Accessibility links

"Амнести интернэшнл" Қазақстандағы азаптаулар турасында арнайы баяндама жариялады


Аталған ұйымның «Қазақстан: Азаптауға қарсы нәтижелі қорғау шаралары жоқ» деп аталатын 30 беттік есебінде елде ұсталған кез келген адамның азаптау мен қинау, жәбір-запаға душар болатыны айтылған.


АЗАПТАУ ҚАЛЫПТЫ ЖАҒДАЙҒА АЙНАЛҒАН

Британиядағы адам құқын қорғаушы ұйымның 22 наурыз күні жарық көрген баяндамасында Қазақстан билігін полиция тарапынан болатын заң бұзушылықтарды тоқтатып, қамауға алынғандарды азаптауға жол бермеуге шақырады.

Қазақстанда полицияның қамаудағы адамды тепкілеп, ұрып-соғуы мен тұншықтыруы сияқты адам төзгісіз азаптауларға тап болатыны жайлы құжаттарға негізделген Amnesty international ұйымының есебінде қамаудағыларды азаптаған полиция немесе ҰҚК-нің қызметкерлерін жазалау шаралары қолға алынбай келеді деген мәселе көтеріледі.

Бұл тұрғыда Қазақстан билігі азаптауға қарсы заң қабылдауы тиіс деген Amnesty International-дың Еуропа және Орталық Азия бойынша бағдарламалар директоры Халя Гован «қазақ үкіметі азаптауларды ауыздықтаудан бас тарту арқылы халықаралық міндеттемелерін орындамай отыр» деді.
Ар.Рух.Хақ» қоғамдық ұйымының белсендісі Жанар Қасымбекова: «Адамды азаптайтын құралдың бірі - кісен». Алматы, 4 ақпан 2010 жыл.

ЕҚЫҰ-ның 2010 жылғы төрағасы Қазақстан адам құқықтарына қатысты халықаралық заңдар шеңберіндегі міндеттемелерін орындамай отыр делінген ұйымның есебінде.

Жергілікті заңдар бойынша полиция қамауға алынған адамды үш сағаттың ішінде тіркеуі керек, олардың құқықтары туралы бірден айтылуы керек. Бірақ көп жағдайда күдікті ұсталғаннан кейін азаптау мен ұрып соғу бірнеше сағатқа ұласады. Тіпті оларды бірнеше күн бойына қамап, адвокатпен, дәрігер немесе отбасы мүшелерімен кездестірмей, қоғаммен байланысын үзіп тастайды. Күдіктіні қамауға алған офицерлердің аты-жөндері айтылмайды деген мәліметтер де келтірілген аталмыш есепте.

Amnesty International ұйымы тергеуге тартылған кез келген адам, ол күдікті немесе куәгер болса да тағылған айыпты мойындату үшін түрлі азаптауларға душар болады, бірақ азап көргендер алдағы қудалаулардан қорыққандықтан шағымданбайды дейді. Есепте азаптау жолымен мойындату әдістерімен қатар полиция қызметкерлерінің қылмыстық істерді шешуде пара алу тәжірибесі де қалыптасқаны айтылып отыр.
Азаптап-қинау әдістерін қолданған адамдардың жазасыз қалуы алаңдаушылық тудырады деген ұйымның есебінде бірқатар құжаттарға сілтеме жасалынған.

АЗАПТАУ АРҚЫЛЫ МОЙЫНДАТУ

Оның бірі 2008 жылы шілдеді Расим Байрамов деген азамат Қазақстанның солтүстігіндегі Руднев қаласындағы полиция бекетіне «сөйлесетін сөз бар» деген желеумен әкелініп, әбден тепкіге алынған. Байрамовтың бүкіл денесін ұрып-соққан полиция қызметкерлері ақырында оның басына «противогаз» кигізіп, тұншықтырған.

Сондағы полицияның мақсаты - Байрамов пен оның досы Александр Брюхановқа жергілікті дүкеннен үш бөтелке сыра ұрлап, біраз ақша басып әкеттік деген кінәні мойындату болған. Ол екеуі де жасамаған ісіміз деп оны алғашында мойнына алмай қойған. Бірақ ұрып-соғу мен ұйқы бермей қинау, отбасы мүшелеріңе тиісеміз деген қорқытуларға жалғасқан 48 сағаттық азаптаудан кейін жас жігіт Байрамов кінәні мойнына алған хатқа қол қояды.

Олардың қай жерде қамауда екені анықталған соң, Байрамовтың ата-анасы 2 жыл бойы тынбай баласының азапталғаны жөнінде шағымданумен болады. Олардың балаларымызды азаптады деп, екі полиция офицеріне қарсы қылмыстық іс қозғауды сұраған арыздары еш жерде қабылданбаған.

Сонымен қатар Amnesty International Қазақстанда ҰҚК-нің оқшауландырылған қамау орындары мен Ішкі істер министрлігіне қарасты қамау мекемелеріне кіруге немесе оларды бақылауға алуға жүйелі түрде тыйым салынған деп атап көрсетеді.

«Қазақстан билігі барлық қамау мекемелеріне хабарламастан баратын тәуелсіз бақылаушыларға рұқсат беруі керек. Бұл деген азаптауға қарсы қолданылатын тиімділігі дәлелденген тәсіл», - дейді Халя Гован.
Алматыдағы №1 тергеу изоляторы. Алматы, 3 сәуір, 2009 жыл.


Amnesty International Қазақстан үкіметінен азаптауға қарсы негізгі шараларды қабылдап, жүзеге асыруды сұрап отыр. Олар: жасырын қамау орындары тәжірибесін тоқтату, тәуелсіз бақылаушыларды барлық қамау мекемелеріне кедергісіз кіргізу, айыпты азаптау арқылы мойындатуға қарсы заңды қолдану, шағымдарды тәуелсіз түрде қарайтын механизм қалыптастыру.

Азаптауға қарсы комитет алаңдаушылық тудырған бұл төрт мәселе бойынша Қазақстан үкіметінен 12 айдың ішінде жауап беруді сұраған. Өз кезегінде Қазақстан үкіметі көтеріліп отырған мәселелерді қылмыстық процесуалдық кодекске толықтырулар мен өзгерістер енгізу арқылы ғана шешіп жатқанын айтты делінген Амнести ұйымының баяндамасында.

АРНАЙЫ ӨКІЛДІҢ АЛАҢДАУШЫЛЫҒЫ

Сондай-ақ үкіметтің шақыруымен Қазақстанда болған БҰҰ-ның азаптауға қарсы арнайы баяндамашысы Манфред Новак 9 күндік сапарын қорытындылай келе:

«Мен азаптау әдістері мен қинау тәсілдері жекелеген жағдайларда шектен тыс орын алып жатқанын айта аламын» дейді. Атап айтқанда, ол қолында қамауда болған адамның полицияның қолшоқпарымен таяқталғаны, ішіне құм толтырылған пластикалық бөтелкемен ұрып-соғылғаны жайлы шындыққа сай келетін көптеген дәлел-дәйектер бар екенін алға тартқан.

Осы айтылғандарды айғақтайтын бірнеше іске қатысты медициналық сот сараптамасы бар деп те атап көрсетеді Манфред Новак.
БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы Манфред Новак. Астана, 13 мамыр, 2009 жыл.


БҰҰ арнайы баяндамашысы 2010 жылдың ақпанындағы есебінде азаптауларға қатысты алаңдаушылығын қайталай келе, Қазақстанда заң мен шынайы жағдайдың арасында айтарлықтай алшақтық бар екенін айтқан.

Сонымен бірге Амнести интернэшнлдің есебінде Қазақстанның терроризмге қарсы күрес пен аймақтың қауіпсіздігін алға тартып, терроризм бойынша айыптауларды көбейткені айтылған. Бұл тұрғыда ҰҚК адамдардың құқын бұзып, терроризмге қарсы күрес желеуімен кейбір діни топтарды нысанаға алатынына назар аударылған.

Оған мысал ретінде, 2009 жылы қыркүйекте ҰҚК-нің қызметкерлері Алматыда саяси баспана іздеген өзбекстандық үш адамды үйлерінен ұстап әкетіп, белгісіз бір жерде тергеуге алғаны келтіріліп отыр. Онда арнайы қызмет өкілдерінің ұрып-соғуынан бір босқынның мұрны сынғаны, оларды Өзбекстанға депортациялаймыз деп қорқытқаны туралы айтылған. Ақырында қолдарында Алматыдағы БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі комиссиясында тіркелген құжаты бар үш өзбекстандық босқын бірнеше сағаттан кейін, еш айып тағылмастан босатылған.

Және Amnesty International ұйымына Қазақстанда тыйым салынған Хизб-ут-Тахрир сияқты исламшыл ұйым мүшелері терроризммен күрес науқанында жиі нысанаға алынатыны жайлы деректер түскен. Күдіктелгендердің туыстары ұсталғандарға жасамаған қылмысты мойындату үшін түрлі азаптау тәсілдерін қолданғанын Amnesty International-ға хабарлаған.

АСТАНАДАҒЫ АҒАЙЫНДЫ "ТЕРРОРИСТЕРДІҢ" ІСІ

Дәл осыған ұқсас жағдаймен Астанада Жасұлан Сүлейменов пен Қуат Жобалаев деген ағайынды жігіттердің терроризм айыбымен ұсталып, сотталғаны келтіріледі. Онда ҰҚК-нің офицерлері Қуат Жобалаевты екі ай бойы ешкіммен кездестірмей қамауда ұстап азаптаса, Ресейде бес адаммен бірге ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған Жасұлан Сүлейменовты тергеу изоляторында тұншықтырып, тамақсыз, сусыз қинап ұстағаны, ал оның жанында болған қалған бес адамды еш айып тақпастан босатқаны сөз болған.
Ағайынды Жасұлан Сүлейменов пен Қуат Жоболаев сот залында. Астана, 11 қыркүйек, 2009 жыл.


Ағайынды Сүлейменов пен Жоболаевтың сотқа өздерін азаптағаны жайлы түсірген шағымы кері қайтарылған. Азаттық радиосы Amnesty International есебіне іліккен бұл сот істеріне қатысты хабарлар беріп, мақалалар жариялаған болатын.

Ресми деректерге қарағанда, Қазақстанда азаптау тәсілдерін қолданғаны үшін 2006 жылы тек 7 полиция қызметкері сотталса, 2008 жылы екі офицер ғана жауапқа тартылған. 2009 жылы құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен полицияға қарсы ешбір сот ісі тіркелмеген.

ҰҚК-нің жалға алынған пәтерлерді ресми емес қамау орны ретінде пайдалануы, онда адамдарды қоғамнан оқшаулап құпия ұстайтын әдісі сынға алынған. ҰҚК ондай орындардың бірінде «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевті ұстап, оның қайда екенінен отбасы ұзақ уақыт хабарсыз болғаны айтылған Amnesty International-дың Қазақстандағы азаптау жағдайларына қатысты есебінде.

Жалпы Amnesty International ұйымының Қазақстанға арналған 30 беттік бұл баяндамасы бірнеше деректерді алға тарту арқылы, Қазақстан билігін азаптауға қарсы шараларды қолға алуға шақырып отыр. Атылмыш ұйым өз есебін азаптауға тап болған құрбандар мен олардың туыстарымен сұхбаттасып, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық үкіметтік ұйымдардың, заңгерлер мен шетелдік азаматтардың дәйектері арқылы жасаған.

Сонымен қоса Amnesty International өкілдері Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің жауапты қызметкерлерімен азаптау оқиғаларына қатысты арнайы кездесулер де өткізген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG