Accessibility links

Қазақстанда отбасындағы жанжалдан жылына 500 әйел қаза табады


Қазақстандағы «Подруги» дағдарыс орталығының жетекшісі Надежда Гладырь. Алматы, қараша, 2008 жыл.
Қазақстандағы «Подруги» дағдарыс орталығының жетекшісі Надежда Гладырь. Алматы, қараша, 2008 жыл.

Қазақстандағы әрбір сегізінші шаңырақта ерлі-зайыптылар жанжалдасып жатады дейді мамандар. Биыл алғашқы жарты жылда отбасында әйелдерді ұрып-соққан 21 мың қылмыс тіркелген.



Мұндайды тоқтату үшін дағдарыс орталықтары елде әйелдер құқығын қорғайтын заңды күшейтуді ұсынады.

Ішкі істер министрлігінің берген ақпаратына қарағанда, Қазақстанда отбасындағы жанжал салдарынан жылына 500 әйел көз жұмады екен. Мамандар отбасындағы жанжал мен әйелдің соққыға жығылуының басты себебін әлеуметтік жағдаймен байланыстырады.

Олар күйеуінің әйелін ұрып-соғуын отбасының жеке мәселесі деп қарайтын көршілері мен достары құқық орындарына шағымданғанды жөн көрмейді деп отыр.

БҰҰ-ның әйелдер мүддесін қорғауды көздейтін ЮНИФЕМ даму қорының аймақтық бағдарламалар директоры Дамира Сартбаева бұл мәселені шешудің бір жолы - отбасылардың тұрмысын жақсарту үшін ресми емес органдарда жұмыс істейтін әйелдерге мемлекет тарапынан көмек көрсету деген пікірде.

Ресми деректер бойынша, Қазақстанда әрбір сегізінші отбасы тұрмыстық ұрыс-керістен зардап шегеді. 2010 жылдың бірінші жарты жылында ғана әйелдерді тұрмыстық жағдайда ұрып-соққан 21 мың қылмыс тіркелген.

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, барлық тіркелген қылмыстың 92 пайыздан астамын әйелдерге қарсы жасалған тұрмыстық деңгейдегі қылмыстық істер құрайды. Мамандар отбасындағы жанжал көп жағдайда тұрмыс деңгейінің төмендігінен, әйел адам баламен үйде отырған уақытта мемлекет тарапынан қажетті мөлшерде жәрдемақы ала алмай отырған себебінен деп біледі.

Дағдарыс орталықтарының төрайымы Зульфия Байсақова әйелдер дағдарыс орталықтарына хабарласқанымен, тек психологиялық тұрғыда ғана көмек ала алатынын айта келе, жәбір көрген әйелдерді уақытша жатқызатын реабилитациялық орталықтары жоқ екенін алға тартты. Сонымен қатар Зуьфия Байсақова «Бұл мәселені шешудің бір жолы - заңды күшейту керек», - дейді.

Қазақстанда 2009 жылы «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстың зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» екі заң қабылданған болатын.
XS
SM
MD
LG