Accessibility links

Ресей мен Украинада бірнеше айдан бері жергілікті валюта бағамы түсіп барады. Жаңа жыл белaрусь рублі бағамының төмендеуімен және түрікмен манатының ауысуымен басталды.Әзірше тұрақты болып отырған тек Қазақстанның ұлттық ақшасы.

«Жаңа өмір -жаңа ақша!» девизімен Түркменстанда ұлттық валютаның жаңаруы басталды. 2009 жылдың басынан бастап мұнда жаңа валюта қолданысқа енді, ауыстыру бағамы – 5000 ескі манат - 1 жаңа манат,-деп жазады Deutsche Welle газеті. Сонымен ең ірі ескі 10 мыңдық манат орнына 2 жаңа манат беріледі.

Ақша реформасы жайлы ертерек хабарланғанымен ел арасында абыржушылық болмай қалмады: «Азаматтар өзінің жиған- тергендерін сақтау мақсатында қолындағы ескі ақшалардан тезірек құтылу үшін оны АҚШ долларына ауыстыра бастады, Жаңа жыл алдындағы апта түгелімен дүкендерден сыйлықтар мен тәтті-дәмділер алуға емес, айырбас пунктерінің алдында ұзақ-сонар кезекке тұруға кетті».

Жаңа ақшаның өмірге келуімен бірге ескі ақшаның соңындағы көптеген нөлдермен қатар Түркменбашының бейнесі де келмеске кетті. Бұрын оның бейнесін кез - келген қағаз ақша мен тиындардан көретініміз бәрімізге белгілі. Қазір Түркменнің бірінші президентінің суретін тек 500 манат ірі қағаз ақшадан ғана көруге болады. Басқа ақшаларда да Түркменстанның тарихы мен мәдениеті саласындағы атаулы тұлғаларының суреттері бейнеленген.

Түркменстанның орталық банкі ақша реформасын баға тұрақтылығын қалыптастыру мен ел экономикасындағы ақша айналымы тиімділігін арттыру мақсатымен байланыстырады. Алайда, жергілікті халық жаңа ақшаның қажеттілігіне сеніп отырған жоқ, бұл ақша да жуық арада құнсызданып, нөлдері тағы да көбейеді деп қауіптенуде. Тауар мен қызмет көрсету бағасы ( олардың құнын долларға шаққанда) өсіп кетті. «Ақша жаңарту желеуімен, (қазіргі президент Гурбангулы) Бердімұхамедов Түркменбашының ақшадағы бейнесінен құтылғысы келді»,- деген пікірін білдіреді Deutsche Welle тілшісіне астаналық кәсіпкердің бірі.

Британдық ВВС қызметі хабарлағанындай, жаңа жылдың алғашқы күні Беларустың ұлттық банкі беларусь рублінің бағамы — доллар 2200- дан 2650, еуро 3057- ден 3703, ал Ресей рублі 75- тен - 90,6 ға дейін төмендегенін жария етті

ВВС-дің бұдан бұрын да ресми емес мәліметтерге сүйеніп хабарлағанындай, елдің ұлттық банкі беларус рублін қалыпты ұстап тұру мақсатында өзінің ұлттық валюта қорының төрттен бір бөлігін жұмсаған. Капитал жетімсіздігін сезінген Беларусь Ресей мен Халықаралық валюта қорынан (ХВҚ) көмек сұрайды. «Ақшаның құнсыздануы Беларусь үшін халықаралық ұлттық қордан 2008 жылдың соңғы сәтінде алдын- ала мақұлданған 2,5 млрд. доллар несие алудың алғы шарты болды» деп атап көрсетіледі репортажда.

Сарапшылар басты әріптестері Ресей болып табылатын барлық кеңестік кеңістіктегі елдердің бірде- бірі ұлттық валюта құнының төмендеуінен айналып өте алмайды деп есептейді. Егер Беларуста құнсыздану «жоғарыдан» болса, Украинада ол бірнеше айдан бері «нарықтық» сипат алып отыр.

Forbes журналының сайтында жарияланған Reuters агенттігінің сараптамалық шолуында Ресей рублі құнсыздануының посткеңестік кеңістіктегі елдерге тигізетін әсері жайлы жазады. «Ресей рублі құнсыздануының жедел түрде артуы онымен көршілес елдердің валюталарына қысым жасайды және Мәскеу сияқты ірі қорлары жоқ елдерге сыртқы қарыздарын жоюға, сырттан капитал тартуына кедергі келтіреді»,- деп атап көрсетіледі мақалада.

Сарапшылар рубль бағамын еуро-долларлық қосарлы валюталық корзинаға қарап ақырындап әлсірете бастауды көздеген Ресейдің бұл шешімі түптеп келгенде көрші отырған елдердің қаржылық жүйесіне біршама қиындықтар әкеледі деп атап айтуда. 2008 жылдың қыркүйек – желтоқсан айларында жайлап төмендегенімен көзге ұрып тұрған осы жағдайдан соң біршама елдер тығырыққа тірелді. «Украинамен қатар басқа да бұрынғы кеңестік республикалар, мысалы Қазақстан мен Латвия Ресейге экспортталған тауарлардың баға бәсекелестігін сақтау мен сыртқы қарызды өтеуге, аса қажетті импорт сатып алуға керекті өз валютасының мықты бағамын сақтап қалу жолында жанталасатын болады»

«Ресеймен сауда қатынастарын жасайтын елдер де рубль бағамының төмендеуінен бәсекелестікке қабілеттілігін азайтады» – деп есептейді Bank of America-ның дамушы нарықтар сарапшысы Дэвид Хонер

Украина гривнасының долларға қатысты төмендеуі қазірдің өзінде 40 пайыздан асып кеткені мәлім. Оған қарағанда орыс рублінің жоғалтқаны аздау. Осыған орай, халық банкке салған қаржыларын қайтарып алуда. Ресейдің орталық банкінің мәліметі бойынша, банктердегі рубль депозиттері қараша айында 4 пайызға азайған. Украина үкіметі салымшылардың наразылығынан кейін депозиттерді мерзімінен бұрын алуға тыйым салды. Ресей де, Украина да өз валюталарын қорғау мақсатына алтын валюта қорларын пайдаланады. Қор деңгейінің күрт төмендеуі Ресейдің ұлттық банкін ұлттық валюта бағамын төмендетуге мәжбүр етті.

Осындай жағдайда өзгелерден ерекшеленіп тұрған Қазақстан өз валютасының тұрақтылығын сақтап отыр.«Жақында ғана Ресей рублінің әсерінен гривна төмендеуге ұшыраған болса, Қазақстан теңгесі долларға қатысты қатаң бақылаудағы курстық бағам коридорында мұнайдан түсетін табыстың азаюына, жылжымайтын мүлік бағасының түсуіне қарамастан тоқтап тұр».

«Егер рубль 15-30 пайызға төмендейтін болса, ол онда теңгеге де терең ықпал етуі мүмкін»,- дейді UniCredit банкінің Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша экономикалық талдау бөлімінің бастығы Мартин Блум. Оның айтуынша, қазақстандық валюта да әлсіреп, бір долларға қазіргі 120 ның орнына 140 теңге болуы мүмкін.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG