Accessibility links

Жаңаөзен куәгерінің сүйегі «әлі мәйітханада жатыр»


Маңғыстау облыстың ІІД "бұзақылар" өлтірді деп мәлімдеген Жаңаөзен ісінің куәгері Александр Боженко. Ақтау, 26 сәуір 2012 жыл. "К+" арнасынан алынған скрин-шот.

Маңғыстау облыстың ІІД "бұзақылар" өлтірді деп мәлімдеген Жаңаөзен ісінің куәгері Александр Боженко. Ақтау, 26 сәуір 2012 жыл. "К+" арнасынан алынған скрин-шот.

Қазаның 16-сы күні Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің (ІІД) баспасөз хатшысы Гүлзада Төлеуғалиева Жаңаөзен ісі бойынша куәгер Александр Боженконың өліміне қатысты Азаттыққа түсініктеме берді.

- Бұл - кәдімгі бұзақылық. Оқиға қазанның 7-сі күні болған. Ішіп алған Боженко Жаңаөзендегі азық-түлік дүкендерінің біріне кірген. Оның алдында сауда жасап тұрған екі жігіттің 50 теңгесі жетпей қалған соң, Боженко қалтасынан 50 теңге алып, олар үшін төлей салған. Алайда бұл әрекет екі жігітке ұнамаған. Жігіттер сөзге келіп, дүкенге жақын маңдағы аулалардың бірінде өзара төбелескен. Екі жігіт Боженконы қатты соққыға жығып, нәтижесінде Боженко ауыр дене жарақатымен Жаңаөзеннің ауруханасына түсті. Қазанның 11-інде есін жимастан қайтыс болды, - деді Азаттық тілшісіне облыстық ІІД баспасөз хатшысы.

Оның сөзіне қарағанда, бұл оқиғаның Боженконың «Жаңаөзен ісіне» қатысты куәгер болғанымен еш байланысы жоқ.

- Бұл - кәдімгі бұзақылық. Боженконың куәгер болғандығы мен оның сотта айтқандарымен еш қатысы жоқ, - деді Гүлзада Төлеуғалиева.

Полиция қызметкері «айыптылардың өз кінәларын мойындағанын» да хабарлады.

«ІШІП АЛДЫ» ДЕГЕНГЕ СЕНБЕЙМІН»

Жаңаөзендіктер сотында бақылаушы болған «Жаңаөзен-2011» комитетінің өкілі Ерлан Қалиев:
Жаңаөзен оқиғасын зерттеу үшін құрылған «Жаңаөзен-2011» халықаралық комитетінің мүшесі Ерлан Қалиев. Алматы, 21 мамыр 2012 жыл.

Жаңаөзен оқиғасын зерттеу үшін құрылған «Жаңаөзен-2011» халықаралық комитетінің мүшесі Ерлан Қалиев. Алматы, 21 мамыр 2012 жыл.


- Боженко - ислам дінін қабылдаған, бес уақыт намазына берік азамат, сондықтан оны «ішіп алды» дегенге сенбеймін, - деді.

Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуовтың хабарлауынша, Боженконың денесі әлі мәйітханада жатыр.

- Ол - жетімдер үйінің түлегі. Асырап алған ата-анасына әлі денесін бермей отыр, себебі (ақпарат бойынша) бүгін Ресейден Боженконың туған ағасы келуі керек екен. Заң бойынша мәйіт заңды туыстарына беріледі. Әзіргі ақпарат осы ғана, - деді қазанның 16-сында құқық қорғаушы.

МАҢЫЗДЫ КУӘГЕР

Жаңаөзен оқиғасы бойынша өткен сотта бүркеншік атпен жауап берген екі куәгер өздерін көпке жария етіп, сотта берген жауаптарынан бас тартқан еді. Олар өздеріне қысым жасалғанын мәлімдеген. Солардың бірі – 20 жастағы Александр Боженко.

Александр Боженко бүркеншік атпен басқа бөлмеде жауап беріп жатқан кезде айыпталушылардың бірі оны танып қалып «Неге өтірік айтасың? Менен не жаманшылық көрдің?...» деп сұраған.
Жаңаөзен оқиғасы бойынша айыпталған азаматтардың соты өтіп жатыр. Ақтау, 27 мамыр 2012 жыл.

Жаңаөзен оқиғасы бойынша айыпталған азаматтардың соты өтіп жатыр. Ақтау, 27 мамыр 2012 жыл.


Жаңаөзен оқиғасы бойынша сот өтіп жатқан кезде, сәуірдің 26-сы күні түсініктеме берген адвокаттардың бірі:

- Сол кезде Боженко шыдамай жылап жіберіп, кешірім сұраған. Бұдан кейін айыпталушының адвокаты куәгердің ашық түрде жауап беруі туралы судьяға өтініш берген. Алайда дәл сол кезде хатшы Боженконың қашып кеткенін хабарлады. Бірақ бүгін көпке көрініп, сот залына келген Боженко сол кезде қашпағанын, ондағы милициялар «сен бізді масқара еттің» деп бөлмеден алып кеткенін, Жаңаөзендегі полиция басқармасына апарып, содан қазір келген беті екенін айтты, - деген еді.

«ПРЕЗИДЕНТТІҢ БҰЙРЫҒЫ»

Александр Боженко 2012 жылы сәуірдің 26-сы күні «К-плюс» арнасына сұхбатында:

- Мені 18-і күні үйімнің жанынан ОМОН ұстап алып кетті. Ұрып-соғып, гаражға кіргізді. Таңғы он бірден кешкі сегіз-тоғызға дейін сонда, аяқ киімсіз, суда отырдым. Мені ұрды, буынымды сындырды. Ол жерде 150-ге жуық адам болды. Қалалық ІІД-ге алып келіп, бүйрегімізден ұрды, «қарақшы», «қалаларыңды өлтірдіңдер» деді. Түнгі төртте алып шығып тағы ұрды. «Неге ұрасыңдар?» десем, аты-жөнін білмейтін, бірақ түрін танитын милиционер «президент сені ұрып, қинауды бұйырды» деп айтты, - деген еді.
Мен сотта айттым - өлсем де лайықты өліммен өлемін. Мені дубинкамен ұрса да аяғына дейін шыдаймын. Мен жетімдер үйінде өстім... Егер өлсем, мұсылманша көмгенін қалаймын.

Сол сұхбатында ол «Менттер мені қанша қинаса да, жалған куәлік беріп, жазықсыз адамды отырғызудан Алладан қорықтым. Мен Алланың алдына барғанда не деймін? Біз барлығымыз мұсылманбыз, бауырлармыз, бізге шыдамдылық керек, адамға да сену керек. Әрине, олар әлі қоқан-лоққы жасайды, бірақ мен соңына дейін шыдаймын. Мен сотта айттым - өлсем де лайықты өліммен өлемін. Мені дубинкамен ұрса да аяғына дейін шыдаймын. Мен жетімдер үйінде өстім. Маған сене ме, жоқ па... Мен өзіме-өзім сенемін. Егер өлсем, мұсылманша көмгенін қалаймын», - деген еді.

Александр Боженконың 2012 жылы сәуірдің 26-сы күні «К-плюс» арнасына берген сұхбатын мына жерден көре аласыз:



Бұл тақырыпты автордың Facebook-тегі жеке парағында да талқылай аласыздар.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG