Accessibility links

ҚМГ-нің «еншілес» жұмысшылары талабын рәсімдете алмады


Мыңбаевтың мұнайшылармен кездесуі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:37 0:00

ВИДЕО: Мыңбаевтың мұнайшылармен кездесуі. Маңғыстау облысы, Қаламқас мұнай кеніші, 10 қаңтар 2015 жыл.

«ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) компаниясының Маңғыстаудағы еншілес мекемелеріндегі еңбек дауы шешілмей отыр. Жұмысшылардың айтуынша, шағымдарына қатысты нақты шешім қабылданбаған.

Наразы болып отырған - «ҚазМұнайГаз» компаниясының Маңғыстау облысындағы еншілес Oil Construction Company (ОСС ), Oil Transport Corporation (ОТС), Oil Services Company (ОSС) сервистік мекемелерінің жұмысшылары. Бұл үш компанияда тоғыз мыңға жуық жұмысшы істейді.

Олар «ҚазМұнайГаз» басшылығынан 2014 жылы енгізілген еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесі ережелерін толық орындауды, әлеуметтік пакетті, зиянды жұмыс жағдайына қатысты төлемдерді және бонус төлеуді талап етеді. «ҚазМұнайГаз» басшылығының «еңбекақы төлеу бірыңғай жүйесінің кейбір пункттері сервистік компанияларға жүрмейді» деген уәжінен кейін жұмысшылар мекемелерін «МаңғыстауМұнайГаз» компаниясына қосуды да сұрай бастаған.

ЖҰМЫСШЫЛАР ШАҒЫМЫ

Аталған сервистік компаниялар жұмысшылары әуелі талаптарының орындалатыны туралы уағдаластық құжат жүзінде рәсімделмегеніне наразы. Осыған дейін «ҚазМұнайГаз» басқарма басшысы Сауат Мыңбаевпен болған (10 қаңтар, Қаламқас кеніші), KMG Drilling&Services (сервистік мекемелер осы компанияға қарайды) директоры Әндар Шоқпытовпен болған (14 қаңтар, Ақтау) кездесулерде жұмысшылар талабы мен басшылар уәдесі жазбаша рәсімделмеген. Мыңбаевпен кездесуге төрт мыңға тарта жұмысшы келсе, Шоқпытовпен кездесуге 15 шақты жұмысшы қатысқан. OCC кәсіподақ өкілі Әмин Елеусінов:

ОСС кәсіподағы төрағасы Әмин Елеусінов (көк күртеде) наразы жұмысшылармен бірге тұр. Ақтау, 23 желтоқсан 2014 жыл.
ОСС кәсіподағы төрағасы Әмин Елеусінов (көк күртеде) наразы жұмысшылармен бірге тұр. Ақтау, 23 желтоқсан 2014 жыл.

- Ештеме шешілмеді. Сауат Мыңбаевпен өткен кездесуде шешілді деп хабарланған әлеуметтік пакет мәселесі сол күйінде қалды. Зиянды жұмыс жағдайы төлемдері туралы әңгіме де болған жоқ. Біз уәделерін қағаз жүзінде бекіткіміз келген, оған басшылар келіспеді,- деді.

KMG Drilling&Services компаниясының Ақтау және Астанадағы кеңселеріне хабарласқан Азаттық тілшісіне компания өкілдерінен қандай да бір комментарий алу мүмкін болмады.

ОСС жұмысшысы Марат Қобыланов сервистік компания жұмысшыларына бонус төленбейтінін айтты.

- Қолымызда өздері бекіткен «Еңбекақы төлеуді типтік ережесі» деген құжаттың 5.9.2. тармағында «бонус мұнай және газ өндіруші компаниялардың еншілес мекемелеріне де төленеді» деп жазылған. Ендеше неге ол бізге төленбейді? - дейді ол.

ҚМГ басқарма басшысы Сауат Мыңбаевпен кездесуде сөйлеп тұрған ОСС жұмысшысы Марат Қобыланов. Қаламқас кеніші, 10 қаңтар 2015 жыл. Сурет "Не хабар?!" газетінен алынды.
ҚМГ басқарма басшысы Сауат Мыңбаевпен кездесуде сөйлеп тұрған ОСС жұмысшысы Марат Қобыланов. Қаламқас кеніші, 10 қаңтар 2015 жыл. Сурет "Не хабар?!" газетінен алынды.

Оның сөзіне қарағанда, «басшылар жұмысшыларға «сендер өндіруші компания емессіңдер, сондықтан бонус төленбейді» деген уәж айтып, жұмысшыларды шатастырып отыр».

Енді сервистік мекемелердің жұмысшылары бұл үш компанияны ортадан серіктестік құрып бөліп-жармай, «МаңғыстауМұнайГаз» өндіруші компаниясына қосуды, пайданы бонус арқылы бөлісуді талап ете бастаған.

Ал OTC компаниясында еңбек ететін Табын Байдуллиев Сауат Мыңбаевпен болған кездесуде өндірістің денсаулыққа зияны үшін берілетін өтемақының да төленбейтінін айтқан.

ОТС жұмысшысы Табын Байдуллиев ҚМГ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевпен кездесуде сөйлеп тұр. Қаламқас кеніші, 10 қаңтар 2015 жыл.
ОТС жұмысшысы Табын Байдуллиев ҚМГ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевпен кездесуде сөйлеп тұр. Қаламқас кеніші, 10 қаңтар 2015 жыл.

- Қара суықта қара балшық үстіне жатып көлік жөндейміз. Гараждағы жағдайға көңіл бөлінбейді. Аязды күні көлікті далада жуамыз. Дәнекерлеушілердің отыратын жері де оңып тұрған жоқ. Жұмыс орнымыздағы техникалар ескіріп кеткен. 21-ғасырда жұмысқа дұрыс жағдай жасалғанын қалаймыз. Қашанғы шыдауға болады? – дейді Байдуллиев.

Ал ОСС кәсіподағы өкілі Бауыржан Дінқабыл әлеуметтік пакеттің де төленбейтініне наразы.

- Әлеуметтік пакет (отбасын құрғанда, мерекелерге немесе емделуге берілетін, т.б. төлем түрлері) бір KMG Drilling&Services-ке тиесілі үш компанияда үш түрлі қарастырылған. Біреуінде төленеді, біреуінде – жоқ. «Бірыңғай еңбекақы жүйесі» енген соң барлығында бірдей болуы керек емес пе? – дейді кәсіподақ өкілі.

«БӘРІ МҰНАЙ БАҒАСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ»

Жұмысшылар қаңтардың 10-ы күні Қаламқас кенішінде «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев, энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин, Маңғыстау облысы әкімі Алик Айдарбаевтарға талаптарын жеткізген.

Сауат Мыңбаев.
Сауат Мыңбаев.

Сауат Мыңбаев еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесінің жұмысшыларға пайдалы болғанын, жалақы тарифі көлемі - 64 пайызға өскенін айтқан.

- Жұмыстарыңыздың сметалық құны былтыр 8 миллиард 400 миллион теңге болса, қазір сіздерге 14 миллиард теңге төленеді. Зияндылық үшін берілетін төлемдерді «МаңғыстауМұнайГазбен» теңестіріп төлеуге болады. Бірақ оны кірістірудің өз мерзімі бар. «Бірыңғай жалақы жүйесі» енгізіліп, тариф сеткасы бекітілді. «ҚазМұнайГазда» 22 еншілес компания бар, барлығына өзгерістерді бірден енгізу мүмкін емес, - деген Мыңбаев жұмысшыларға жаңа жүйенің біртіндеп іске қосылатынын түсіндірді.

Жұмысшылармен кездескен Азаттық тілшісінің айтуынша, «жұмысшылар да жалақыларының бірсыпыра өскенін мойындайды». Мыңбаев бұдан бөлек, мұнай бағасы барреліне 51 доллар екенін, бонус төлеу қиындығын ескертіп:

- Егер 2015 жылы да бұл баға тұрса, «МаңғыстауМұнайГаз» 40 миллиард теңге шығын шегеді. Ұжымдық шартта мұнай бағасы барреліне 96 доллардан төмен болса, бонус төлеу тәртібі өзгеретіні жазылған, - деген.

Ұзақбай Қарабалин.
Ұзақбай Қарабалин.

Энергетика вице-министр Қарабалин де бонус мәселесі мұнай бағасына байланысты екенін айтып, жұмысшыларды сабырға шақырды.

- Май бағасы түсіп бара жатыр. 60 долларға жетсе деп отырмыз. Осы қиын кезеңнен тек ауызбіршілікпен шыға аламыз, - деді ол.

Ал облыс әкімі Алик Айдарбаевтың пікірінше, «бонус пен «МаңғыстауМұнайГаз» құрамына қосылу мәселесін қозғау ерте».

- Жалақы көтерілді. Ал бонус мәселесін шешу үшін алдымен тиімділікті арттыру керек. Әуелі «МаңғыстауМұнайГаз» өнімділігін түсіріп алмауымыз керек, - деді әкім.

Бұдан соң сервистік компания жұмысшылары «ҚазМұнайГаз» басшылығына мұнай бағасы көтерілген соң бонус пен «МаңғыстауМұнайГаз» құрамына қосылу мәселесіне қайта оралуды ұсынған.

XS
SM
MD
LG