Accessibility links

«Еңбек адамы» совет дәстүрімен марапатталды


Дәрігерлер әулетінің өкілдері - Данияр, Алма, Ақбөпе Алтынбековтер «Еңбек адамын дәріптеймін» көрмесінде тұр. Астана, 25 қыркүйек 2013 жыл.

Дәрігерлер әулетінің өкілдері - Данияр, Алма, Ақбөпе Алтынбековтер «Еңбек адамын дәріптеймін» көрмесінде тұр. Астана, 25 қыркүйек 2013 жыл.

Осы аптада Астанада «Еңбек адамын дәріптеймін» деген көрме ашылды. Стендтерде Қазақстанның бұрын еңбегі еленбеген қарапайым азаматтарының фотосуреттері мен өмір тарихы ілінген.

Көрме Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде ашылды. Суреттер «Қазақстанның келешегі», «Мамандығына адалдығы үшін», «Еңбек әулеттері» деген үш номинация бойынша іріктелген.

Аталған үш конкурс жеңімпаздары түскен фотосуреттерде Қазақстанның қарапайым азаматтарының кәсіби жетістіктері көрсетілген. Еңбек озаттарының суреттерін құрмет тақтасына іліп мадақтау практикасы Совет Одағы заманында да болған.

ЛАУРЕАТТАР

Алтынбековтер отбасы Астанаға «Еңбек әулеттері» номинациясы бойынша өткен конкурс грамотасын алу үшін Шымкент қаласынан келіпті. Бұл әулеттің үш ұрпағы дәрігер болып істейді. Әпкелі-сіңлілі Алма мен Ақбөпенің әкелері - қазір оннан аса дәрігер бар әулеттің басы. Әулеттің жас өкілдерінің бірі Данияр Алтынбеков - Тараз қаласында дәрігер-стоматолог.

- Біз үшін бұл - үлкен жеңіс. 1 мың 600 адамның ішінен 60 отбасын таңдап алдық дегенде, «біз үшін үлкен жетістік қой» деп ойладым. Көрмеде Алтынбековтер әулеті тұрғаны - бізге мақтаныш, - дейді дәрігер-гинеколог Алма Алтынбекова.

«Мамандығына адалдығы үшін» номинациясының жеңімпазы, агроном Виктор Гуля. Астана, 25 қыркүйек 2013 жыл.

«Мамандығына адалдығы үшін» номинациясының жеңімпазы, агроном Виктор Гуля. Астана, 25 қыркүйек 2013 жыл.

«Мамандығына адалдығы үшін» номинациясының жеңімпазы, агроном Виктор Гуляның айтуынша, оны бұл конкурсқа жергілікті кәсіподақ ұсынған. Конкурсқа қатысу үшін мінездеме, жұмыста, үйде және бос уақытта түскен фотосуреттер жолдау қажет болған.

Виктор Гуляның жалпы еңбек стажы - 41 жыл. Ол Ақмола облысы Аршалы ауданы Түрген ауылындағы «Поиск» агрофирмасында дәнді дақылдар өсірумен айналысады.

ЕҢБЕК ПЕН НАСИХАТ

Көрмені ұйымдастырушылардың айтуынша, конкурс «еңбек адамын жұртқа таныту мен насихаттау және өскелең ұрпақтың бойында еңбек әулеттеріне деген құрмет сезімін тәрбиелеу, жастарға кәсіптік бағдар беру, балалар мен жастарды өз келешегін дұрыс айқындауға баулу, еңбек адамының беделі мен мәртебесін көтеру мақсатында» өткізілді. Сыйлық тапсыру рәсіміне орта мектеп оқушылары шақырылды. Қатысушыларға - диплом, үш номинация бойынша озып шыққандарға шағын естелік мүсіндер тапсырылды.

Қазақстан коммунистік партиясының белсендісі Тоты Елубаева совет заманын да, ол кезде «еңбек адамы» қалай ұлықталғанын да жақсы біледі. Ол Азаттық тілшісіне «Қазір капитализмде өмір сүріп жатқан Қазақстанда мұндай конкурс өткізудің мәні жоқ» дейді.

«Қазақстанның азаматтық альянсы» ұйымының директоры Ильдар Катенов. Астана, 25 қыркүйек 2013 жыл.

«Қазақстанның азаматтық альянсы» ұйымының директоры Ильдар Катенов. Астана, 25 қыркүйек 2013 жыл.

«Қазақстанның азаматтық альянсы» ұйымының директоры Ильдар Катенов «Еңбек адамдарын елеп-ескеріп, жұртқа таныстырғылары келген бастамаларын бүкіл Қазақстан құптағанын, марапаттауға әр аймақтан адамдар келгенін» айтты.

- Жұрт танитын артист немесе журналист болған жақсы. Бірақ механизатор, дәрігер, мұғалім де - мәртебелі мамандықтар. Оларды жұрт танымағанымен, Қазақстан үшін тер төгіп жатқандар - солар. Еңбек адамы елге танылуы тиіс, - дейді Ильдар Катенов.

«Қазақстанның азаматтық альянсы» мен Қазақстан кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырған акцияға 200-ден аса ұйым қатысты. «Елдегі озық кәсіпорындардың еңбегі сіңген жұмысшылары мен еңбекшілерінен» іріктелген қызметкерлер «Қазақстанның келешегі», «Мамандығына адалдығы үшін», «Еңбек әулеттері» деген үш номинация бойынша марапатталды.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG