Accessibility links

Кейбіреулер Мәскеу қазақша сөйлеп кете ме деп қорқар


Мәскеудегі «Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердің дамуын қолдайтын «Астана» қорының президенті Жарқын Өтешова

Мәскеудегі «Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердің дамуын қолдайтын «Астана» қорының президенті Жарқын Өтешова

15 миллион халқы бар алып мегаполис Мәскеудегі отыз мыңдай қазақтың шешуін таппаған мәселелері жетерлік. Мәскеу қазақтарының жай-күйі туралы Азаттық радиосына арнайы сұхбат берген Мәскеу қаласындағы «Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердің дамуын қолдайтын «Астана» қорының президенті Жарқын Өтешова ой бөліседі.

ЖАЙЛАУКӨЛ ЖОҚ ДЕГЕНГЕ СЕНГІМ КЕЛМЕЙДІ...

– Ең әуелі Азаттықтың оқырмандарына өзіңіз, туып-өскен жеріңіз жайында мәлімет бере кетсеңіз? Мәскеуде қай уақыттан бері тұрасыз, немен айналысасыз?

Мен осыдан жарты ғасыр бұрын Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы Ақтоғай ауылында дүниеге келіппін. Осы ауданға қарасты Жайлаукөл деген совхозда 1973 жылы он жылдық мектепті бітірдім. Қазір бұл совхоз тарап кетті дейді. Көшкен құмнан тұрған төбе бүгін бар, ертең жоқ болатын Бетпақдаланың шетінде орналасқан совхоз еді.

Жазда құмға көмсең жұмыртқа пісетін, ыстықтығы соншалық, жалаң аяқ жүре алмайтынбыз. Қаракөл терісінің түрлі сортын беретін өте бай, табиғаты қатаң өзгеше жерге орналасқан ауыл еді.

Ал, көктемде табиғаты сөзбен айтқысыз керемет сұлу еді! Қырғыздың Шу өзені кемерінен асып жайылып, құмның шөлін қандыратын. Оңтүстіктен қайтқан барлық құс атаулы сол жайылған суға қонатын. Ол суда бүкіл балық атаулы болатын. Құм даладағы ең биік ағаш жиде мен сексеуіл гүлге оранып, адам бойымен бірдей ең құнарлы, пайдалы изен сияқты шөптер шайқала билеп, суретшілер ғана түсініп, айта алатын түрлі-түсті реңге боянатын.

Бұл кезде Шу өңірі бедірейген бедеу Бетпақтың шеті деп айтуға болмайтын күйге енетін.

Сондай бір көктемнің күнінде атақты Шәмші Қалдаяқов пен Ілия Жақанов ағаларымыз келіп, осы жерде «Жайлаукөл кештері» әні туған. Ал осы әнді ауылдың сахнасында бірінші рет орындаған едім. Амал қанша, уақыт өтіп, өмір озады, Жайлаукөл қазір жоқ дегенге сенгім келмейді...

1980 жылы Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы Педагогикалық институтының жаратылыстану бөлімін бітірдім, мамандығым химия-биология пәнінің мұғалімі. Жолдасым Рақымбай Мыңжасаровты Алматыдағы Қ. Сәтпаев атындағы қазақтың ұлттық политехникалық институтын бітіргеннен кейін арнайы жолдамамен Ақтау қаласындағы осы институттың филиалына сабақ беруге жіберді. Мен осы қаладағы №11 жалғыз қазақ мектебінде сабақ бердім, директордың орынбасары болып жұмыс істедім.

"МӘСКЕУДЕГІ ЖҰМЫСЫМ АТАН ТҮЙЕГЕ ЖҮК БОЛАРЛЫҚ..."

Күйеуім жеті жыл Ақтаудағы қызметін атқарғаннан кейін Мәскеудегі Бауман атындағы университетке аспирантураға түсті. Бір жарым жылдан кейін күйеуімнің денсаулығына байланысты мен де екі баламды алып Мәскеуге көшіп келдім.

Содан бері міне, жиырма жылдан аса уақыт өтіпті. Жолдасым ғылыми жұмысын қорғап, университетке жұмысқа тұрғанша, әрі балалар өсіп, қала ішінде өз беттерімен жүруге жарағанша мен жұмыс таңдап, жанымды күткенім жоқ. Жатақханада кезекші, түнгі комендант, дүкеннің арнайы тапсырыс бөлімінде жұмыс істедім. Менің қазақстандық дипломыммен Совет өкіметі кезінде Мәскеуде жұмысқа тұру мүмкін болмады. Паспортымызды тіркемейтін.

Ол кезде Қазақстаннан келген барлық аспиранттар мен студенттер күн көру үшін көше сыпырып, еден жуатын. Балаларды қосымша оқыту, әрі тұратын баспана үшін өзім де еден жуып, көше сыпырдым. Одан жиреніп, ұялғаным жоқ. Менімен бірге жұмыс істеп, қазір қызметте жүргендер оны айтуға ұялып, жасырады. Ұрлық істеген жоқпыз ғой, оны жасырудың қажеті не?

Денсаулығым болмай, емханаға жатқанға дейін осылай бірнеше жұмыстарды қатар алып жүрдім. Содан 2000 жылы денсаулығыма байланысты демалысқа шықтым. Сол күннен бастап, Мәскеу қазақтарының өміріне байланысты қоғамдық жұмыстармен айналысып келемін.

Алғаш келіп араласқанда қоғамның жұмысы жылына бір «Наурыз», елшілікте балаларға арналған «Жаңа жыл» мерекесін (орысша)өткізіп, Мәскеу өміріндегі түрлі ағымдағы тіршілікпен өтіп жататын. Төрт қабырғасы, екі –үш үстелі мен орындықтары бар бөлмеге орналасқан «Қазақ тілі» қоғамына екі айдай келіп- кетіп жүрдім де, болмас деп іске кірістім.

Ол кезде төраға болып жүрген Ж.Елекбаевтың жұмыс орнына (негізгі жұмысы басқа жерде) барып, бізге компьютер т.б. құралдар керек екенін айттым. Көзі ашық, қалталы жігіт бірден түсініп, барлық керекті заттарды жеткіздіріп берді. Бір айдан кейін мені өзінің орынбасары етіп бекітті. Сол күннен бастап менен маза кетті.

Алғаш рет Мәскеудегі қалалық әкімшілік ұйымдастырған мерекеде біздің балалар қазақтың ұлттық киімін киіп, қазақ тілінде ақын Ж.Молдағалиевтың «Мен қазақпын» өлеңін оқып, диплом алды. Оны Ресейдің барлық телеарналары көрсетті. «Қазақ тілі» қоғамының атынан Қазақстан елшілігінің ғимаратында қазақ тілінде балалардың «Жаңа жыл» кешін өткіздік.

Мәскеу балалары бірінші рет қазақша сөйлегенде елшіліктің тас қабырғалары да тебіренген шығар деп ойлаймын. Елшілік қызметкерлерінің балаларына арналған кештерінің өзі тек орыс тілінде өтеді. Мен «Қазақ тілі» қоғамынан кеткелі сол аурулары қайта басталыпты.

2004 жылы Қазақстанда қазақ тілі мен әдебиетінен алғаш өткен «Қазақстан – атажұртым, қасиетім –ана тілім» атты I Халықаралық олимпиадаға Мәскеудегі қазақ балаларын қазақ тілінде оқытып, алып бардым. Жыл сайын олимпиададан-олимпиадаға қатысқан балаларды облыс әкімдеріне, Білім және ғылым министрлігіне өтініш жасай отырып, Қазақстандағы балалардың демалыс орындарында демалуын ұйымдастырдым.

Бурабайдағы «Балдаурен» демалыс орнында Мәскеу балалары үш жыл қатар демалды. Осындағы олимпиадаға биыл алтыншы жыл қатарынан қатысып келеміз. 2007 жылы Қазақстан Ұлттық телеарнасының 50 жылдығына арналған «Балдәурен» әншілер байқауына қазақ тілінде ән айтып қатысқан қызымыз Жанна Қазақстанда 300 баланың ішінен жүлделі орынға ие болды. Алғаш рет Мәскеудегі зиялы қауымның қарттар тобы Түркістан-Шымкент-Тараз қалаларында болып, зиярат етіп қайтты.

2006 жылы Ақтөбе, 2007 жылы Маңғыстау облыстары әкімдерінің қаржыландыруымен Мәскеуден он қазақ баласынан тұратын топ екі облыс өңіріне барып аралап қайтты.

Барып келді, қатысып қайтты деген айтқанға ғана оңай, ал олардың жол қаражаттары мәселесін шешу кезінде өзіңе көйлек сұрағандай немесе олар ақшаны өзінің қалтасынан беретіндей болатынын, кекірейген талайларға кезігетініңді кімге түсіндіре аласың?

Олимпиадаға барар кезде біз үшін мұнда ешкімнің басы ауырмайды, оқушы да, мен де өз қаражатымызға барамыз. Елде де біз ешкімге керек емеспіз, қалай келеміз, қалай дайындаламыз, қалай кетеміз бәрібір. Оларға жоспар бойынша "Бәлен елден бәлен бала келді, ойхой, Қазақстанда халықаралық олимпиада өтті" деген мәлімет болса жетіп жатыр.

Олимпиада өз дәрежесінде өте ме, жоқ па, ол да ешкімді толғандырмайды. Соңғы олимпиадалар шаңы шыққан жерге қолмен су сеуіп өткендей ғана дәрежеде болды. Бармайын десең алдыңдағы баланың талабын қайтарғың келмейді.

Сын түзелмей, мін түзелмес деуші еді, 2007 жылғы өткен олимпиада туралы басылым бетіне жазған сын мақалам үшін маған 2008 жылғы олимпиадаға шақыру қағазын жібермеді. Кім..? Жауап жоқ. олимпиадаға баруға өтінішті мен бір жарым ай бұрын жібергенмін, шақыру қағазсыз-ақ бардым. Биыл да әлі күнге шақыру қағазы келген жоқ.

Алдыма бір бала келсе, жетелеп, шақырусыз қонақ болсам да барамын олимпиадаға, бала болмай қалса, амал жоқ. Ол күні Мәскеудегі қазақ тілі жабылды деп есептеңіз. Міне осындай тілді, мәдениетімізді сақтау барысындағы рақметі аз, "атан түйеге жүк боларлық" жұмыстармен айналысамын.

- Өзіңіз бұрын қызмет атқарған «Қазақ тілі» қоғамы Мәскеу қазақтары үшін нендей игілікті шаралар атқарып жатыр?

- Бұл қоғамда жұмыс істеп жүргенде барлық жобаны өзім ойлап тауып, өзім шештім, жүгіріп қаражат іздедім. Сол себептен де бұл ортадан кетуіме тура келді. Қазақ атам «ағайын бар болса, көре алмайды, жоқ болса, бере алмайды» деп дұрыс айтқан ғой. Мен кеткелі игілікті бір іс жасағандарын көрмедім де, естімедім де. Сондықтан бұл қоғам туралы ештеңе айтпағаным дұрыс болар.

«АСТАНА» ҚОРЫ МӘСКЕУДЕГІ ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ МЕН ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТТЕРДІҢ ДАМУЫН ҚОЛДАЙДЫ

- «Астана» қорының жұмысы туралы айтсаңыз, бұл жобаның мақсаты қандай, демеушілеріңіз бар ма?

- 2007 жылы Қазақстан мен Ресей аймақтарын қосқанда 12 рет жолсапарға шығуыма тура келді. Жол шығындарының жартысын өз қалтамнан төледім. Омбыға, Оралға ғылыми конференцияға (тіл және мәдени мұра тақырыбында) Тверьге, Подольскіге қоғамдық волонтерлік жұмыстар бойынша, Ақтауға балаларды апардым, Ақтөбеге Қобыландының кесенесінің ашылуына шақырумен бардым, Түркістанға қарттарды апардым, Қызылордаға, Шымкентке қоғамдық жұмыспен бардым, Таразға қарттарды апардым, Алматыға екі рет конференцияға және оқушымды ән жарысына, Талдықорғанға олимпиадаға оқушы алып бардым.

Осы жолсапарлар «Қазақ тілі» қоғамындағы қазақтарымның қызғанышын туғызып, жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді, ол жерден кетуім керек болды.

Әр нәрсенің бастауы болады демекші, бұл жағдай Мәскеудегі «Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердің дамуын қолдайтын «Астана» қорының ашылуына себеп болды. Осылайша 2008 жылы «Астана» қоры өзінің жұмысын бастады. Жобаның мақсаты – осы қор қанатының астына ұлтына қарамай Мәскеудегі барлық қазақстандықтарды жинай отырып, халқымыздың тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін ұрпақ бойына сіңіру, сақтау.

Мәскеуде қазақстандықтардың басын қосатын тұрақты мәдени орталық, кітапхана, мұражай ашу. Мәскеу және Мәскеу өңіріндегі қазақстандықтардың ескерткіштерінің тізімін жасап, мемлекеттік дәрежеде қорғауға алу. Ресей Сыртқы істер министрлігіне қарасты жерде орналасқан «Меридиен кантри клаб» атты гольф-клубы бар. Осы жерде ҚР президенті сыйлаған қазақтың киіз үйі тұр. Сол киіз үйді «Астана» қоры қамқорлыққа алып және сол жерде «Наурыз» т.б. ұлттық мерекелерді өткізіп келеміз.

«Астана» қорының жанынан «Ақсақалдар кеңесі» ашылған.Ондағылар – сонау елуінші жылдарда Мәскеуге келіп орналасқан ағаларымыз бен апаларымыз. Кеңестің құрамында жиырма адам бар. Кезінде СССР Жоғарғы Советінде қызмет жасаған Фахир Абдухалықов, Ұлы Отан соғысының ардагері, полковник Хәкімжан Мұхамеджанов ағаларымыз әр уақытта ақыл қосып, қордың жұмысына көмектесіп отырады.

МӘСКЕУДЕГІ КИІЗ ҮЙДІҢ МҰҢЫН МИНИСТР ДЕ ЕЛЕМЕДІ

Әңгіме кезегінде айта кетейін, жақында интернеттен ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің блог тұғырнамасын оқи отырып, осы жобамызға байланысты сұрақ қойдым. Сол сұрақ–жауапты толығымен қаз- қалпында назарларыңызға ұсынайын:

Сұрақ қою: Өтешова Жарқын Қоңырбайқызы № 9037

Блог авторы: ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Құл-Мұхаммед М.А.

Санаттар: МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ

Құрметті министр мырза! Мен Мәскеуде тұратын қазақтардың «Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердің дамуын қолдаудың» Астана қорының» президенті боламын. Ресейдің ең алдыңғы қатарлы гольф-клубында Қазақстан Республикасының президенті сыйлаған киіз үй бар. Біздің қор сол киіз үйді қамқорлыққа алған. Мүмкіндігімізше барлық қолымыздан келгенді жасаудамыз.

«Астана» қорының құрылғанына бір ғана жыл болды, әзірге мүмкіндігі жоқтың қасы. Киіз үйдің қазіргі жағдайы төмен. Бүкіл қазақ халқының мәдениетін көрсетіп тұрған халқымыздың шет жердегі мұрасын (осы елдегі жалғыз киіз үй) сақтап қалуға қандай көмек жасай аласыздар? Бұл туралы мәселені баспасөз бетіне де (Мен «Ана тілі» газетінің Ресей мен Мәскеудегі меншікті тілшісімін) жазып, министрлікте де (2008 жылдың 25 тамызында) болып баяндап қайттым. Әзірге өзгеріс жоқ.

Қазаққа керек болмаса ол киіз үйді басқа ұлт қайтсін, әсем гольф-клубтың (аумағы 127 гектар) сәнін бұзады деп, жинап тастау бір сағаттық қана жұмыс. Басқа ұлт өкілдерінің бұл жерге қолдары жетпей отыр. Мемлекет басшысы сол жерге тіккен киіз үйге қолдау жасасақ болар еді. Бұл жерге алыс-жақын шет елдің жоғары лауазымды өкілдері келеді, сол жұрттың алдында біздің мәдениетіміз жарқырап тұрса бәрімізге абырой емес пе?

Сонымен қатар Мәскеу мен Мәскеу төңірегіндегі қазақ халқының атақты ұл-қыздарына қойылған ескерткіштерді де (Ә.Молдағұлова, Б.Момышұлы, ұлы Абай, т.б.) заңды түрде қорғауға алар уақыт келген сияқты. Киіз үй сол ескерткіштердің бірі емес пе? Сіздің осы жұмыстарға түсіністікпен қарауыңызды сұраймыз! Құрметпен, Өтешова Жарқын Қоңырбайқызы! 30 сәуір 2009 ж. 19:54:27
Жауаптар 18.05.2009. 11:01:22

Құрметті Жарқын Қоңырбайқызы! Сіздің Мәскеу қаласының жанындағы Нахабино елдімекенінде орналасқан гольф-клубтағы Елбасы сыйға тартқан қазақтың ақ отауының қазіргі жай-күйін айтып, жанашырлық танытқаныңызға алғысымды білдіремін. Өкінішке қарай, аталған мәселені шешуге министрліктің 2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджетінде қаржы қарастырылмаған болатын. Осыған орай, аталған мәселені кейінге қалдыра тұру жөн деп есептеймін. Құл-Мұхаммед М.А.

2008 жылы 2009 жылға бюджеттік жоспар қабылданбай тұрғанда жіберілген хатқа да тура осындай жауап келген болатын. Жалпы жаттанды жауап болса керек. Мені қойшы, кейінге қалдыруды жөн деп күтуге шыдаймын ғой, қысы –жазы «көз жасыңа сенбес Мәскеудің» ауа-райына киіз үй шыдар ма екен? Хатты дауыстап оқып беремін ғой киіз үйге, мүмкін түсінер. Мәдениет министрлігі киіз үйді, шет елдегі ескерткіштерді қазақтың, халқымыздың мәдениетіне, мұрасына жатқызбаса амал не?...

Отырған бөлмеміздің ақысын, жүргізіп жатқан жұмыс жобаларымызды іске асыруды демеушілер қаржыландырады. Бұлар қазақстандық түрлі ұлт өкілдері.

РЕСЕЙДЕГІ ҚАЗАҚТАРДЫҢ ТІЛІНЕ ЖОҒАЛУ ҚАУПІ ТӨНІП ТҰР

– Сіз «KUMANIA» Еуропа қауымдастығының Мәскеудегі өкілісіз, мұндағы қызметіңіз немен байланысты?

– Бұдан бірнеше жыл бұрын Алматыдағы №154 мектепке ғалым, атақты түрколог Мандоки Қоңыр Иштванның аты берілді. Осы мектептің директоры Ернар Масалим, филолог-ғалым Ерден Қажыбек, Қоңырдың жесірі Айша ханым, сондай-ақ Қазақстандағы Венгер елшілігінің ұйымдастыруымен марқұмды еске алу, еңбектерін зерттеу туралы халықаралық конференция өтті. Сол конференцияда мені осы «KUMANIA» Еуропа қауымдастығының Мәскеудегі өкілі ретінде қабылдады.

Конференцияда қабылданған міндеттердің бірі осы ашылған мектептің алдына Мандокидің ескерткішін орнату еді. Мен сол күннен бастап, осы ескерткішке қаражат жинауға кірістім. Ол кезде Атырау қаласының әкімі, қазір Атырау облысының әкімі Ырысқалиев Бергей мырзамен байланыс жасап, хат жазып жерлес апалары Айша ханымға көмек көрсетулерін сұрадым. Әрине менің көмегімсіз-ақ мектеп алдына ескерткіш қойылды.

Мәскеу балаларын жылда Қазақстанда өтетін олимпиадаға дайындауда Мандокидің қазақ тіліне, Венгер елінде қазақ мәдениетін көтеруге, сақтауға қосқан еңбектеріне тоқталып өтеміз. Ресейдің басқа аймақтарында тұратын қандастарымыздың арасында осындай шеттегі ағайынның қазақ халқы алдындағы еңбегін уағыздауға қолдан келгенше еңбек етудемін. Айша ханыммен басқа қоғамдық жұмыстар жөнінде ақылдасып, хабарласып тұрамыз. Қысқасы, менің қызметім Мәскеу мен Мажарстан қазақтары арасында үзілмейтін байланыс орнатып, кездесулер өткізе отырып тілімізді, мәдениетімізді жас ұрпаққа жеткізумен байланысты.

– Мәскеу қазақтарының бүгінгі таңда шешімін таппай отырған қандай мәселелері бар?

– «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген ғой.Оны айтып отырғаным, шетте жүрген ат төбеліндей аз ғана қазақтың бірлігі жоқ. Сондықтан да әлі күнге бір белгілі орталық құра алмай отырмыз.

Тіл мәселесі, оны оқыту бүгінгі күннің ең өткір мәселесі. Ақпарат түрінде бәрі жақсы, шындығында Ресейдегі қазақтардың тіліне жоғалу қаупі төніп тұр. Қайта жергілікті өкімет орындары университеттерде, мектептерде курстар ашып, сағаттар бөлуде, біз соны пайдалана алмай отырмыз.

Университеттерде, институттарда қазақ тілін оқытатын маман жоқ. Былтырғы жылы төрт оқу орнында ашылған бөлімдер жабылуға жақын.Біріншіден-төленетін ақы аз, екіншіден- маман жоқ, үшіншіден-маманға жағдай жасалмайды. Бұл мәселенің барлығы мемлекеттік тұрғыдан шешілуі керек. Мектеп жасындағы балаларды оқыту үшін бөлме, оқулық, маман, қаражат керек.

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің өте жақсы бастамасы бар, сол бастаманы кеңейтіп үкімет мемлекеттік дәрежеде қолданса жақсы болар еді. Олар Мәскеудегі Тілдер институтымен келісімшартқа отырып, екі жылға өз университетінен бір маманды Мәскеуге жіберіп отырады.

Ол оқытушының тиісті дәрежеде айлығы, тұратын орны бар. Енді сондай оқытушылар санын көбейтсе жақсы болар еді. Қазір осы оқытушы оқытып жатқан бөлімдегі жеті мәскеулік студент таза қазақша сөйлеп жүр. Биылғы «Астана» қоры өткізген «Наурыз» мерекесінде мүдірмей қазақ мақалдарын, салт-дәстүр түрлерін айтқанда, қазақша білмегендігіне осындағы аталарымыз бен апаларымыз ұялды.

Жоғарыда отырғандар осындай жұмыс жүріп жатқанын, келісімшарт барын жақсы біледі, ал оны неге кеңейтпейді, әлде Мәскеу қазақша сөйлеп кетеді деп қорқа ма? 2007жылы осы Тілдер институтынан қазақ тілін оқытатын бөлімге Ресей аймақтарындағы қазақ балаларына арнап арнайы топ ашайық деген ұсыныс болған, ол үшін ресми орындардан ресми хат жіберуді сұраған еді. Елшілікке хабарлап, елдегі ақпарат бетіне осы туралы арнайы мақала да жаздым.

«Таз таранғанша, той тарқайды» болып ресми қағаздар дер кезінде жетіп үлгермеді. Содан құжаттарын тапсырған жеті бала конкурстан өте алмай қалды. Аузымызға салғанды шайнай алмай жүрген жайымыз осы. Бір-бірімізді күндеуге келгенде ешкімге дес бермес едік.

Ұлттық би, домбыра үйрету үшін ұлттық киімдермен бірге домбыра да қажет. Бұның бәрін қазір өз мүмкіндігімізше шешудеміз, ол мардымсыз тірлігіміз мына ғарышты игерген заманда жарысқа арба мініп шыққанмен бірдей...

Айта берсең арман көп...Елшіліктегі мейрамханадан басқа Мәскеуде қазақ ұлттық тағамдарын дайындайтын бірде-бір не кафе, не ресторан жоқ. Қазақтарда ұлттық тағам жоқ па? Біз жастарымыздың өз тілінде сөйлеп, мүмкіндігінше өз ұлтымен отау құрғанын қалаймыз. Ал сол жастарымыз бас қосып алаңсыз отыратын, жан-жағына жасқанбай қарап, әңгіме-дүкен құра алатын бірде бір баспана жоқ.

Қазақ халқының кәде-сыйларын сататын дүкен, тіпті бұрыш та жоқ. Кеңес өкіметі кезінде Мәскеуде қазы-қарта, қойдың басын, қымыз сататын арнайы дүкен болатын. Сол дүкеннің бір бұрышында кәде-сыйлар да сатылатын. «Библио Глобус» кітап дүкенінде қазақ тілінде кітаптар сатылатын. Ресейдің Орталық көрмесінде қазақтардың арнайы павильоны болатын, қазір ол да жоқ. Бір көкеміз біреуге сатып жіберіпті дейді білгіштер.

Қырғыз ағайындар киіз үйлерін тігіп сол көрмедегі орындарында әлі отыр. Қаланың іші түгілі бұл ағайындар Мәскеу облысы мен Калуга облысының шекарасына орналасқан «Этноқалашыққа» отыз екі киіз үйін тігіп, «Хан үйін» орнатып сол жерде құрылтайларын өткізіп тұрады. Бұл туралы мен «Ана тілі» газетіне «Намысы бар жігіттер бар ма екен?» деген мақаламда жазғанмын, ешкім де селт еткен жоқ.
Ол жерде жер шарында тұратын барлық ұлт өкілдеріне жер бөлінген. Басқа халық ТМД елдері түгілі Америкада, Моңғолияда, Үндістанда үйлерін тұрғызып, күркесін тігіп елдігін көрсетіп қойған, ал қазақтың жері бос тұр. Ол түгілі жоғарыда айтылған жалғыз киіз үйіміз анау ғой, жаңбырмен бірге жылап тұрған. Не керек, қазір мереке сайын керек заттың бәрін елден алғызамыз. Осы жайлардың барлығы менің өлеңдерімде, әңгіме, мақалаларымда жазылған.

МӘСКЕУ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ЖАЛПЫ САНЫ ТУРАЛЫ СТАТИСТИКА ЖОҚ

– Скинхедтер мәселесі туралы осы қаланың тұрғыны ретінде не айта аласыз?

– Өте қиын сұрақ. Бұлар адамдықты, мейірімділікті жоғалтқандар ғой. 2008 жылдың желтоқсан айында қазақстандық студент мерт болған кезде бұлар туралы ақпарат жинағанымда интернет, баспасөз бетінен талай сұмдықтарды оқып шошыдым.

Теледидардан да көрсетіп, тыйым да салып, жаза да қолданып жатады. Қарапайым халық оларды жазалауды, мұндай жантүршігерлік сүреңсіздікті тоқтатуды талап етеді. Мәскеудегі Ұлттар үйінде жылына бірнеше рет бұларға қарсы акциялар, жиындар өткізіліп, оның қорытындысы өкімет орындарына жіберіліп отырады.

Бұл да бір жазылмас ауру сияқты ғасыр зобалаңы ғой. Не айта аламын, алдыма келген оқушылар мен студенттерді байқап жүріңдер, жеке жүрмеңдер, кешке қалмаңдар деп ескерткеннен басқа қолымнан ештеңе келер емес. «Сақтансаң, сақтаймын!»деген ғой.

– Мәскеу қазақтарының жалпы саны қанша, онда тұратын қазақтарға Қазақстан тарапынан қандай көмектер берілуде?

– Мәскеу қазақтарының жалпы саны соңғы мәліметтер бойынша, 30 мыңға тарта дейді. Жалпы анық статистика жоқ. Елшілікте жылына екі рет (Тәуелсіздік күні, Жеңіс күні) қазақстандық ардагерлерді жинап дастархан жайып, сыйлықтар тапсырады, Наурыз мерекесінде тегін концерттер көрсетіледі. Әртүрлі кездесулер, көрмелер өткізіп тұрады.Басқа айтарлықтай мерекелер байқалмайды.

– Мәскеулік қазақтардың ана тілінде ақпарат алу мүмкіндігі қай дәрежеде?

– Елшілік ғимаратынан Қазақстанда шығатын газеттерді (кешігіп жеткен) алуға болады. Мүмкіндігі барлар интернеттен немесе теледидар арқылы (табақша орната алғандар) ақпараттанады. Тұрақты орталық болмаған соң осы.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы шығаратын шетел қазақтарына арналған басылымдарды өзіміз елге барғанда алып келеміз, соны бізге жеткізуді ұйымдастырудың жолын таппай отырмыз. Оны да ресми адамдар шешпесе болмайды. Кеден мәселесін шешіп, жол ақысын, жауапты адамын табу керек...Айта берсең, арман да көп, орындалмай отырған талабымыз да жетерлік.

– Сұхбатыңыз үшін рахмет!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG