Accessibility links

Соңғы кезде АҚШ доллары - әлемдік резервтік валюта болудан қалып барады деген пікірлер жиі естілуде


Франкфурт қор биржасында Джордж Вашингтонның дағдарыс шошытқан бейнесімен басылған бір доллар. 25 ақпан, 2009 жыл.

Франкфурт қор биржасында Джордж Вашингтонның дағдарыс шошытқан бейнесімен басылған бір доллар. 25 ақпан, 2009 жыл.

Дүйсенбі күні осыған ұқсас көзқарасты Қытайдың Орталық банкінің төрағасы Чжоу Сяочуань да айтып қалды. Қытайдың бас банкирі жаңа әлемдік резервтік валюта болуға тиіс деп мәлімдеді. Осы аптада БҰҰ-ның тобы да доллардың орнына жаңа әлемдік резервтік ортақ валюта туралы ұсыныс жасауы тиіс.

Қытайдың Орталық банкінің төрағасы Чжу Сяочуанның (Xiaochuan) бұл пікірі халықаралық қауымдастыққа арналған болса керек – оның “эссесі” ағылшын және қытай тілдерінде Орталық банктің веб-сайтына шықты.

Өзінің мақаласында банк төрағасы ғаламдық қаржы дағдарысы қазіргі валюта жүйесінің “буынсыз жерлерін және жүйелік кемшіліктерін” көрсетіп берді деп жазды. "Қазіргі халықаралық резервтік валютаның орнына,- деп мәлімдейді Қытайдың бас банкирі,- әлем одан (доллардан) әлдеқайда тұрақты резервтік валютаға мұқтаж болып отыр".

Оның өзінде де Чжоу Сяочуань АҚШ долларын нақты атаған жоқ. Алайда оның жаңа резервтік валюта туралы пікірі Американың құнды қағаздарына салынған Қытайдың шамамен 1 трлн. доллар қаржысының қауіпсіздігіне алаңдаған Қытай премьері Уэнь Цзябаоның сөзінен 2 апта өткенде шығып отыр.

Ресми Бежинді алаңдатып отырғаны – АҚШ-тың қаржы дағдарысын ауыздықтауға бағытталған іс-шарасы, оның ішінде жаңа ақша басып шығаруы доллардың сатып алу қабілетін күрт әлсіретуі мүмкін және Қытайдың алтын-валюта қорының тең жартысы АҚШ долларынан тұрады.

Дүние жүзінің жалғыз әрі ең басты резервтік валютасы болып табылатын доллардан бас тартуға шақырып отырған жалғыз Қытай емес. Өткен ақпан айында Ресей газеттерінің бірінде жарық көрген мақаласында Қазақстан президенті Н.Назарбаев халықаралық резервтік валюта мәртебесіне АҚШ доллары де-юре, яғни заңсыз ие болды деп мәлімдеп, оның орнына халықаралық заңнама жүзінде жаңа әлемдік резервтік валюта қабылдауды ұсынған болса, үстіміздегі айдың басында ресми Мәскеу үлкен 20 мемлекет басшыларының 2 сәуірде өтетін саммитінде жаңа резервтік валюта туралы ұсынысын талқылауға салатынын мәлімдеді.

Оған қоса осы аптаның ішінде БҰҰ-ның мамандары да (комиссиясы) ғаламдық қаржы жүйесін қайта құрудың құрамдас бөлігі ретінде долларды есепке алмауды ұсынуға тиіс.

АВИНАШ ПЕРСОД: – Енді жаңа резервтік валюта - ортақ резервтік валюта туралы терең ойлайтын сәт келді.

Өткен аптада “Рейтер” агенттігіне берген сұхбатында БҰҰ комиссиясының мүшесі Авинаш Персод (Avinash Persaud) жаңа халықаралық валютаның анық артықшылықтары болатынын атап көрсетті.

Жоу Сиаочуань мен Кремль және, ол екеуінен әлсіздеу болса да, БҰҰ-ның комиссиясы – барлығы да жаңа халықаралық резервтік валютаның (SDR немесе “Special Drawing Right”) рөлін кеңейтуді қалайды. Бұл, өз кезегінде, осыдан 40 жыл бұрын Халықаралық валюта қоры енгізген жасанды валюта болып табылады. Оның құндылығы доллар, еуро және тағы басқа “шынайы” валюталардың орташа бағамына негізделеді.

Іс жүзінде бұл есеп құралы - SDR - Халықаралық валюта қоры мен басқалардың есеп айырысуы үшін бухгалтерлік бірлік есебінде қолданылады. Бірақ Жоу халықаралық сауда мен қаржы операцияларында SDR есеп айырысудың кең қабылданған құралына айнала алады деп есептейді. Ол, сонымен қатар, SDR-ге байланған қаржы активтерін қалыптастыруды жақтайды.

Бұл, оның пікірінше, қазіргі экономикалық дағдарысқа түрткі болған “ғаламдық тұрақсыздықтың” түр-түрін азайтар еді. Қазіргі тұрақсыздықтың бірі – Американың есеп-шотындағы орасан зор тапшылық болса, Қытайдың қаржы қорындағы дәл сондай орасан зор артық қаржының болуы. Қытай өзінің артық қаржысын Американың құнды қағаздарын жаппай сатып алуға жұмсап, АҚШ-та өте аз өсіммен жаппай несие беруге түрткі болды. Ол, өз кезегінде, Американың ипотекалық несие нарығын дағдарысқа жеткізді.

Ендігі жерде егер жаңа халықаралық резервтік валюта қабылданатын болса, ол АҚШ-қа да тиімді болуы ықтимал. Штаб-пәтері Лондонда орналасқан Chatham House орталығының әлем экономикасы бойынша аға зерттеушісі Ванесса Росси осылай деп санайды.

Бірақ Ванесса Россидің атап көрсетуінше, жаңа резервтік валюта негізгі проблемаларды шешуі ықтимал және осы мақсаттағы кез-келген іс-қимыл ұзақ мерзімге созылады. Сол себепті де жаңа валюта туралы бастама жүзеге асырыла бастаған күннің өзінде де, ол техникалық, ішкі және және саяси үлкен кедергі-бөгеттерге тап болуы әбден мүмкін. Және оның долларға да теріс әсері болады.

Тіпті долларды нысанаға алғандардың өздері де жаңа валютаны аяқастынан қабылдауды қолдай қоймайды. Өйткені, доллар жаппай сатылған жағдайда, оның құны күрт құлдырап, талай елдің алтын-валюта қоры тез ортаяды. Жоу Сиаочуаньнің “жаңа халықаралық резервтік валютаны қабылдау ұзақ уақытқа созылуы мүмкін” деуі де сол себептен болса керек.
XS
SM
MD
LG