Accessibility links

Назарбаевтан қабылданып жатқан еңбек кодексін қайтаруды сұрайды


Металлург ескерткішінің бір бөлігі. Теміртау, 5 маусым 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Металлург ескерткішінің бір бөлігі. Теміртау, 5 маусым 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Тәуелсіз кәсіподақтар бүгін парламент мәжілісі екінші оқылымда мақұлдаған еңбек кодексі жобасын еңбекшілердің мүддесін ескере отырып қайта пысықтап шығуға шақырады. «Ресми» кәсіподақтар мен парламент депутаттары мұндай бағамен келіспейді.

Парламент мәжілісі еңбек кодексі жобасын дүниежүзілік лайықты еңбек күнінде мақұлдады. Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы (ҚТКК) мерекені еңбек кодексі жобасына қарсы кезекті мәлімдемемен және ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдаумен «атап өтті».

ЗАҢДАСТЫРЫЛҒАН ҚҰЛДЫҚ ПА?

ҚТКК өкілдері «жобада еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасымен бұзу негіздері көбейген» деп алаңдайды. ҚТКК президенті Лариса Харькова мұндай негіздерге кәсіпорын жұмысы тоқтап қалған жағдайда жұмыс беруші қызметкерді денсаулығына зиян келмейтін кез-келген бос орынға оның келісімінсіз ауыстыра алады деген норманы қосады. Бұдан өзге жобада жұмыс уақытынан тыс және мереке күндері істеген жұмысы үшін төленетін еңбекақы коэффициентін азайту көзделген.

ҚТКК президенті Лариса Харькова. Алматы, 7 қазан 2015 жыл.
ҚТКК президенті Лариса Харькова. Алматы, 7 қазан 2015 жыл.

Лариса Харькова қызметкерге қарсы бағытталған, бірақ жұмыс берушінің мүддесін қорғайтын осы және өзге нормалар құжатты халыққа қарсы жобаға айналдырып отыр дейді.

- «Бұл - көптеген кәсіпорындағы құлдықты заңдастырып беру» деп бұрын да талай айтқанбыз, әлі де қайталаймыз, - дейді Лариса Харькова.

ҚТКК президенті «жұмыскерлер мен жұмыс беруші арасында туындауы мүмкін еңбек даулары мен жанжалдарын қарауда кәсіподақтардың рөлін мүлде кемітіп жіберген еңбек кодексі жобасы кәсіподаққа да қарсы кодекс» дейді. Оның үстіне Лариса Харькова жаңа еңбек кодексі жобасы елде жетілмей қалған ұжымдық шарттарды кәсіпорындарға енгізуге негізделгенін айтады. Бірақ оның пікірінше, оларды дамыту үшін мықты тәуелсіз кәсіподақтар керек, ал олар жоқ.

«Бұл - көптеген кәсіпорындарда бар құлдықты заңдастырып беру» деп бұрын да талай айтқанбыз, әлі де қайталаймыз.
ҚТКК президенті Лариса Харькова.

Мұның бәрі ҚТКК-нің қазір парламентте қаралып жатқан еңбек кодексі жобасын қарауды тоқтатып, қайта пысықтауға жіберуді және еңбекшілердің талқысына салуды сұрап, ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдауына түрткі болған.

Бұл - ҚТКК-нің еңбек кодексі жобасына байланысты ел президентіне жолдаған екінші үндеуі. Конфедерация президенті «бірінші үндеуде баяндалған жайттарға қатысты оң шешім қабылданған жоқ» дейді.

- Біз президентке жүгіну арқылы еңбек кодексі жобасын өткізу жөнінде шешім қабылдайтын әділет министрлігі мен өзге органдарға қозғау салғымыз келеді, - дейді Лариса Харькова.

Бұдан ертеректе Маңғыстау облысындағы 16 мұнай кәсіпорнының кәсіподақ ұйымдары жаңа еңбек кодексі жобасының үкімет ұсынған нұсқасын қарауды тоқтатуды сұраған. Мұнайшылар кәсіподақ ұйымының кейбір жетекшілері «еңбек кодексі жобасын сынағанымыз үшін қылмыстық қудалауға ұшырадық» деп шағымданады.

«ЕҢБЕК АДАМЫНА ДЕГЕН КӨЗҚАРАС»

Қазақстан кәсіподақтары федерациясы президенті Әбілғазы Құсайыновтың Азаттыққа айтуынша, «халыққа қарсы» терминін еңбек кодексі жобасына қатысты биыл жазда бұл федерация алғаш қолданған. Бірақ оның пікірінше, бұл термин ең басында - қоғамда жоба енді ғана талқылана бастаған кезде қолданылған.

Өздері қайда қарап отыр? Ұйықтап отырғаны несі? Жұртты неге шатастырады? Осыны түсінбеймін.
Қазақстан кәсіподақтары федерациясы президенті Әбілғазы Құсайынов.

Ол кәсіподақтар федерациясының еңбекшілердің құқығын қорғаудағы белсенді жұмысы мен «табанды позициясы» нәтижесінде жоба мазмұны көп жақсарды деп санайды. Өздерін «тәуелсіз кәсіподақ» деп атайтын қарсыластарын Құсайынов «популизммен айналысады, бүгін мәжілісте жұмыс уақытынан тыс еңбек үшін 1,5 пайыз қаралып жатса, олар әлі күнге дейін 1,25 пайыздық коэффицент деп байбалам салып жүр» деп сөгеді.

- Өздері қайда қарап отыр? Ұйықтап отырғаны несі? Жұртты неге шатастырады? Осыны түсінбеймін, - дейді Әбілғазы Құсайынов.

Президентшіл коммунистік халықтық партиядан сайланған депутат Владислав Косарев «Кейбір оппоненттеріңіз «халыққа қарсы» жоба деп атаған құжатқа қатысты партияның парламенттегі фракциясы қандай позиция ұстанды?» деген сұраққа:

- Бұл еңбек кодексі мемлекеттің еңбек адамына деген көзқарасын өзгертуге, жалпы еңбек жолымен жүруге, жұмысшы табы өкілін қорғауға бағытталған. Елдің қазіргі бүкіл саясаты адам мерейін асқақтатуға бағытталған, - деп жауап берді.

Оның айтуынша, заң жобасы талқыланып жатқан кезде еңбек кодексі жобасы қарсыластарының бірі де парламентке келмеген. «Талқылауға кәсіпкер Валерий Котович (парламенттің бұрынғы депутаты) ғана қатысты» дейді Владислав Косарев.

Жобаны әзірлеген денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің парламентте хабарлауынша, құжатта жұмыс берушілер үшін қызметкерді жалдау,кадр ауыстыру, жұмыстан босату, жұмыскерлер еңбегіне ақы төлеу мен еңбек жағдайына қатысты процедуралар жеңілдетілген және еңбек келісім-шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша үзуге негіздер кеңейтілген. Кодекс жобасына сәйкес, «өндіріс қысқарып, атқарылатын жұмыс пен көрсетілетін қызмет көлемі азаюы ұйымның экономикалық жағдайының нашарлауына ұласса» жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шарты үзілуі мүмкін. Жоба авторлары жаңа еңбек кодексінде мұндай негіздердің пайда болуын «экономикадағы қазіргі ауыр жағдаймен» байланыстырады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG