Accessibility links

Кәсіподақ пен тайм-менеджмент «артық жұмыстан» құтқара ма?


Тұңғыш президенттің тарихи-мәдени орталығы алдында тұрған металлург ескерткіші. Теміртау, 5 маусым 2015 жыл.

Тұңғыш президенттің тарихи-мәдени орталығы алдында тұрған металлург ескерткіші. Теміртау, 5 маусым 2015 жыл.

Мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін кей қазақстандықтардың жұмыс күні таңғы сағат 9-дан кешкі 9-ға дейін созылады. Сарапшылар бұл құбылыспен кәсіподақтар арқылы күресуді ұсынады.

Бұрынғы мемлекеттік қызметші Асқар Әуелбек - нормаланбаған жұмыс күні машақатын өз басынан өткерген адам.

- Қазақстандықтардың көбі «әйтеуір тұрақты жұмыс қой» деп мардымсыз жалақыға да жұмыс істеуге дайын. Ал мұндай жұмысты тамыр-таныссыз мүлде жолай алмайтын мемлекеттік құрылымдардан ғана табуға болады. Мемлекеттік қызметке іліксең болды, олардың жазылмаған ережелеріне автоматты түрде бағынасың. Оның ең біріншісі әрі ең бастысы - нормаланбаған жұмыс күні, - дейді Асқар Әуелбек Азаттыққа.

БЕЙНЕТІ КӨП ЖҰМЫС

Асқар Әуелбектің сөзінше, мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс күні әдетте кешкі сағат 9-ға дейін созылады. Мұның жаппай құбылыс пен үйреншікті жайтқа айналғаны соншалық, «уақытында кетемін» деп айтудың өзі ыңғайсыз, «ондай тәртіп жоқ» болғандықтан, бірден көзге шыққан сүйелдей көрінесің. Бірақ Асқардың айтуынша, ол жұмыс істеген ведомство басшылығы «кешкі сағат 9-ға дейін жұмыс істеңдер» немесе «сенбі күні де шығыңдар» деп ашық айтпаған. Мұның бәрі жариясыз жасалады, демалыс күні жұмысқа шығу туралы әлдебір бұйрық шығармайды. Азаттықтың сұхбаттаушысы «көпшіліктің ырқына көнбеген адамды жүйе ұстамайды» дейді.

Бұрынғы мемлекеттік қызметкер Асқар Әуелбек артық жұмыспен кәсіподақтар арқылы күресуді ұсынады.

Бұрынғы мемлекеттік қызметкер Асқар Әуелбек артық жұмыспен кәсіподақтар арқылы күресуді ұсынады.

Асқар Әуелбек «мұның себебі жұмыстың көлемінде емес» дейді. Оның айтуынша, кез келген сәтте жоғарғы органдар әлдебір ақпарат сұрап қалар деген қорқыныштан мекеменің бірінші басшылары жұмыс орнында отырады. Сондықтан құрылымдық бөлімше басшыларының да жұмыста отыруына тура келеді. Ал кей басшылар тиісті ақпаратты жетік білмегендіктен қарамағындағыларды да жұмыс орнында болуға мәжбүрлейді.

- Бірақ күні-түнімен жұмыста отыруына мүмкіндігі бар бірінші басшы мен қарапайым мемлекеттік қызметшінің арасындағы айырмашылыққа ешкім мән бермейді. Бірінші басшылар қарапайым клерктің жалақысынан үш еседей артық айлық алады. Олардың бала күтуші мен үй қызметшісін жалдауға шамасы бар. Ең үлкен бастықтардың жүргізушілері қызмет көлігімен бастықтың бала-шағасын да тасиды. Ал қатардағы маман тұрмыстық проблемаларын өзі шешуі тиіс, - дейді Асқар Әуелбек.

Бұған қоса, бұрынғы мемлекеттік қызметші «кейде жұмыс шынымен көп болады, бірақ оны көбінесе жасанды жолмен көбейтіп жібереді» дейді. Оның айтуынша, бос орындарға адам қабылдамайды, кейде басшылар жұмыс күні аяқталар алдында «ертең таңғы сағат 9-ға дейін дайын болсын» деп шұғыл тапсырмалар беріп қояды.

Асқар Әуелбектің айтуынша, жұмыс уақыты ұзақтығы баяғыдан жиі бұзылады әрі мемлекеттік орган басшыларының ешқайсысы мұны заң бұзушылық деп санамайды, оны барлық дерлік мемлекеттік органдардың басшылары «өндірістік қажеттілік» дей салады.

Мемлекеттік органдарда жұмыс істейтіндер жұмысымнан айырылып қалам ба деген қорқыныштан немесе өзге балама болмағандықтан, басшылардың қас-қабағын бағып, айтқанын қалтқысыз орындауға үйренген ғой. Мемлекеттік қызметшіге жұмысынан айырылғаннан кемсітуге шыдаған жеңіл көрінеді.

- Меніңше, жұрттың менталитетін өзгертіп, бастықтың айтқаны әрдайым жөн деп санауды тоқтату керек. Мемлекеттік органдарда жұмыс істейтіндер жұмысымнан айырылып қалам ба деген қорқыныштан немесе өзге балама болмағандықтан, басшылардың қас-қабағын бағып, айтқанын қалтқысыз орындауға үйренген ғой. Мемлекеттік қызметшіге жұмысынан айырылғаннан кемсітуге шыдаған жеңіл көрінеді. Шен-шекпеніне, дәрежесіне қарамастан, жұрттың бәрі заңға бағынуы тиіс деген қағиданы берік ұстану керек. Қызметкерлердің құқығын қорғау үшін мықты кәсіподақтар құру керек. 2014 жылы Қазақстан Республикасының «Кәсіподақтар туралы» заңы қабылданды ғой, сондықтан заңдарымыз қағаз жүзінде қалмай, іс жүзінде жұмыс істесе дейсің, - дейді Асқар Әуелбек.

КӘСІПОДАҚ ҚҰРУ ҰСЫНЫСЫ

«Азаматтық қорғаныс» қоғамдық ұйымының төрағасы Андрей Ушаков нормаланбаған жұмыс күнінен зардап шеккендерді «жылай бермей, ұйымдасуға» шақырады. Азаматтық белсенді мемлекеттік қызметшілерге кәсіподақ құруға кеңес береді. Бірақ мекеме-ұйымдардың көбінде кәсіподақтар қағаз жүзінде ғана болғандықтан, олардың жұмысынан нәтиже шығатынына ол онша сеніңкіремейді.

Шынымен, мемлекеттік органдардың көбінде еңбек заңы орындалмайды, жұрт үндемейді де, бастықтар мойынға отырып алады.

- Шынымен, мемлекеттік органдардың көбінде еңбек заңы орындалмайды, жұрт үндемейді де, бастықтар мойындарына мініп алады. Жаңадан қабылданған еңбек кодексі бар емес пе, енді тек соған сәйкес әрекет ету керек. Қызметкерге кесімді жұмыс күні белгіленсе, ол жұмыста сол уақыттан артық қалмауы тиіс, - дейді Андрей Ушаков.

Ресми тұрғыдан онша талқыланбағанымен, Қазақстанда мемлекеттік қызмет саласында «нормаланбаған жұмыс күні» деген проблема баяғыдан бар екенін айтқан жөн. Мемлекеттік қызметшілер, әсіресе жастар мұны ашық айтудан көбінесе қорқады. Қызметкерлер мұндай проблеманы жұмыстан шығып кеткен кезде ғана айтады. Ал өздері де жұмысынан айырылып қалудан қорқатын әріптестері мұндай жандарға көмектесуге тырыспайды.

Кезінде бұл проблема жайлы қазақстандық кейбір БАҚ жазған. Мысалы, астаналық Astinfo.kz сайты мәжіліс депутаты Жақып Асановтың (қазір бас прокурор) «Қазақстанда министрліктер мен ведомстволардың таңғы сағат 9-дан кешкі 9-ға дейін жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілері жүрек-қан тамырлары, диабет, қан қысымының көтерілуі сияқты дерттерге жиі шалдығады» деген пікірін жариялаған.

Сайт Асановтың «Экономика министрлігі қызметкері аптасына бес күн қатарынан әрі тәуліктеп, кейде сенбі күні кешкі сағат 6-ға дейін, тіпті түнгі 12-ге дейін жұмыста отырады. Мұндай режимде жұмыс істеген адамның спорт залға барып шұғылдануы екіталай, өйткені оған ақшасы да (жалақысының жартысын министрлік асханасында қалдырады), уақыты да жоқ. Shell компаниясы қызметкері таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істеп, WorldClass фитнес-орталығына бара алады, оның жылдық абонементін компания төлейді.

Қазақстан парламенті төменгі палатасының депутаттары. 18 ақпан 2015 жыл.

Қазақстан парламенті төменгі палатасының депутаттары. 18 ақпан 2015 жыл.

Ал пекиндік мекеме қызметкері таңғы сағат 8-ден кешкі 5-ке дейін жұмыста болып, үзілісте әріптестерімен бірге музыка қойып6 жаттығу жасайды. Нәтижесінде көңіл-күйі жақсарып, жұмысқа қабілеті артады. Олар қызметкерлерінің денсаулығы үшін онша алаңдамайды, ал біздің экономика министрлігі қызметкері туралы олай айта алмаймыз. Астанада мұндай 10 мыңдай мемлекеттік қызметші бар, олар - біздің болашақ басқарушы мамандарымыз, саясаткерлеріміз» деген сөзін келтіреді.

Парламенттің бұрынғы депутаттары мұндай проблема бар екенін білгенімен, оларды шешу жолдарын білмейді. Сенаттың бұрынғы депутаты Фарит Галимов кезінде түнге дейін жұмыс істегенін мойындайды. Бұрынғы депутат «Мұндай жүйемен күреспедім, бірақ одан қор болып қалған жоқпыз, әлі тіріміз. Ал адамға жұмысы ұнамаса, оны ешкім ұстамайды ғой. Жастар жас кезінде жұмыс істесін» дейді.

Экономика министрлігі қызметкері аптасына бес күн қатарынан әрі тәуліктеп, кейде сенбі күні кешкі сағат алтыға дейін, тіпті түнгі 12-ге дейін жұмыста отырады. Мұндай режимде жұмыс істеген адамның спорт залға барып, шұғылдануы екіталай, өйткені оған ақшасы да (жалақысының жартысын министрлік асханасында қалдырады), уақыты да жоқ.

Парламенттің тағы бір бұрынғы депутаты Мұхамбет Көпеевтің пікірінше, жұмыс кестесін дұрыс құра білу керек. Көпеев нормаланбаған жұмыс күніне үзілді-кесілді қарсы. Көпеев «жұмыс уақытынан кейін қалып жұмыс істеу - үнемі айтылып жүрген проблема, сондықтан мұның бір шарасын жасаудың уақыты келді» дейді. Бірақ нақты қандай шара екенін айтпады.

Министрлік пен департамент басшыларының бұл мәселеге қатысты пікірін білу қиындау болды. Шенеуніктер сауалды ведомстволарының баспасөз қызметі арқылы жолдауды сұрады. Ал баспасөз қызметі өкілдері «ресми сауал жолдасаңыз, бір апта ішінде жауап аласыздар» дейді. Бірақ Алматы қаласы Медеу ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Айдынжан Нарматов мемлекеттік қызметтегі нормаланбаған жұмыс күніне қатысты жағдайды қызметкерлердің сылбырлығымен байланыстырады.

- Әр қызметкердің өзіне жүктелген функционалдық міндеттері бар. Егер үлгермесе, халықтың қамы үшін кешке қалып істеуге міндетті. Бірақ мұндай жағдай күнде болмайды ғой. Үлгермей жатса, түсінеміз әрі көмектесеміз. Бізде жұмыс кестесі сағат 9-дан кешкі 18-ге дейін, мереке және демалыс күндері жұмыс істемейміз. Бізде жұмыс уақытынан кейін қалып жұмыс істейтіндер жоқ, - дейді Айдынжан Нарматов Азаттыққа.

2014 жылы Қазақстанда үкіметті реформалау жүргізіліп, елдегі 17 министрлік пен 54 комитеттен 12 министрлік пен 30 комитет қалған.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG