-майор Сармантай Нұрғажиннен Ресейдің әскери техникасын сатып алуға қатысты комментарий сұрады.

Қазақстан әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Нұрлан Орманбетов. Алматы, 12 қараша 2014 жыл.

Қазақстан әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Нұрлан Орманбетов. Алматы, 12 қараша 2014 жыл.

Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, авиация генерал-майоры Нұрлан Орманбетовтің Азаттық тілшісіне айтуынша, Ресейдің Су-30СМ ұшақтары «жаңа соғыс техникасымен қаруланудың жаңа кезеңі басталуына байланысты» сатып алынған.

«Қазақстан неліктен Ресейдің әскери техникасын таңдады?» деген сұраққа генерал Нұрлан Орманбетов «Өйткені Ресей мен Қазақстанның әуе шабуылынан қорғану жүйесі біртұтас, өзара байланысты. Оның үстіне, біздің қару-жарақтарымыз әуе шабуылынан қорғану жүйесі аясында ғана емес, ҰҚКҰ (ОДКБ) аясында да бірлесіп жұмыс істейді.Сондықтан қару-жарақты да біртіндеп сәйкестендіріп келеміз. Екі елдің қару-жарағы бірдей болуы тиіс» дейді.

Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының айтуынша, тактикалық-техникалық сипаттамалары жағынан Су-30СМ жойғыш ұшағы - «қазіргі кезде ең жетілген қару» болып есептеледі.

- Ресей Федерациясының өзі қаруланып отырған техникамен біздің де қаруланғанымыз жөн. Бұл - әскери-әуе күштеріміздің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ететін, қазіргі заманға сай көп функциялы ұшақ, - дейді генерал-майор Нұрлан Орманбетов.

Авиация саласының инженері, отставкадағы генерал-майор Сармантай Нұрғажин Қазақстанға Ресейден заманға сай Су-30СМ жойғыш ұшағын сатып алу экономикалық тұрғыдан да тиімді деп есептейді.

- Әскери саладағы ынтымақтастық келісіміне сәйкес, Ресей бізге оларды өзінің қарулы күштеріне сататын бағамен беріп отыр, - дейді ол.

Оның айтуынша, Су-30СМ жойғыш ұшағы - бұрынғы Су-27 жойғышының жетілдірілген түрі.

Отставкадағы генерал-майор Сармантай Нұрғажин. Алматы, 26 қыркүйек 2013 жыл.

Отставкадағы генерал-майор Сармантай Нұрғажин. Алматы, 26 қыркүйек 2013 жыл.

- Бірақ Су-27 ұшағы әуеде ғана жұмыс істей алады, яғни «ауа-ауа» класындағы зымырандармен жарақтанған ол әуедегі нысаналарды ғана атуға қабілетті. Ал картаға түсіретін каналы бар Су-30СМ-нің радиолокациялық көздегіші жердегі нысаналарды да «көре алады». Ол енді шабуылдаушы штурмовик ретінде жер бетіндегі нысаналарды көздеп, соққы бере алатын ұшақ. Яғни ол әрі шабуылдаушы, әрі жойғыш ұшақ ретінде қос міндетті бірдей орындай алады, - дейді генерал Нұрғажин.

Авиация инженері Нұрғажиннің пікірінше, тактикалық-техникалық мүмкіндігі жағынан Су-30СМ - шетелдің осыған ұқсас ұшақтарынан кем түспейтін, ал кейбір қасиеті жағынан, әсіресе маневр жасаудағы ептілігі жағынан тіпті асып түсетін ұшақ.

Авиация генералы Сармантай Нұрғажиннің айтуынша, Қазақстанның әуе күштерінде иелігінде Су-27С жойғыш ұшағының 28 данасы болған. Кезінде оларды генералдың өзі қабылдап алған. Қазақстан әуе күштерінің қолындағы бұл ұшақтардың үшеуі апатқа ұшыраған. Үшіншісі былтыр күзде күйреген.

Генералдың айтуынша, СУ-27Сұшағы әуедегі нысаналарды ғана атып түсіре алатын тосқауылдаушы-жойғыш ұшақтардың төртінші буыны болып саналады. Оның орнын басатын жаңа Су-30СМ жойғыш ұшағы 4+++ буынына жатады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG