Accessibility links

Кәсіподақ ұйымы бөлімшелерін тіркете алмай жүргенін айтады


«Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясының» жетекшісі Лариса Харькова. Алматы, 7 қазан 2015 жыл.

«Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясының» жетекшісі Лариса Харькова. Алматы, 7 қазан 2015 жыл.

Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы елдегі 40 бөлімшесінің жартысы ғана тіркелгенін мәлімдеді. Бұған себепкер ретінде 2014 жылы қабылданған «Кәсіподақтар туралы» заң аталады.

«Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясының» жетекшісі Лариса Харькова өзге облыстардағы филиалдарын «әділет министрлігі әлі күнге тіркемей отырғанын» айтып наразы. Ол мұның басты себебі – 2014 жылы қабылданған «Кәсіподақтар туралы» заңның кәсіподақ ұйымының аймақтардағы бөлімшелердің бәрін алты айдың ішінде тіркеп үлгеруі керек деген талабы деп біледі.

– Сіз республикалық ұйымды жарты жылда құруға болады дегенді елестете аласыз ба? Негізі бұл мүмкін емес. Біз мүмкін нәрсенің бәрін жасадық. Құрдық. Бірақ оны дәлелдеу бізге емес, әділет департаментіне байланысты болатын. Біз 40 бөлімшенің тек 20-сын ғана тіркей алдық, – деді Лариса Харькова

Ұйымының жарғысы дұрыс екенін және тіркелгенін айтқан Лариса Харькова «үкіметтің біздің аймақтардағы кәсіподақтарды қудалауын түсінбеймін және ол абырой әпермейді деп білемін» дейді.

«ЗАҢДАРДЫ ЖҰМЫСШЫНЫҢ МҮДДЕСІ ҮШІН ӨЗГЕРТУ КЕРЕК»

«Жергілікті билік тәуелсіз кәсіподақтардың жұмысына кедергі келтіреді, дайын тұрған құжаттарға түрлі сылтау айтып тіркемейді» деген пікірді Маңғыстау облысындағы мұнай өңдеу объектілерін жөндейтін Oil Construction Company жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (ЖШС) еңбек қорғау жөніндегі инспекторы Нұрбек Құшақбаев та айтады.

– Егер билік назар аудармаса, тіркеу мәселесінде ешқандай да оңды шешім қабылдамаса, біздің жұмысшылар аштық жариялайды, – дейді ол.

Жұмыс беруші компания басшыларының көбі тәуелсіз кәсіподақтардың пікірімен санаспайтынын айтқан Нұрбек Құшақбаев «үкімет заңдарды жұмыс берушінің емес, жұмысшының мүддесі үшін өзгерту керек» деп санайды.

Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еңбек қорғау жөніндегі инспекторы Нұрбек Құшақбаев. Алматы, 25 қараша 2016 жыл.

Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еңбек қорғау жөніндегі инспекторы Нұрбек Құшақбаев. Алматы, 25 қараша 2016 жыл.

Нұрбек Құшақбаев Маңғыстау облыс аумағындағы мұнай компанияларында еңбек ететін жұмысшылардың құқығы жиі бұзылатынын айтады. Ол 2015 жылы қабылданған еңбек кодексін де «жұмысшылардың құқығын қорғамайтынын заң» деп біледі.

– Егер мекеменің шартына келіспейтін болсаңыз, сізді жұмыстан шығарып жіберуге болады. Мына жерде «жұмысшы жазбаша түрде жазбаса да, «келістім» деген қағаз болмайтын болса, акт толтыра беріп, жұмыстан шығаруға құқығы бар» екенін жазып қойған, – дейді Маңғыстаудағы Oil Construction Company ЖШС еңбек қорғау жөніндегі инспекторы Нұрбек Құшақбаев.

Азаттық тілшісі елдегі кәсіподақ ұйымдарының ахуалы жайлы пікірін білмекке тағы бір ұйымның – Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайыновқа хабарласқан. Өзін төрағаның көмекшісімін деп таныстырған Нұрлыбек есімді жігіт «кешке дейін жауап береміз» деп уәде еткен. Кеш бата қайта қоңырау шалғанда телефон тұтқасын ешкім көтермеді.

Әділет министрлігінен елдегі кәсіподақ ұйымдарының тіркелуі жайлы мәлімет алудың да сәті түспеді.

Қазақстанда «Кәсіподақтар туралы» заң 2014 жылы күшіне енген. Сол кезде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа заң «ұлттық, салалық және аймақтық деңгейде қабылданған шешімдерді төменгі сатыға дейін жеткізіп, орындалуын, әрі қызметкерлердің кәсіподақ органдары басшылығы және олардың бірлестіктерімен кері байланыс орнатуын қамтамасыз етеді» деп мәлімдеген.

Сол кезде кейбір тәуелсіз кәсіподақ ұйымдары заң белгілеген мерзімде үлгірмейтіндіктен қайта тіркеуден өте алмайтындарын айтып алаңдаған.

Қазақстандағы кәсіподақтар туралы заңның жайы Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы қарашаның 23-інде жариялаған есепте де айтылған. Ұйым Қазақстан билігіне жұмысшылардың жиналыс өткізу және кәсіподақтарға бірігу құқығын құрметтеуге, еңбек құқығын қорғағаны үшін белсенділерді жазаламай, керісінше қорғауды нығайтуға кеңес берген. HRW еңбек заңдарын, әсіресе еңбек кодексі мен кәсіподақтар туралы заңды адам құқығын қорғауға қатысты халықаралық актілерде қарастырылған талаптарды ескеріп, өзгертуді ұсынған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG