Accessibility links

Аргентиналық хунта жазасын алды, ал Қазақстандағы азаптаушылар жауапқа тартылар емес


Аргентинаның бұрынғы президенті Рейнальдо Биньоне

Аргентинаның бұрынғы президенті Рейнальдо Биньоне

Аргентинаның ақырғы диктаторы 25 жылға сотталды. Әлемдік қауымдастық назарын тіккен диктатордың соты Қазақстандағы азаптау тәсілдерін қолдану туралы ауқымды зерттеулердің жарық көрген сәтіне тұспа-тұс келді.

МЫҢ АСҚАНҒА – БІР ТОСҚАН

Сот 82 жасар Рейнальдо Биньоненің жасына да, қылмыстарының ертеректе жасалғанына да қараған жоқ. Биньоне өткен ғасырдың 70-ші жылдарында билеуші әскери хунтаның құрамында болған еді.

Ол 1982 жылы Аргентинаның президенті болды. Рейнальдо Биньоне президенттік қызметінің алдында, 70-ші жылдардың соңында Буэнос-Айрестің маңындағы Кампо-де-Майо әскери базасының бастығы болған еді. Бұл базаны азаптау лагері деп атайтын.
Сот Рейнальдо Биньонені адам ұрлауға, азаптауға және тұтқындалған ондаған аргентиналықтың өліміне тікелей қатысты деп тапты.
Рейнальдо Биньоненің тікелей қатысы бар делінген 56 оқиға тексерілді. Биньонеге және әскери хунтаның өзге де мүшелеріне қатысты сот ісін өткізу 2005 жылға дейін мүмкін болған жоқ.

Жоғарғы сот рақымшылық туралы заңды өзгерткен соң ғана хунтаның қылмыстарын тексере бастады. Ол заң бойынша Аргентинаның бұрынғы билеушілерінің сотқа тартылмауына кепілдік берілген. Рейнальдо Биньонемен бірге алты сыбайласы да сотталды.
Аргентинада талай адам «әділдік салтанат құрсын, кінәлілер жазалансын» деп үндейтін. Алайда көпке дейін бұлай болады дегенге сенудің өзі қиын еді.

АЙЫПТЫ ЖАЗАСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Өткен ғасырдың 30-шы - 40-шы жылдардың басында немістерге (тек оларға ғана емес) «жақын арада басты-басты нацистік қылмыскерлерді соттайтын Нюрнберг процесі өтеді» десе, сенулері қиын еді.

Оны айтасыз, кеше ғана Югославияда азуын айға білеген Слобадан Милошевич Гаагадағы халықаралық трибуналдың айыпталушылар орындығына отырады дегенді кім болжапты. Азап көргендер немесе бұл қылмыстардың тікелей куәгерлері бетіне тіке қарап, айып тағады деп кім ойлаған? Бірақ бұл жай шындыққа айналды.
Бір кездері бетіне тірі жанды қаратпаған, өзіне-өзі өте сенімді босниялық сербтердің басшысы Радован Караджич те сотқа тартылды. Қазір ол да өзінің әскері жүргізген азаптаулар үшін жауап беріп жатыр.

Осы оқиғалардың барлығында да азапқа ұшырап, тірі қалған құрбандар мен олардың жақындары Аргентинадағыдай диктатордың сотталуы сияқты ондаған жылдар бойы күткен жоқ.

Бірақ Аргентинадағы оқиға билікті пайдаланып, өз қарсыластарына жаппай қуғын-сүргінге ұшыратып, азаптау тәсілдерін қолданатындардың жазасыз қалмайтындығын көрсетіп берді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЗАПТАУ ТӘСІЛДЕРІ

Аргентиналық бұрынғы президентке қарсы сот отырысы Қазақстандағы күш құрылымдары мекемелеріндегі әлі тыйылмай отырған азаптауларға байланысты хабарлар мен қарсылықтарға сәйкес келді.
Наурыз айында Рейнальдо Биньоне мен хунтаның өзге де мүшелерінің жаппай азаптауларға қатыстылығын дәлелдеген Буэнос-Айрес соты қылмыскерлерге кесетін жазаны ақылдасып жатты.

Дәл осы наурыз айында «Халықаралық рақымшылық» халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанда азаптау тәсілдерінің қолданылуына қатысты ауқымды зерттеуді жарыққа шығарды. Бұл азаптаулардың да сан түрі бар. Бұның қатарына көшеде ұстаған жерде соққыға жығудан бастап, полиция бөлімдеріндегі тергеуді, камерадағы азаптау тәсілдеріне дейін қосуға болады.

Аргентинадағы сияқты азаптау лагерлері Қазақстанда тіркелмеген. Бірақ сенімді ақпарат көздерінің деректеріне қарағанда, елде азаптау әдісі кеңінен таралып кеткен.

Бұл деректер Қазақстанға 2009 жылдың мамыр айында барған БҰҰ-ның азаптау мәселелері жөніндегі арнайы елшісі Манфред Новактың қорытынды есебінде де расталды.

«Азаптау тәсілдерін қолдану мен өзге де жағымсыз қарым-қатынастар оқшауланған оқиғалар шеңберінен шығып кеткен деген қорытындыға келдім», –деді Манфред Новак.

Нью-Йорктегі Open Society Justice Initiative тәуелсіз ұйымы БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы комитетіне хабарласып, Қазақстандағы азаптау мәселесін қарауға шақырды. Әңгіме - қостанайлық тұрғын Александр Герасимов жайында. Ол полицияға түскен туысының жағдайын білуге барып, өзі сол жерде бір тәулік бойы азап көрген. Осының кесірінен денсаулығынан айрылған.

ТҮРМЕДЕ ОТЫРУҒА ДИКТАТОРДЫҢ ӨМІРІ ДЕ ЖЕТПЕЙДІ

Тағы бір халықаралық жетекші құқық қорғау ұйымы – «Хьюман Райтс Вотч» Нұрсұлтан Назарбаевтың Америкаға барғанын пайдаланып, Америка президенті Барак Обамаға «Қазақстандық президентпен кездесу кезінде Қазақстандағы адам құқы жағдайына қатысты мәселені көтер» деген ұсыныс айтты.

«Хьюман Райтс Вотч» ұйымы арнайы үндеуінде құқық бұзушылықтардың сан алуан түрін айтады. Оның ішінде ұнамаған адамдарға қатысты азаптау тәсілдерін қолдану мәселесі де бар.

Бұл үндеудің тақырыбы аргентиналық диктаторға қатысты сот процесінде келтірілген дәлелдермен, әсіресе еркінсіп кеткен билеуші хунтаның азаптау тәсілдері сөз болған мәтіндермен үндес. Сот отырысы кезінде құрбан болғандардың туыстары өз жақындарының фотосуреттерін ұстап тұрды. Әскери диктаторға қатысты үкімді олар айқайлап, қуана қарсы алды.
Аргентиналық құқық қорғау ұйымының басшысы Эстела де Карлотто қорытындысында былай деді:

«Биньоне адамгершілікке қарсы қылмыстар жасады, оған ешқандай кешірім жоқ. Оның жалпыға бірдей түрмеде отыратыны жақсы болды. Оған ешқандай артықшылықтар жасалмайды. Мұндай адамдар қартайса да, өте қауіпті».

Аргентинаның бұрынғы президенті, 82 жасар Рейнальдо Биньоне 25 жылға сотталды. Оған дейін тірі болса, түрмеден 107 жасында шығады. Бірақ оның былғанышқа толы өмір жолы түрмеде аяқталуы да мүмкін.

Бір қызықты жайт, дәл осы кезде Латын Америкасының тағы бір бұрынғы диктаторына қатысты үкім шықты. Панаманың бұрынғы диктаторын сәуір айының соңында АҚШ-тан Францияға әкелді. Ол АҚШ-та 20 жылдан астам уақыттан бері түрмеде отырған.
Мануэль Норьега есірткі саудасына дем бергені үшін 1999 жылы АҚШ-та сотталған еді. Француз соты да заңсыз ақшаны заңдастырғаны үшін оны он жылға соттаған. Қазір Францияда жаңа сот күтіп тұр. Алайда Мануэль Норьеганы панамалықтар да түрмеге отырғызбақ.

билігі Америка мемлекеттік департаментінің шешіміне түсіністікпен қарайтындығын, бірақ Норьеганы өздері алуға тырысатындықтарын мәлімдеді. Норьегаға өз елінде «саяси мақсатпен кісі өлтірген» деген айып тағады. Сондықтан да бұл бұрынғы диктатор өзіне тиісті түрмелердің барлығына отырып шығу үшін тағы да үш адамның өміріне жетерлік жас жасауы керек. Мәселенің түйіні де осында. Халықтың билігін неғұрлым көбірек ұрлаған сайын түрмеде соғұрлым көбірек отыруға тура келеді.


(Тәуелсіз журналист Александр Народецкий бұрын «Азат Еуропа»/«Азаттық» радиосының Украин және Түрікмен редакцияларының директоры болған. Бұл мақалада өз көзқарасы мен пікірлерін білдіреді. Ол Азаттық радиосы редакциясының ұстанымымен сай келмеуі де мүмкін.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG