Accessibility links

Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарының тұрғындары малға қасқыр шауып, маза бермей жатқанын айтып шағымданды.

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Сарыөлең ауылының тұрғыны Қадыр Назаров биыл желтоқсанның ортасынан бастап қасқыр шаба бастағанын айтады.

- Биыл Шығыс Қазақстанда қыс қатты болып тұр. Күн аяз, қар қалың. Ал қасқырлардың қарны аш. Сондықтан ауыл малдарына шабуыл жасайды. Ауыл маңындағы қыстауыма үш-төрт рет қасқыр шауып, үш ірі қара малды және алты қойды жеп кетті, - дейді шаруа.

Қадыр Назаровтың қасқырларды ататын қаруы, қару ұстауға рұқсаты жоқ.

- Мылтық ұстау үшін ауылдан екі сағаттық жердегі аудан орталығына барып, ішкі істер бөлімінен арнайы рұқсат алуым керек екен. Оған дәл қазір мүмкіндігім болмай тұр. Сондықтан қыстаудағы малымды түні бойы өзіміз күзетеміз. Түнде қора ішіне от жағып қоямыз. Қасқырлар оттан қорқып, келе алмайды, - дейді жеке шаруашылық иесі.

«АУЫЛҒА ОРТАҚ ҮШ МЫЛТЫҚ БАР»

Осы облыстың Тарбағатай ауданындағы Ахметбұлақ ауылының тұрғындары да биыл қасқыр көп екенін айтады.

- Үш-төрт жыл ауыл шеті қасқырдан тыныш болып еді. Биыл қасқыр қалың. Ауыл арасына машинамен қатынағанда даладағы қасқыр ізін көп кездестіреміз. Күн аяз, Қасқырдың терісін көріп тұрған адам.

Қасқырдың терісін көріп тұрған адам.

тамақ іздейді ғой олар да. Желтоқсанның басында кезектегі отар қойға үш қасқыр шабуыл жасап, тоғыз қойды жайратып кетті. Кезек жайып жүргендер ит салып, бір қасқырды ұрып алды. Осыдан кейін қой-ешкі сияқты ұсақ малдарды қорадан шығармай отырмыз. Ал сиыр, жылқыларды ауылдан ұзатпай жаямыз, - дейді ауыл тұрғыны Қайыргелді Манатбеков.

Ахметбұлаққа көршілес Жаңаауыл ауылының тұрғындары қасқырдан сақтану үшін малды өріске жай шығарып, ерте алып келеді екен.

- Қасқыр қалың деген соң ауыл тұрғындары ақылдаса келе ұсақ және ірі малдардың барлығын таңертең кезекке сағат тоғызда шығарамыз. Ал кешке төртте кезектен алып келеміз. Кезекті екі адам бірігіп жаяды. Ауылға ортақ үш мылтық бар. Соны алып шығамыз. Мылтықты облыс орталығынан сатып алдық. Оны алу үшін ішкі істер бөлімінен рұқсат және арнайы куәлік алдық, -дейді Жаңаауыл тұрғыны Серікхан Айдарбеков.

«БІР ҚАСҚЫР АТСАҢ, АҚЫСЫ – 12 МЫҢ ТЕҢГЕ»

Алматы облысындағы Райымбек ауданының тұрғындары да биыл қасқырдың қатты екенін, қарашадан бері қасқырдан қысым көріп жатқандарын айтты.

- Қарашаның басында ауыл маңында қасқыр бар екенін естігенбіз. Ал осы 16-20 желтоқсандағы қатты аяз кезінде қасқыр малға шабуыл жасады. Ауылда мал шығыны да бар, - деді Жалаңаш ауылының тұрғыны Асылбек Әбенов.

Осы аудандағы Шалкөде ауылының тұрғындары да биыл қасқырдың қалың екенін айтып, Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсахановтың блогына сұрақ қойыпты.

«Біздің негізгі күнкөрісіміз малмен байланысты. Ал қазір осы малды үлкен шығынға ұшыратын қасқыр деген өте қағынып тұр. Ауылда қару ұстауға рұқсат Қасқыр атқан аңшы Юрий Хайгин.

Қасқыр атқан аңшы Юрий Хайгин.

жоқ. Ал қара күзден қағынған қасқырдан қауіптенеміз. Соған үкімет тарапынан қандай көмек болар екен?» деп жазады шалкөделік Гүлнәр есімді тұрғын.

Алматы облысы әкімі «облыс аумағында зиянкес жыртқыштармен күрес жұмыстары 2004 жылдан бері жүргізіліп келе жатқанын, осы шараларды қаржыландыру үшін биыл 9,4 миллион теңге бөлінгенін, ол ақшаның 680 мың теңгесі Райымбек ауданындағы Кеген және Нарынқол орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелеріне тиесілі екенін» айта келе:

«Жылдың басынан Райымбек ауданында 57 зиянкес жыртқыш жойылды. Зиянкес жыртқыштарды жою жұмыстары жалғасып жатыр. Келесі жылы зиянкес жыртқыштарды жоюға арналған қаржының мөлшерін өсіру жоспарланып отыр» деп жауап беріпті.

Әкімнің сөзіне қарағанда, «тұрғындар Кеген және Нарынкол орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелеріне хабарласып, аңшылармен қосымша келісім жасау арқылы мәселені шешуге болады. Аңшыларға әр атылған қасқырға 12 мың теңге, ал бөлтірікке алты мың теңге жергілікті бюджеттен сыйақы алады».

Ал ауыл тұрғындары қасқырды өзіміз атамыз десе, аудандық ішкі істер бөлімінен мылтық ұстауға арнайы рұқсат және аңшы куәлігін алу керек.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG