Accessibility links

Әйел-таксистер компаниясы екі жыл ғана істеді


Такси жүгізушісі Зарина Қадықова. Алматы, 5 желтоқсан 2013 жыл.

Такси жүгізушісі Зарина Қадықова. Алматы, 5 желтоқсан 2013 жыл.

Алматыда 2009 жылы ашылған «Қызғылт такси» транспорт компаниясында әйел таксистер ғана жұмыс істеді. Екі жылдан кейін компания жабылып, таксист әйелдер басқа таксопарктерге ауысып кетті.

Алматыда тұратын 24 жастағы Зарина Қадықованың жоғары білімі бар, бірнеше тіл біледі, бірақ ол «Бар такси» компаниясында такси жүргізуші болып істейді. Ол Абылай хан атындағы қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің аударма ісі факультетін 2008 жылы бітірген.

Бірақ мамандығы бойынша таңғы сағат сегізден кешкі алтыға дейін созылатын кестемен жұмыс істеуге оның мүмкіндігі жоқ. Жалғызбасты Заринаның қызы бес жаста.

– Қаланың ортасында пәтер жалдап тұрамын. Ал қызым баратын балабақша қаланың екінші шетінде орналасқан. Үш көлікке ауысып мініп әрең жетесің. Жұмыс берушілердің ешқайсысы жұмыстан ертерек босатуға келіспейді. Ал таксопарк басшылығы жағдайымды түсініп, кеңшілік жасады. Мұндағы жұмыс күнім таңғы сағат тоғызда басталады, ал кешкі бесте бала бақшаға асықпай кете беруіме болады, – дейді Зарина Қадықова.

ЖҰМЫС ЕРЕКШЕЛІГІ

Зарина Қадықова транспорт компаниясына әуелі курьер ретінде орналасқан. Бірақ жүргізуші жетіспегендіктен, оны кейін таксист етіп ауыстырған. Ол бизнес-класс дәрежесіндегі көлік жүргізеді.

Зарина Қадықова.

Зарина Қадықова.

​Оның айтуынша, жұмыс ауыр болғандықтан, мұнда таксистер ұзақ тұрақтамайды. Таксист ер адамдар да, әйелдер де ауыр жұмысқа шыдамайды. Күн аралатып тәулігіне 12 сағат жұмыс істеу өте ауыр. Таңғы сағат сегізде басталған жұмыс кешкі сегізде аяқталады. Кезегі келсе, жұма, сенбі және жексенбі күндері таңға дейін істейді.

– Әрине, әйел істейтін жұмыс емес. Басында қатты қиналдым. Алғашқы айда 15 мың теңге жалақы алдым. Оны алған кезде жылап жібердім, – дейді Зарина Қадықова.

Кейін әріптестері Заринаға таксиде істеудің ерекшелігін түсіндірген. Жолға қанша бензин алуды, бір ауысымда қанша сағат алуды үйреткен. Қазір ол айына шамамен 130 мың теңге табады. Мереке күндері бұдан көп табуға болады. Күндік жоспар – 6 мың 500 теңге. Бензинді компания бөледі.

БЕС ЖАСТАН РУЛЬДЕ

Алматыда таксист болу әсіресе әйелдер үшін аса қауіпті. Такси тоқтататын ер адамдардың арасында кездесуге шақырып, телефон нөмірін сұрап мазаны алатындар көп кездеседі. Заринаның айтуынша, таксист әйелдер жұмыста талай рет төтенше жағдайларға тап болған. Бірде такси жүргізуші әріптес әйел клиент берген сусынды ішіп, есінен танып қалған. Алты сағаттан кейін есін жиса, салонда орындықтан басқа ештеңе қалмаған. Әлгі клиент түскен ақшаны, магнитофонды, GPS, видеобақылау камерасын тонап кеткен. Тағы бір таксист әйел мас жолаушылардың кілт пен түскен ақшаны тартып алып кеткенін рациямен хабарлаған.

Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

– Әрине, өзімнің қауіпсіздігім үшін жай таксиге отырмаймын. Мен жұмыс істейтін компанияның көліктері жоғары класты. Бұзақылар көбінесе арзан таксилерде қарақшылық жасайды, – дейді Зарина Қадықова.

Зарина көлік руліне алғаш рет бес жасында отырыпты. Көлігі сынып қалған әкесі Заринаны рульге отырғызып, өзі көлікті итерген. Автомобильге деген құмарлығы сол кезден оянған.

Заринаға көлік жүргізудің қыр-сырын 17 жасында кездесіп жүрген жігіті үйретіпті. Көлік компаниясында жұмыс істегеніне төрт жыл болған Зарина туыстарының «жұмысыңды ауыстыр» дегеніне көнбей, сүйікті ісімен айналысып жүр.

Бірақ жас келіншек қатты қиналады. Жұмыстан келген Заринаны үйде ыдыс-аяқ, кір жуу, ас әзірлеу сияқты шаруа күтіп тұрады.

КЛИЕНТТЕР «ҚЫЗҒЫЛТ ТАКСИДІ» САҒЫНЫП ЖҮР

15 жыл жүргізушілік стажы бар Төлеген Жақсылықов такси көліктерін әйелдердің жүргізгенін құптамайды.

– Қауіпті жұмыс. Неше түрлі жолаушы кездеседі. Кімнің ойында қандай ниет барын білмейсің ғой. Әйел адамды қойып, рульде ұзақ отыруға кейде ер адамның өзі шыдамайды, – дейді Төлеген Жақсылықов Азаттық тілшісіне.

Азаттық тілшісіне кезінде «Қызғылт такси» қызметін жиі пайдаланғанын айтқан алматылық тұрғын Күләш Мадиярова «Ондай таксиде айна, тырнақ жөндейтін құрал-саймандар, жаңа газет-журналдар, видео, балаларға арналған автокресло сияқты заттар болатын. Сақтандырылған автомобильге отырған жолаушылар да өздерін қауіпсіз сезінетін» дейді.

Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

– «Қызғылт такси» компаниясының таксистерін жиі шақырып, баламды мектепке алаңсыз жіберуші едім. Рульде әйелдің отырғаны сенімдірек қой, – деген Күләш Мадиярова бұл компанияның жабылып қалғанына қайран қалады.

Таксист Зарина Қадықованың айтуынша, Алматыдағы бір таксопаркке екі әйел жүргізушіден келеді. Алматы қаласында 20 шақты таксопарк бар. Тұрақсыз бизнес болғандықтан, таксопарктер ұзаққа бармай жабылып қалады. Оның үстіне, заңсыз бәсекелестік те күшті. Алматыда мыңдаған ер адам жеке меншік көлігімен заңсыз жолаушы тасымалдаумен айналысады. Зарина «болашақта аудармашы мамандығым бойынша жұмыс істейтін күн де туар» деп үміттенеді.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG