Accessibility links

Болгарияның екінші ракеткасы Қазақстанның үшінші ракеткасына айналaды

  • Есен СМАҒҰЛОВ

Қазақстан теннис құрамасы шетелдіктермен толығуда. Құрамадағы бұрынғы ресейліктер тобына жақында болгарлық Сесил Каратанчева келіп қосылды, ол өзінің азаматтығын ауыстыруын қаржылық себептермен байланыстырып отыр.

bTV ұлттық телеарнасына сілтеме жасай отырып, Sofia Echo сайты, болгар теннисінің зор үміт күттірген спортшысы Сесил Каратанчева енді халықаралық теннис турнирлерінде Болгарияның емес, Қазақстанның намысын қорғайтын болады деп хабарлайды. Каратанчеваға Қазақстан азаматтығын қабылдау туралы ұсыныс 2008 жылдың жазында түскен еді, алайда спортшы қызға шешім қабылдау үшін уақыт керек болған.
Теннисшінің ресми сайтында оның өз елінен кету туралы шешімі қаржылық себептерге байланысты делінген. Өзара келісімшарт бойынша, Қазақстанның Теннис Федерациясы Сесилге жылына 65 мың доллар төлейді, сонымен бірге жеңіске жеткен жағдайларда сыйақы да беріліп тұрады.

Болгар теледидарына берген сұхбатында Сесилдің әкесі әрі менеджері Радослав Каратанчев Болгарияның спорт функционерлерін Сесилді мүлдем ұмытты деп кінәлайды. «Қазақстанмен жасалған келісімшарт кәсібилік пен тіршілік етумен ғана байланысты, патриотизмге еш қатысы жоқ. Келісім үш жылға деп есептеліп отыр және Сесилге қаржылық сенімділік жағынан кепілдік бере алады.

Келісімшарт мерзімі аяқталысымен, Сесил Болгарияның намысын қорғай алады. Келісімді мерзімінен бұрын бұзуға болатын баптар да бар. Біз Болгарияның Теннис Федерациясынан Сесилді Федерация кубогіне қатысуға шақырған ұсыныс алдық. Олар бізге тіпті, ағымдағы мәселелерді шешуге де жетпейтін 7500 евро ұсынады»,- деп мәлімдейді Каратанчев.

Бұрын Сесил Каратанчева әлемнің болашағынан зор үміт күттіретін теннисшілерінің бірі болған. Швейцариялық 20 min сайты, ол 16 жасқа толмай жатып WTA-ның рейтингісі бойынша 39- орынды иемденіп еді. Алайда 2005 жылғы Францияның Ашық чемпионатының ширек финалындағы американдық Винус Уильямсты жеңген соң Каратанчеваға қолдануға тыйым салынған нандролон дәрісін пайдаланған деген айып тағылды. Болгарлық қыз біліктілігінен айырылып, екі жылға жарыстарға қатысудан шеттетілген.

Теннис кортына жақында ғана оралған Сесил Каратанчева Австралияның Брисбеніндегі турнирде екінші шеңберге шығу нәтижесінде әлемдік рейтингтің 148 орынынан 135 орнына көтерілуге мүмкіндік алды. Енді азаматтығын ауыстыру арқылы Болгарияның екінші ракеткасы Қазақстанның үшінші ракеткасына айналып отыр. Бұрынғы отандастарынан одан жоғары – 43- орында - Цветана Пиронкова болған еді. Қазақстандықтардан Сесилдің алдында Ярослава Шведова (88) және Галина Воскобоевалар (93) бар. Олардың екеуі де жақында ғана Ресейдің намысын қорғады және Қазақстан азаматтығын өткен жылы алды.

Қазақстанның теннистен ерлер құрамасы соңғы айларда ресейлік Андрей Голубев (АТР рейтингісі бойынша 92- орын ), Михаил Кукушкин (149) және Юрий Щукиндермен (183) толықты. Өткен маусымның нәтижелеріне қарасақ, бұлардың келуі табысты болды деп айтуға болады. Әсіресе, 21 жасар Голубев жақсы нәтиже көрсетіп, беделді St. Petersburg Open турнирінің финалына шығуға мүмкіндік алды, сонымен қатар, Қазақстан президентінің кубогін жеңіп алуы оған он орынға жоғарылауына және жер шарының үздік жүз теннисшілерінің қатарына қосылуына мүмкіндік берді

Ресейліктердің жаппай келуі Ресей Теннис Федерациясының басшысы, Қазақстанға бірнеше рет келген және Нұрсұлтан Назарбаевтың спарринг-серіктесі ретінде өнер көрсеткен Шамил Тарпищевтің қолдауымен жүзеге асып отыр. Осыған орай, Құрамаға ресейліктерді шақыру Қазақстан президентінің жеке бастамасымен байланысты деп болжануда.
Су жаңа қазақстандықтардың табысы Ресейде де елеусіз қалған жоқ. Голубевтің Санкт-Петербургте Марат Сафинді жеңуінен және Кукушкиннің да сол турнирде жақсы ойын көрсетуінен кейін Ресей ақпарат құралдары Тарпищевтің шешіміне күмән келтіре бастады.

"Новые известия" газетінің тілшісі: «Алайда, жас теннисшілер енді ғана жақсы нәтижелерге жете бастағанда, оларды біздің функционерлеріміз басқа елге беруде тым асығыстық танытқан жоқ па? Болашағына күмәнмен қараған теннисшілер мықты деген қарсыластарын бірінен кейін бірін жеңуде, ал олардың Ресейдегі бұрынғы отандастары мейлінше нашар нәтиже көрсетуде. Біздегілер Ресей құрамасының қазіргі көшбасшыларының болашақ ізбасарларын танымай қалған жоқ па?» деген сұрақтар қояды.


Сонымен бірге, ауысып келген ойыншылар Қазақстан үшін елдің атынан халықаралық ареналарға ұялмай шығара алатын жалғыз үміті болып отыр. Отандық теннис мектебінің тәрбиеленушілері «сырттан келген» қазақстандықтарға қарағанда анағұрлым төменгі орындарды иеленіп отыр. Өткен жылға дейін елдің бірінші ракеткасы болған Алексей Кедрюк АТР-дің ерлер рейтингісі бойынша 407- қатарда болса, Сырым Әбдіхалықов – 746- қатарда. Дмитрий Макеев, Станислав Быков және Ринат Хусаиновтар мыңнан асатын орындарда.
Ал, әйелдер теннисіне келсек, болашағынан үлкен үміт күттіретін 15 жасар Зарина Диас WTA рейтингісі бойынша - 565- орында.
XS
SM
MD
LG