Accessibility links

Өздері тапшы, бірақ жалақысы аз жұмысшылар


Егін орағы кезінде техникаларды тексеріп жүрген жұмысшы. Ақмола облысы, 9 қыркүйек 2013 жыл.

Егін орағы кезінде техникаларды тексеріп жүрген жұмысшы. Ақмола облысы, 9 қыркүйек 2013 жыл.

Қазақстанда құрылысшы, механик, ағаш ұстасы сияқты техникалық мамандық иелеріне мұқтаждық қатты байқалады. Бірақ жастар жалақысы мардымсыз жұмысқа барғысы келмейді.

Алматы қаласында тұратын 28 жастағы Салтанат Сатылғанова «Зере» өндірістік цехында тамақ өнімдерін орап-қаптаушы болып жұмыс істейді. Салтанат кәсібін «беделі де жоқ, жалақысы да аз мамандық» дейді.

– Айына 70 мың теңге (380 доллар шамасында) жалақы аламын. Жұмыс таңғы сағат 8-ден кешкі 6-ға дейін, кейде демалыс күндері де жұмысқа шығуды сұрайды. Мамандығыма сұраныс бар болғанымен, мардымсыз жалақыға ешкім жұмыс істегісі келмейді, – дейді Салтанат Сатылғанова Азаттық тілшісіне.

Ол «жұрттың бәрі жоғары білім алғысы келеді, қанша сұраныс болса да, жұмысшы мамандықтарын ешкім таңдамайды» дейді.

МӘСЕЛЕ ЖӘНЕ ОНЫ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ

Еңбек нарығында білікті жұмысшылар жетіспейтіні туралы түрлі деңгейде талай мәлімдеме жасалған. Жуырда Алматыда өткен конференцияда Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының кәсіптік-техникалық білім беру саласын талдау және қолдау бөлімі бастығы Вера Цзин: «Ресей мен Еуропа елдерімен салыстырғанда, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіндегі оқушылар саны жағынан Қазақстан – алдыңғы орында. Бірақ жоғарғы оқу орындары мен колледж студенттерінің 3 пайыздан сәл көбірегі ғана жұмысшы мамандығын даярлайтын бөлімдерде оқиды» деп мәлімдеді.

Бағалы металл балқытып тұрған жұмысшы. Көкшетау, 13 маусым 2013 жыл.

Бағалы металл балқытып тұрған жұмысшы. Көкшетау, 13 маусым 2013 жыл.

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Светлана Ыдырысованың Азаттық тілшісіне айтуынша, Алматы қаласының білікті жұмысшы мамандарға сұранысы жыл сайын орта есеппен 60 пайызды, ал орта және жоғарғы буын мамандықтарына сұранысы 40 пайызды құрайды.

Қаладағы колледждер мен жоғарғы оқу орындары студенттерінің 3,6 пайызы ғана жұмысшы мамандықтар бөлімдерінде оқиды. Қала кәсіпорындарынан түсетін тапсырысқа қарағанда, құрылыс, транспорт, полиграфия, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өндірісі, қызмет көрсету саласы, электр энергетикасы сияқты салаларға білікті жұмысшылар қажет.

Бірақ жастар мардымсыз жалақыға жұмыс істегісі келмейді. Еңбек нарығында техникалық жұмысшылар 60 мың теңгеден жоғары жалақы алады.

Кәсіпкерлер палатасы қызметкерлері мектепте оқушыларды кәсіптік бағдарлау жүйесі жойылып кеткеніне алаңдайды.

– Бізде еңбек нарығында сұраныс бар жұмысшы мамандығын алсаң, әлеуметтік ортадан орныңды тауып, ел қатарлы өмір сүруге кепілдік беретінін біле бермейді. Соңғы жылдары жұмысшы мамандығының беделі күрт түсіп кетті. Жұмысшы мамандығын көбінесе тұрмысы төмен отбасы балалары оқиды. Күніне бір мезгіл берілетін тегін тамақ оларға едәуір жеңілдік болып көрінеді. Тіпті тегін тамақ үшін оқитындары да бар, – дейді Светлана Ыдырысова.

Теміржол жұмысшысы. Үштөбе темір жол бекеті, Алматы облысы. 31 шілде 2014 жыл.

Теміржол жұмысшысы. Үштөбе темір жол бекеті, Алматы облысы. 31 шілде 2014 жыл.

Оның айтуынша, жұмысшы мамандығын оқитындарды ыстық тамақпен тегін қамту тоқтатылғанан кейін оқушылар азайып кеткен. Енді аздаған білікті жұмысшы даярлау жүйесінің өзін жоғалтып алу қаупі төнген.

Алматы кәсіпкерлері палатасының өкілдері білікті жұмысшылар даярлау ұйымдарының желісін құрудың нормативін енгізіп, кадр даярлау деңгейінің салалық экономика сұранысына сәйкестігіне әр аймақ бойынша толық талдау жүргізуді ұсынады.

Қазақстанда жұмысшы мамандығын оқитын жастар аз екенін Алматы қаласы Алмалы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Шолпан Жүсіпова да айтады.

– Бұрын жұмысшы мамандар даярлайтын кәсіптік-техникалық училищелер болған еді, қазір жабылып қалды. Еңбек нарығындағы сұранысқа қарай жоспарлы бөлініс жоқ, жұрттың бәрі жоғары білім алғысы келеді. Алмалы ауданындағы «Маслодел» компаниясына жұмысшылар керек, бірақ бізден көмек сұрамайды. Жастар жұмысшы мамандығын алуға құлықсыз, – дейді ол.

Жуырда денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғандықов «2018 жылға қарай техника және кәсіптік білім беру мамандықтарына тапшылық артады» деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2014-2018 жылдары жұмыс күшіне деген жалпы сұраныс көлемі 700 мың адамға жетеді. Ал еңбекке қабілетті халықтың өсімі 400 мың адамнан асуы тиіс.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG