Accessibility links

Қазақстанның ядролық отынның «отаны» болуға дайын екендігі Барак Обаманы бейжай қалдырмады


Қазақстан президенті Н. Назарбаев ядролық отын туралы ойын ирандық әріптесімен Астанадағы кездесуде айтты. Астана, 6 сәуір, 2009 жыл.
Қазақстан президенті Н. Назарбаев ядролық отын туралы ойын ирандық әріптесімен Астанадағы кездесуде айтты. Астана, 6 сәуір, 2009 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел территориясында ядролық отын банкін құруға қатысты мәселелерді қарастыруға дайын екендігін мәлімдеді. Ал АҚШ президенті Барак Обама Қазақстан тарапынан айтылған бұл ұсынысқа аса қызығушылық танытқан көрінеді.

Сәуірдің 6-сы күнгі кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Иран президентіне республикада халықаралық ядролық отын банкін құруға қатысты келіссөздер жүргізу туралы ұсыныс айтты.

"Егер де ядролық энергетика үшін ядролық отын банкі құрылатын болса, онда Қазақстан ядролық қаруды таратпау және ядролық қарудан өз еркімен бас тарту туралы келісімге қол қойған ел ретінде бұл мүмкіндікті қарастыратын еді,-" деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мұны Иран президенті жақсы ұсыныс деп бағалады.

"Уран қоры мен оны байыту бойынша технологиясы бар кез келген елде ядролық отын банкін құруға болады... Халықаралық қауымдастық ядролық энергетикаға көзқарасын өзгертуі тиіс, яғни ядролық энергетика бұл ядролық бомба емес,-" деді ол.

Атом өнеркәсібі саласында әріптестік жасауды Қазақстан тарапы АҚШ-қа ұсынды. Сенаттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сәуірдің 7-сі күні Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаев та АҚШ президенті Барак Обамаға Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан территориясында ядролық отын банкін орналастыруға дайын екендігі турасында айтқан мәлімдемесін жеткізді.

АҚШ президенті Қазақстанның бұл бағытта жүргізіп отырған саясатына қолдау білдіріп, Орталық Азияға сапарында ең алдымен, өз елінің сенімді әріптесі болып табылатын Қазақстанға ат басын тірейтінін айтқан.

Қазақстанда ядролық отын банкін құру мүмкіндігіне қатысты Энергетика және минералды ресурстар министрлігі қандай да бір пікір білдіруден бас тартты.

Мамандардың айтуынша, ядролық отын банкі уранды қауіпсіз пайдалану үшін қажет. Бұл біріншіден, атом энергетикасын дамытуға мүмкіндігі жоқ елдер үшін қолайлы болса, екіншіден, уранды бейбіт емес мақсаттарда пайдалануға жол бермейді. Ядролық банкті құру идеясы тек жоба ғана, ал аталмыш халықаралық банктің өз территориясында орналасуына көптеген мемлекеттер ұмтылып отыр. Ірі ядролық державалар арасында бәсекелестік болмас үшін мұндай банкті ядролық технологиясы дамыған, барлық мемлекеттермен бірдей қарым-қатынас жасайтын елдерде қолға алған қолайлы көрінеді.

Саясаттанушы Әзімбай Ғалидың пікірінше, Қазақстанда ядролық отын банкін орналастыруға барлық мүмкіндіктер бар. Егер ядролық банк Қазақстанда орналасса, елдің халықаралық аренада салмағы арта түспек, әсіресе, экономикалық тұрғыда.

"Қазақстан дүние жүзінде ядролық отынның қоры мен оны өңдеу бойынша алдыңғы орындардың бірін алады. Қазақстанның ядролық отынды дайындау кешендері Жапония, АҚШ, Ресеймен бірге жасалады. Яғни, бұл бірге орындалатын бизнес-жоба. Бұл жерде Қазақстан жалғыз өзі сауда жасамайды. Бұған АҚШ, Жапония, Ресей де қатысады. Бұл жоба сол мемлекеттердің қадағалауында тұр.

Иран онсыз да өзінің бейбіт ядролық жоспарын жүзеге асыратын түрі бар. Сондықтан Қазақстанның Иранға ядролық отын беруіне АҚШ, Ресей, Жапония, ЕуроОдақ қарсы болмайтын шығар. Біз арқылы АҚШ, Ресей, Жапония Иранның ядролық бағдарламасын қадағалайды. Бұл біздің мемлекетіміздің бюджетіне ақша және жұмысқолы. Бұл мемлекетке де, кәсіпкерлерге жақсы. Сондай ақ, біз нарыққа ие боламыз. Жалпы Иранға ядролық отын түгілі АҚШ мұнай сатуға да рұқсат бермейтін. Олай болса, біз мұнайымызды да сатуға мүмкіндік аламыз,-" дейді Әзімбай Ғали.

Сарапшылар сөзіне сенсек, Қазақстан қазірдің өзінде ядролық отын тасымалы туралы Жапония, Қытай, Үндістанмен келісімге қол жеткізген көрінеді. «Невада-Семей» қозғалысының директоры Рүстем Тұрсынбаев:

"Біздің қозғалыс уранды бейбіт мақсатта қолдануды толығымен қолдайды. Және мұндай ұйымның құрылуын үлкен бастама деп білеміз. Осыған дейін Барак Обама ядролық державаларға оқтұмсықтарды 1000-ға дейін қысқарту туралы ұсыныс жасаған болатын. Қазақстан ең алғаш рет ядролық қарудан бас тартса, енді ақырын-ақырын АҚШ-тың, Ресейдің соған қосылып отырғанына қуанып отырмыз,-" дейді.

Ресейлік ақпарат агенттіктерінің жазуынша, өткен жылдың қыркүйек айында АҚШ МАГАТЭ-нің жанынан ядролық отын банкін құруға көмек ретінде 50 млн доллар бөліп, барлық елдерді осындай банк құруға көмектесуге шақырған көрінеді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG