Accessibility links

Мүгедек әйелдер құқықтарының жиі бұзылатындығына шағымданады


Мүгедек әйелдердің "Бибі Ана" қоғамдық ұйымының өкілдері наразылық шарасында. Алматы, 27 тамыз 2008 жыл.

Мүгедек әйелдердің "Бибі Ана" қоғамдық ұйымының өкілдері наразылық шарасында. Алматы, 27 тамыз 2008 жыл.

Мүгедек әйелдер емханаларда дәрігерлер тарапынан кемсітушілікке ұшырап, көп жағдайда құқықтарының аяққа тапталып жататынын айтады. Сондықтан олар өздерін қоғамнан шеттетілген адамдар санатына жатқызады.


Мүмкіндігі шектеулі әйелдер мәселесін тыңдаңыз

Қазақстанда сөйлеу мүмкіндігі шектеулі әйелдер емханаларда сурдо-аудармашылардың жоқтығынан дәрігерлермен түсінісе алмайтындары қиындық туғызатынын айтады. Сондықтан олар мемлекет тарапынан әлеуметтік көмекке зәру екендіктерін жеткізді.

Алматы денсаулық сақтау басқармасының мамандары болса елдегі Салауатты өмір-салтын қалыптастыру ұлттық орталығының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелде бұл мәселелер шешімін тауып жатқанын айтумен болды.

Алматыдағы «Шырақ» мүгедек әйелдер қоғамдық ұйымының мүшесі Захира Бегалиеваның айтуынша, Алматыда орналасқан кез-келген ғимаратқа мүгедектердің арбамен көтерілуіне жағдай жасалмаған. Ол тіпті денсаулық басқармасының өзінде мүгедек адамдарға арналған пандустың жоқ екендігін мысалға келтірді.

Сонымен қатар Захира Бегалиева аяғы ауыр мүгедек әйелдерге жалпы медициналық көмек тегін көрсетілгенімен, жекелеген мамандарға қаралу үшін көп қаржы керек екендігін де атап өтті.

«Шырақ» мүгедек әйелдер қоғамдық ұйымында 16 мен 58 жас аралығындағы 370-тен астам қыз-келіншек тіркеуде тұр.

Бұл мәселеге қатысты Алматы денсаулық сақтау басқармасының бастығы Еркін Дүрімбетов мүгедек жандарға дұрыс медициналық көмек көрсетпеген, олардың құқығын аяққа таптаған дәрігерлер жұмыстан шығарылатынын ескертті.
XS
SM
MD
LG