Accessibility links

Чехияда қылмысы үшін бір топ өзбек сотталса, Испанияда грузиндер тұтқындалды


Өзбекстан азаматы Ҳусниддин Шодиев Жоғарғы сот залына кірер алдында. Прага, 22 наурыз, 2010 жыл.
Өзбекстан азаматы Ҳусниддин Шодиев Жоғарғы сот залына кірер алдында. Прага, 22 наурыз, 2010 жыл.

Бұрынғы советтік мигранттардың абырой-беделіне Батыс елдерінде әрекет ететін қылмыстық топтар нұқсан келтіруде. Чехияда Өзбекстанның бір азаматы өмірлік түрме жазасына кесіліп, тағы үшеуі түрлі мерзімге түрмеге жабылды.


Батыс Еуропада ұйымдасқан қылмыстық іске қатысы бар деген күдікпен бұрынғы Совет одағынан шыққан 80 мигранттың қамалуы – олар мафиялық топтар құрып, Еуропадағы қылмыстық әлемде үстемдік құруда деген пікір туғызды. Сөйтіп басым бөлігі бұрынғы СССР грузиндерінен тұратын бір топ адамның тұтқындалуы босып келгендерге деген сенімсіздік пен күдікті күшейте түскен.

БІРДІҢ КЕСІРІ - МЫҢҒА

Мария Шкурницка осыдан 12 жыл бұрын Украинадан Испанияға қоныс аударған. Ол тынымсыз еңбектенудің арқасында жаңа қоғамға тез сіңісіп кеткен. Мария испан тілін үйреніп, тұрақты жұмыс тауып, қаладағы жергілікті мигранттардың белсендісіне айналған.

Дегенмен де Мария тәрізді шығыс еуропалықтардың жетістіктері Испания қоғамында оң қабылдана бермейді.

Мария Шкурницка өзінің «Обериг» деп аталған украиналық мигранттар қауымдастығы жөнінде айтып беруін сұрап, жергілікті телеарна шақырғанда қуана қабылдаған.

Бірақ хабарды жүргізуші Шкурницканы көрермендерге таныстырған кезде аймақтағы ұрлық жасаған шығыс еуропалық мигранттардың қылмыстық істерін де еске сала кеткен. Шкурницка жүргізушінің әлгіндей сөзі өзіне ауыр тигенін айтады.

«Мен ішімнен қатты қынжылып, біздің қауымдастықтың кінәсі не, шығыс еуропалықтардың 99 пайызы бұл жерге тек жұмыс іздеп, табыс табу үшін келіп жатыр, олардың ешкімге тиіскісі келмейді дедім»,- деген Мария.
Полиция қызметкерлері әуежайды бақылап жүр. Прага, 10 қазан, 2009 жыл.


Шкурницка өзі сияқтыларға қатысты бұндай қарым-қатынастың белең алуына Батыс Еуропада ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген күдікпен 80 мигранттың ұсталуы себеп болды деген пікірде.

«Өткен аптада Испанияда полицияның арнайы операциясы жүргізілгеннен кейін шығыс еуропалықтарға деген теріс көзқарас қалыптасты, ақпарат құралдарының өзі біржақты хабар беріп, бәрімізді қылмыстық әлеммен байланыстырып жатыр»-, дейді Мария сияқты мигранттар.

Солардың бірі Испаниядағы халықаралық байланыстар және сыртқы келісім қорының зерттеушісі, украиндық Наталья Шаповалова қандай қоғамда болсын қылмыскерлермен қатар ел экономикасына үлесін қосып жүрген, басқаларға көмек қолын созатын жандар да болады. Бұндағы мәселе ақпаратты қалай таратуда болып отыр дейді.

ГРУЗИН ТЕКТІ ОРЫС МАФИЯСЫ

Испаниядағы арнайы операция барысында полиция қылмыстық топ құрды деген 21 күдіктіні қамауға алса, Аустрияда - 25 адам, Франция, Италия, Швейцария және Германияда бірнеше күдіктілер ұсталды. Қамауға алынғандардың көбісі грузиялықтар болып отыр.

Мафиялық топтың көсемі этникалық грузин Кахабер Шушанашвили де қамауға алынған. Ол Барселонадан бастап бүкіл Еуропада қылмыстық топқа жетекшілік етіп келген делінеді.

Жаппай тұтқындаулардан кейін Испания прокуратурасының өкілі Цезарь Утрера Молина бұл жаңалықтың елдегі шығыс еуропалық мигранттарға тиімді болмайтынына назар аударған.
Испания полициясы күдіктілерді тұтқындауда. Константи, 16 наурыз, 2010 жыл.


«Бұл жаңалық бұрынғы совет одағынан келген адамдардың беделін төмендетеді, дегенмен де қоғамдық пікірдің бояуы тым әсіреленбеуі керек»,- деп атап көрсетеді ол.

Бұрынғы совет елдерінен шыққан қылмыстық топ өкілдері қамауға алынғаннан кейін испандықтардың көбі шығыс еуропалықтарға салқын қабақ таныта бастаған.

Батыс еуропалық ақпарат құралдарында бірден «Ресей мафиясы» құрықталды деген тақырыптар пайда болды.

Азаттық радиосы орыс редакциясының Мадридтегі тілшісі Виктор Черетский испаниялық ақпарат құралдары тұтқындалғандар грузиндер болғанына қарамастан, оларға «Ресей мафиясы» деген айдар тағып жатқанын атап өткен.

«Болгария, Румыния,Польша тіпті Финляндия азаматтарына қатысты қандай да бір қылмыстық оқиға бола қалса, көп жағдайда испандық баспасөз олардың бәрін Ресей мафиясына жатқызып қояды. Бұдан бөлек, тегі бұрынғы советтік құрамда болған Балтық жағалауы елдері мен Украина, Грузиядан бастау алатын қылмыскерлердің бәрі «ресейлік мафия» деп аталады. Бұндай бағыт дұрыс емес, олай дейтіндер сауаты шамалы журналистер. Полиция әу бастан-ақ оларға орыстардың қатысы жоқ екенін білген».

Бүгінгі таңда Испания халқының 12 пайызын шығыс еуропалықтар құрайды.

Сантандер қалалық кеңес өкілі Кармен Мартин Нунез миграция мәселесіне қатысты украиналық Мария Шкурницка сынды жергілікті белсенді мигранттармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Ол шығыс еуропалық мигранттардың бәрін қылмыстық топпен байланыстырып қарауға қарсылығын білдірді:

«Олардың бәрі сан алуан тағдырлы жекелеген адамдар. Топ-топ болып емес, бір-бірлеп әрқайсысы осында жұмыс табу үмітімен келді. Испанияда да қылмыскерлер бар. Бірақ біз сен испандық болғаның үшін қылмыскерсің деп айта алмаймыз ғой»,- дейді Кармен Мартин Нунез.

ӨЗБЕКСТАНДЫҚ ҚЫЛМЫСКЕРЛЕР

23 наурызда адам өліміне және басқа да бірқатар қылмыстық істерге қатысты іс бойынша Прага сотының үкімімен төрт өзбек азаматы ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айрылды.

Сохибек Юлдашбаев өмірлік түрме жазасына кесілді. Чехияда мұндай қатал үкім көптен бері шығарылмаған.

Юлдашбаевтың сыбайластары Хуснидин Шодиев - 23 жылға, Наймион Алимов - 25 жылға, Акмал Джабаров - 19 жылға түрмеге жабылды.

2008 жылы ақпан айында төрт өзбекстандық Прага орталығындағы жезөкше әйелдің пәтеріне басып кіріп, қарызын қайтармай жүрген әлгі әйелдің сутенері 31 жасар украин жігітінің келуін күтіп отырған. Біраздан кейін келген сутенерді ұрып-соғып, тамағынан орып, бауыздайды. Жезөкше әйелдің бірін тұншықтырып өлтіріп, тағы біреуін зорлаған. Олар екінші әйелді ақша төлеуге уәде бергендіктен ғана тірі қалдырып, пәтерге от қойып кетіп қалған.

Шалажансар күйде кездейсоқтықтан ғана өлмей қалған әлгі сутенер жігіт дәрігерлерге телефон шалуға мұршасы келген, олар оның өмірін сақтап қалады.

Тергеу жүріп жатқан уақытта өзбек азаматтарының бірі Праганың орталығындағы "Панкрац" түрмесінен қашып шықпақшы болған, бірақ ол әрекеті жүзеге аспай қалады.

Жалпы Чехияда Өзбекстан азаматтарының ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталып, түрмеге жабылуы бірінші рет болып отырған жайт емес.
XS
SM
MD
LG