Accessibility links

Қазақ мұнайынан дәмелі әлемдік ірі магнаттар елдің ішкі саясатына сақтықпен қарайды

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Астанада өтіп жатқан халықаралық энергетикалық форумға қатысушылар. Астана, 25 қыркүйек, 2009 жыл.

Астанада өтіп жатқан халықаралық энергетикалық форумға қатысушылар. Астана, 25 қыркүйек, 2009 жыл.

Қазақстан президентінің күйеу баласы, «Kazenergy» қауымдастығының төрағасы Тимур Құлыбаев ірі мұнай магнаттарын Астанаға жинады. Германияның экс-канцлері Герхард Шредер сарапшылармен кездесуге келсе, мұнайшылар кеңесінің президенті Рандал Госсеннің әйелі Астананы ұнатып қалыпты.

Әлемдік экономикалық күйзелістен энергетика секторының шығу жолы мен болашақтағы отыз жылда адам баласының энергия қуатын пайдалану мүмкіндігін талқылаған мұнайшылардың басты көздегені – Орталық Азия елдеріндегі табиғи минералды ресурстар болды.

Орталық Азия елдерінде әлемдік мұнай қорының төрт пайызы ғана бар екеніне қарамастан, Батыс Еуропадан келген эксперттер мен Ресей, Қытай мемлекеттерінің мамандары аймақтың мұнайы мен газына көз тігетіндіктерін жасырмады.

Солардың бірі – Германияның бұрынғы канцлері, Nord Stream AG директорлар кеңесінің мүшесі, акционерлер комитетінің төрағасы Герхард Шредер.

САЯСАТТАН ГӨРІ МҰНАЙ МАҢЫЗДЫРАҚ

Герхард Шредер Қазақстанға ішкі саясатына үңілуге емес, ірі эксперттермен кездесуге келгенін айтады

Ол «Орталық Азия және Еуропаның энергетикалық қарым-қатынасы» деген баяндамасында Қазақстанның болашақта Еуропа мен Шығыстың ортасындағы басты энергетика дәлізіне айналатынын жеткізді. Сонымен бірге энергетика қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де Қазақстан шешуші рөл атқаруға тиіс екенін көтерді.
"Kazenergy" қауымдастығының төрағасы Тимур Құлыбаев пен Германияның бұрынғы канцлері Герхард Шредер Астанадағы энергетикалық форумда. Астана, 25 қыркүйек, 2009 жыл.


- Орталық Азияда энергетика көзінің әлемдік қормен салыстырғанда өте аз пайызы жатса да, неге бұл елдерге мән беріп отырмыз? Неге көрші елдерден қысым бар? Себебі, әсіресе қарқынды дамып келе жатқан Қытайдың өзі Орталық Азиядағы энергетика қорын жұтып қоюы мүмкін. Сондықтан да мұнай қорын барынша үнемдеген абзал. Ал ЕуроОдақ елдері алдағы он жылда газ қуатын бірнеше есеге ұлғайтуға мәжбүр болады. Біз де Орталық Азия елдеріне, Ресейге, Норвегияға, Таяу Шығысқа қол созатын боламыз. Мысалы, 2015 жылы ЕуроОдақ 250 млрд. текше метр газды импорттайтын болады, - дейді Герхард Шредер.

Герхард Шредердің пікірінше, әлемдік дағдарыс қаржы секторынан басталды. Ал энергетика саласы сол қаржы секторының құрбаны болып отыр. Келесі жылдан бастап елдер еңсесін көтеруге тиіс деген Германияның экс-канцлері ашық бәсекеде ғана мемлекеттер дамиды деп атап көрсетті. Бірақ даму жолындағы Қазақстанның саясаты турасында пікір білдіруге сақтық танытты.

- Мен Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуін басынан қолдағанмын. Қазір де сол ойдамын. Ал ішкі саяси жағдайына келетін болсақ, оны саяси ортада талқылау керек. Енді кемшіліктеріне келетін болсақ, дамыған мемлекеттер қатарына ұмтылып жатқан Қазақстанның кейбір әрекеттеріне көз жұмуға болады. Ал егер азаматтардың діни наным- сенімдерінде құқықтары бұзылып жатыр дегенге келетін болсақ, бұған қатысты талаптарды Қазақстан ескереді деген сенімдемін. Негізінде мен Қазақстанның ішкі саяси жағдайына үңілуге емес, ірі эксперттермен кездесуге келдім, - деп жауап берді Герхард Шредер журналистердің сұрақтарына.

РАНДАЛ ГОССЕН АСТАНАНЫҢ ӘЙЕЛІНЕ ҰНАҒАНЫНА ҚУАНЫШТЫ

Дүниежүзіндегі ең бай адамдардың бірі болып саналатын, әлемдік мұнай кеңесінің президенті Рандал Госсен мырзаның да Астанаға алғаш аяқ басуы екен. Ол Азаттық радиосына берген сұхбатында мұнай бағасына болжам жасай алмағанымен, Қазақстанның болашағын көріп тұрғанын жеткізді.
Әлемдік мұнай кеңесінің президенті Рандал Госсен. Астана, 25 қыркүйек, 2009 жыл.


- Мен Астанаға зайыбымды ертіп келдім. Ол мүсінші. Оған жас қаланың келбеті қатты ұнады. Мен соған қуанып тұрмын. Қазақстан оның үстіне табиғи ресурстарға бай мемлекет. Осындай мұнай көзіне бай болып тұрған мемлекеттің дағдарыстан тез шығатынына сенемін. Сол үшін де біз Қазақстанмен жұмыс істеуге мүдделіміз, - дейді Рандал Госсен мырза.

"ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАСТЫ ӘРІПТЕСІ - РЕСЕЙ"

Мұнай магнаттарының басын Астанада қосқан «Kazenergy» қауымдастығының төрағасы, президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаев болса, энергетика саласындағы қарым-қатынаста Қазақстанның басты әріптесі Ресей екенін айтады.

- Біздің барлық көршілерімізбен қарым - қатынасымыз өте жақты. Бізге ұсынған барлық жобалардан бас тартпаймыз. Соның ішінде ең алдымен әрине, Ресейдің орны бөлек. Ресеймен басты Атырау – Самара мұнай құбыры, Каспий құбыр желісі концорциумы жобаларымыз жұмыс істеп жатыр. Қытайға мұнай тасымалдайтын құбыр желісін де аяқтадық. Әзірбайжан елімен де мұнайды Қара теңізге шығаратын жоба бастағалы жатырмыз. Ал табиғи газға қатысты да басты әріптесіміз – Ресей. Түркменстан және Ресеймен бірігіп ірі Каспий газ құбырын салу жөнінде жоспарымыз бар. Бұл ең ірі газ құбыры жобасы болады, - деді Тимур Құлыбаев.

ЭКОЛОГТАР ҚУАТ КӨЗДЕРІН ҮНЕМДЕУГЕ ШАҚЫРАДЫ

Осылайша, әлем энергетиктері алдағы отыз жылда мұнай қуатын пайдалану мүмкіндіктерін талқылап жатқанда, Қазақстанның экология және қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов энергетика қуатын көп пайдаланғаннан планетадағы өмір жоқ болуы мүмкін деген қаупінайтып қалды.

- Қазір экологтардың бас қатырып отырған проблемасы "жер бетінде тіршілік сақтала ма, жоқ па" деген мәселе. Егер мұнай мен газды осылай пайдалана берсек, жер бетінде тіршілік жойылып кетеді екен. Тіптен таяу жылдары демалыс орындары өте көп аралдарда тіршілік жойылады деген қауіптер айтылып жатыр. Сондықтан да біз күннің көзінен, желден келетін энергияны көп пайдалануымыз керек, - дейді Экология министрі.
Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов энергетикалық форумда. Астана, 25 қыркүйек, 2009 жыл.


Ол осы мәселені көтере тұра, Қазақстанда атом электр станциясын салуды қолдайтынын білдірді.

- Атом энергиясы мұнай көзінен алынатын энергияға қарағанда өте таза. Ал оның қауіпсіздігі екінші мәселе. Оған энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаев бас қатыруы керек, - дейді министр Нұрғали Әшімов.

Ал Астанаға жиналған халықаралық энергетика эксперттері келесі жылдан бастап, әлем дағдарыстан шыға бастайды деген жақсы болжамдарын айтып тарқасты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG