Accessibility links

Қазақстандықтардың көпшілігі Барак Обама жақсы өзгерістерді Америкаға ғана емес, әлемге де әкеледі деп сенеді


20 қаңтарда АҚШ-тың 44-ші президенті Барак Обама ант қабылдады. Америка өз тарихындағы осы ұлы күнге дайындалып жатқан сәтте Азаттық радиосының тілшілері Қазақстан азаматтарына "Сіз АҚШ-тың жаңа президентінен не күтесіз?" деген сауалмен қайрылған еді.

АҚШ-тың алғашқы афро-америкалық президенті Барак Обама Вашингтондағы Конгресс жанында жиналған миллиондаған адамның алдындағы инаугурация салтанатында сөз сөйледі.


Инауграция салтанатына екі жарым миллион адам жиналды. Әлемнің түкпір-түкпірінен ондаған мың адам шақырылды. Ондай қонақтар арасында Қазақстан азаматтары да болды.

Бүкіл әлем Барак Обаманың бағдарламалық сөзі қандай болады, жаңа президент Американы қай бағытқа бастайды, жер бетіндегі миллиондаған адамдардың үміті мен сенімін ол ақтай ала ма деген сұрақтарға жауап аламыз ба деп, инаугурация салтанатын күтіп отырған сәтте осы тектес сұрақтарды біздің тілшілеріміз де Қазақстан азаматтарына қойған еді. Сұралғандардың арасында саясаткерлер де, заңгерлер мен зейнеткерлер де, жұмысшылар мен журналистер де болды.

Герольд Бельгер, жазушы:

– Маған Барак Обама өте ұнайды. Жас, өте сүйкімді, күш-қуаты мол, іскер, көп білетін адам, көргенде жақсы әсер қалдырады.Әрине мен тек Америкада ғана емес, барлық дүние жүзінде үлкен өзгерістер болады деп сенемін. Маған ерекше ұнайтыны, тумысында ақ адамдардың қатарына жатпаса да, осындай биіктерге көтеріле білгені. Бұл өте айта қаларлықтай жағдай және әлемдік саясат пен өмірдегі жақсы нышан. Мен оның саясат сахнасында пайда болғанына өте қуаныштымын және де өзімнің ізгі сезімдерімді білдіремін.

Александр Сидельников, адвокат:

– Менің ойымша, енді әлемде тұрақтылық орнайды. Одан әрі барлық соғыс әрекеттері тоқтайды. Түптің түбінде, егер, Америка басқа елдердің үмітін ақтайтын ел боламын десе, онда ол өз беделін түсіріп алмай, оны тек жоғары көтере беруі керек.

Мақсұт Оразай, зейнеткер:

– Бүгінгі жағдай тек Америка үшін емес, бүкіл әлем үшін айрықша. Менің ойымша АҚШ бүгін шындығында 21- ғасырға аяқ басады. Осы бір арықша келген, қараторы жас азамат американдықтардың барлық жақсы үлгісінің жиынтық бейнесі іспетті, ол жарқын болашақтың үміті секілді көрінеді маған.

Американдықтар барша әлемге нағыз демократия бар екенін дәлелдеді. Және бұл сенім бүкіл әлемге берілді. Мен Барак Обама жер бетіндегі барша жұрттың үмітін ақтасын деп тілеймін.


Бақытжан Төреғожина, «Ар. Рух. Хақ» қоғамдық қорының төрайымы:

– Америка жаңарғысы келеді. Сонымен бірге бүкіл әлем де жаңаруды қалап отыр. Оның үлгісін Америкадан көргісі келеді. Өйткені бұл елдің әрекеттеріне көп нәрсе байланысты. Өкінішке қарай, өткен 8 жыл Америка үшін аса сәтті болмады. Буштың саясаты, оның «демократияны мұнайға айырбастаған» түсінігімен алысқа бармады.

Америка ұлы ел, сондықтан да ол өз мүдделері тұрғысынан ғана қарай алмайды. Ол енді президент Буштың тұсындағыдай, қосарланған стандарт саясатын қолдана алмайды. АҚШ әлемде бейбітшілік пен демократия орнатуды ойлауы керек.Ирақтағы бір соғыстың өзі неге тұрды? Мұндай қателікті АҚШ тың жаңа президенті қандай жағдай болса да қайталамайды деп сенеміз.

АҚШ-тың вице-президенті Дик Чейни Қазақстанға келіп Назарбаевты үлкен демократ және реформатор ретінде мақтай жөнелгенде бүкіл Қазақстан жұртшылығы есінен танып қала жаздаған. Барак Обама мұндай деңгейге дейін төмендемейтін шығар деп үмітттенемін.


Гүлнәр Ақпай, шымкенттік заңгер:

—Алматыда қалай екенін қайдам, бірақ бізде, оңтүстікте, жаппай жемқорлық етек алған. Мен бірінші мамандығым бойынша мектеп мұғалімімін, бірақ жұмысқа тұра алмадым, яғни беретін параң болмаса, бәрі бос сөз. Мектеп директорына пара берсең, жұмысың дайын. Сол Барак Обаманың реформасы бізге жетпей ме деп қорқамын. Назарбаев Буштың, Путиннің, Медведевтің кілтін тапқандай, оның да тілін табады. Мен қазір ешкімге және еш нәрсеге сенбеймін. Әрине, осы қара нәсілді ұлттың баласы әлем жұртшылығына әділдік пен адамзатты сүюдің үлгісін көрсетсе екен деп тілеймін.

Петр Своик, «Азат» оппозициялық партиясы төрағасының орынбасары:

— Барак Обама өте ерекше президент, тарихи құбылыс. Ол билікке де АҚШ үшін тарихи құбылысты кезеңде келді. Салыстыруға теңеу де келмейді, бірақ кейбір жағдайларда ол Михаил Горбачев сияқты. Және өте маңызды оқиғалар да Обаманың кезінде болатындай көрінеді. Бірақ оған оның қалай ықпал етері де сол Горбачевтің өзі ойлап тапқан қайта құруына ықпал еткенімен бірдей болады. Дегенмен әлем мен АҚШ-ты Барак Обаманың президенттігі кезінде маңызды оқиғалар күтіп тұр, оған да аз қалды.


Игорь Величко, құрылысшы:


— Менің әкем ипотекаға үй алған. Ақшасын төлеген, ал пәтерін қашан алары белгісіз. Әзірше құрылыстар тоқтап тұр. Мен үйленгім келіп еді, дағдарысқа байланысты бәрі кейінге қалды. Мені толғандыратын бір-ақ мәселе Американың жаңа президенті дағдарысты тоқтата алар ма екен, сол кезде бәріміз тыныш өмір сүрер едік. Оны ақылды деседі ғой, солай екеніне сенгім келеді.

Сейітқазы Матаев, Қазақстан Журналистер Одағының басқарма төрағасы:


– Бұл Америка үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды оқиға. Өйткені Америка – үлкен мемлекет, алып держава. Әрине, мен АҚШ-тың жаңа әкімшілігінен жаңалықтар күтемін. Афроамерикандық Барак Обаманың билікке келуі бүкіл әлемге Америкада шынайы демократияның бар екенін көрсетті. Бұл басқа мемлекеттерде де аз ұлттың өкілі билік басына келе алады деген сөз. Обама ешқандай топқа кірмейтін, ешқандай тіркеуде болмаған және сайлауда кенеттен жеңіп шықты, сондықтан мен ТМД елдерінде, атап айтқанда Қазақстанда да үлкен өзгерістер болады деп сенемін.


Көріп отырғанымыздай қазақстандықтардың басым бөлігі Барак Обаманың АҚШ билігіне келуін үлкен үміт, сеніммен қабылдады. Әлем жұртшылығы дағдарыс пен теке-тірестен шаршады, сондықтан АҚШ –тың жаңа президентінің сайлау алдындағы берген уәделері серпіліс туғызды.

Американың 44-ші президенті Барак Обаманың инауграциялық сөзін барша әлем бүгін тыңдайтын болады.
XS
SM
MD
LG