Accessibility links

Елеусінов "Қазақстан салмағында" алтын алды


Данияр Елеусінов олимпиада алтынын алған сәт. Рио-де-Жанейро. 17 тамыз 2016 жыл.

Данияр Елеусінов олимпиада алтынын алған сәт. Рио-де-Жанейро. 17 тамыз 2016 жыл.

Бокстан 69 килограмда Қазақстан боксшысы Данияр Елеусінов олимпиада чемпионы атанды. Қазақстан бұл салмақта төртінші олимпиада қатарынан үздік шықты.

Қазақстан төртінші олимпиада қатарынан бокстан 69 килограмм салмақта алтын медаль иеленді. Финалда Данияр Елеусінов өзбекстандық 23 жастағы Шахрам Гиясовты жеңді. Үш төреші де бірінші, екінші раундта басым ұпай санын Қазақстан боксшысына, үшінші раундта Өзбекстан спортшысына берді.

Данияр Елеусіновтің қарсыласы Гиясовтың соққысынан қорғанып жатқан кезі. Рио-де-Жанейро. 17 тамыз 2016 жыл.

Данияр Елеусіновтің қарсыласы Гиясовтың соққысынан қорғанып жатқан кезі. Рио-де-Жанейро. 17 тамыз 2016 жыл.

Елеусінов қорғана жүріп қарсы шабуылға шығып, көбірек дәл соққы жасаумен болды. Жартылай финалда қарсыласының басы соғылып, маңдайына жарақат салған қазақ боксшысының ақтық жекпе-жекте барынша сақсынғаны да байқалды.

Бұл салмақта Афинада Бақтияр Артаев, Пекинде Бақыт Сәрсекбаев, Лондонда Серік Сәпиев чемпион атанған. Спорт мамандары мен жанкүйерлер арасында "69 килограмм – Қазақстанның салмағы" деген сөз де қалыптасып кеткен. BBC мен Daily Mail сияқты ұлыбританиялық басылымдар да Қазақстанның соңғы төрт олимпиада ойындарында дәл осы салмақта жеңімпаз болғанын атап өтті. Өзбекстандық ресми БАҚ-тардың бірі Елеусіновті "үш раундта да жеңіске жетті" деп хабарлады.

Данияр Елеусіновтің финалда жеңіске жеткен сәті. Рио-де-Жанейро. 17 тамыз 2016 жыл.

Данияр Елеусіновтің финалда жеңіске жеткен сәті. Рио-де-Жанейро. 17 тамыз 2016 жыл.

​Риодағы рингте рефери Елеусіновтің қолын көтерген сәтте боксшы қуанғаннан бір секіріп, қарсыласын құшақтап құрмет қылды. Көрермендерге иіліп ізет қылғасын, Қазақстан туын жамылып алып, залды айналып шықты. Елеусінов өзін алқалаған топтың ішінде алдымен Лондон олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиевтің қолын алды да, барлық жанкүйерлердің құшағына еніп кетті. Боксшы марапаттау рәсімінде әнұранды толық айтып, көзіне жас алып тұрды.

- Қарсыласым екі раунд жеңіліп жатқанын біліп үшінші раундта дөрекі бокстаса бастады. Бұл - менің ғана еңбегім емес. Бапкерлер мен дәрігерлердің де еңбегі. Спорттан кетем бе, кетпеймін бе әлі білмеймін. Біраз ес жиып алайын. Қазір ол туралы ойлайтын шамам да жоқ. Левиттің жеңілісін білеміз. Бірақ финал алдында жаман нәрсе ойламадым. Бермей қойса бұйырғаны деп ойладым, - деді боксшы.

"ЖАРАҚАТЫ АУЫР БОЛДЫ"

Елеусінов жартылай финалда Сулеймен Сиссокомен бокстасып жатқанда қарсыласының басы тиіп, маңдайы мен қабағын жыртып алған. Боксшының әкесі әрі жеке бапкері Марат Елеусінов "ұлымды жарақатына байланысты финалға шығармай қояр" деп қауіптенген.

Данияр Елеусіновтің алтын медаль алған сәті. Рио-де-Жанейро. 17 тамыз 2016 жыл.

Данияр Елеусіновтің алтын медаль алған сәті. Рио-де-Жанейро. 17 тамыз 2016 жыл.

- Жарақаты өте ауыр болды. Қабағы 10 сантиметрдей жыртылып кетті. Көзіне жетіп қалған еді. Дәрігерлер алдымен ішіндегі етін тігіп алды. Одан кейін сыртын тікті. Қатты соққы тисе тіккен жері қайта жыртылып кетер еді. Жарақат алған маңдайын да сақтап жүрді. Өзбекстан боксшысы алға жүріп шабуылдайды. Сондықтан Данияр қорғана жүріп жылдам қозғалып, қарсыласы шабуылдағанда күтіп алып соққы дарыту керек болды. Бастысы - үмітімізді ақтады, - деді боксшының әкесі Азаттық тілшісіне.

Данияр Елеусінов айтуынша, "жарақатын емдеуге құраманың дәрігерлері мен AIBA дәрігерлері бірігіп көмектескен".

"КАПИТАН РЕТІНДЕ АЛТЫН АЛУ МІНДЕТ БОЛДЫ"

Ал Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов финалдан кейін ұзақ қол соғып, кейін боксшының бетінен сүйді. Бапкердің қуанғаннан көзіне жас алғаны да байқалып тұрды.

Данияр Елеусінов - Серік Сәпиевтен кейін олимпиадада және әлем чемпионатында алтын алған екінші қазақ.

- Бұл - үлкен және көп еңбектің нәтижесі. Олимпиада - бейбіт күндегі тартыс. Даниярдың алдында үлкен миссия тұрды. Оның алдында команда капитаны ретінде чемпион атану міндеті тұрды. Данияр Елеусінов - Серік Сәпиевтен кейін олимпиадада және әлем чемпионатында алтын алған екінші қазақ. Финал өтетін күні таңғы жетіде жарысты аяқтаған боксшылар бар, енді кездесуге шығатындары бар барлығы тұрып Даниярдың дайындығына көмектесті. Команда болып дайындалдық. Кездесу алдында барлығымыз "басқа боксшылардың кеткен есесін сен қайтар" деп сәттілік тілегенбіз. Данияр – айла-тәсілі мол боксшы. Оған барлық қарсыласы дайындалып келгені анық. Бірақ ол олимпиадада ұратын жерде ұрып, қашатын жерде қашып, сауатты бокстасты, - деді Айтжанов.

Журналистер спортшылар мен бапкерлерден сұхбат алатын микс-зонада Өзбекстан боксшысы келіп, тілшілермен сөйлесіп тұрған Айтжановты "лайықты жеңіс, қуаныштымын" деп құттықтады. Ал жартылай финалда Елеусіновтен жеңіліп, қола алған франциялық Сиссоко "Ол жеңіске лайықты болды, чемпион. Жарақат үшін кешірім сұраймын" деді.

Елеусіновтың алтын медалінен кейін үш алтын, үш күміс, алты қоламен Қазақстан жалпы есепте 20-орыннан 17-орынға көтерілді.

Бұған дейін ауыр атлетикадан Нижат Рахимов пен жүзуден Дмитрий Баландин алтын жүлде алған. Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика) мен Елдос Сметов (дзюдо) күміс медаль еншілеген. Галбадрах Отгонцэцэг (дзюдо), Карина Горичева, Фархад Харки, Александр Зайчиков (үшеуі де - ауыр атлетика), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Элмира Сыздықова (әйелдер күресі) қола медаль иеленген. Қазақстан 17 тамыздағы командалық есепте 17-орында тұр.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG