Accessibility links

Барак Обама: АҚШ азаттықты аңсаған араб елдерімен бірге


АҚШ президенті Барак Обама мемлекеттік департаментте сөйлеп тұр. Вашингтон, 19 мамыр 2011 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама мемлекеттік департаментте сөйлеп тұр. Вашингтон, 19 мамыр 2011 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты Ақ үйдің ұстанымын білдіріп, Израиль мен Палестина арасындағы мәселеге қатысты АҚШ саясатын жария етті.


АҚШ президенті Барак Обама өткен жылдың соңынан бері араб елдерінде демократиялық өзгерістерді талап еткен толқуларға қатысты бірінші рет жолдау жасады. Обама Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада ұзақ отырған билік иелеріне қарсы шерушілерді «азаттықты аңсағандар» деп атады:

- Алты ай бойы біз Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы ерекше жағдайларға куә болдық. Алаңдардан қалаларға, қалалардан елдерге тараған халық толқулары адамның негізгі құқықтарының сақталуын талап етті, - дейді Барак Обама.

ТАРИХИ СӘТ

«АҚШ [араб әлеміндегі] елдің өз тағдырын шешу мен мүмкіндігін пайдалану құқығын жетілдіретін өзгерісті қоштайды. Бұған еш күмән болмауы тиіс» деді Барак Обама. Ол АҚШ араб елдеріндегі көптен бері билікте отырған кейбір одақтас жетекшілерді қолдайды деген дүдәмал пікірлерді жоққа шығарып, АҚШ бұл елдердің жетекшілерімен емес, өзгерістерге шақырған азаматтарымен бірге деген ой айтты.

- Америка Құрама Штаттары биліктің көзі - халық деген сеніммен құрылған. Қазір біз өз құқықтары үшін күрескен адамдарды еш кідірместен ашық қолдаймыз. Олардың жетістіктері бейбітшілік, тұрақтылық және әділет салтанат құрған өмір тудыратынын білеміз, - деді Обама.

Оның айтуынша, Америка үшін Тунистегі көше саудагерінің
Сириядағы үкіметке қарсы шеру.Қамышлы, 13 мамыр 2011 жыл.

адамгершілік құндылықтары диктатордың шектеусіз билігінен қымбат екенін көрсететін тарихи сәт туып отыр.

Осы тұрғыда Барак Обама Сирия президентін мысал қыла кетті. АҚШ президенті Башар әл-Ассадтың өз еліндегі екі айдан бері биліктен реформалар талап еткен бейбіт шерушілерді күшпен басып, жаппай қырып-жою жолын таңдағанын айтты. "Башар әл-Ассад билікті бейбіт демократиялық жолмен беруі керек немесе кедергі жасамай кетуі тиіс" деді ол.

Сирия режиміне қарсы наразылық шерулерінде 850-ден аса адам қаза тауып, мыңдаған адам қамауға алынды. Вашингтонның бұл жағдайларға қатысты реакциясы әлсіз болды деген сындар айтылды. Обаманың бұл жолдауынан бір күн бұрын Сирия жетекшілеріне қарсы жаңа санкциялар енгізілген болатын.

ВАШИНГТОНҒА ТАҒЫЛҒАН СЫН

АҚШ-тың Таяу Шығысқа қатысты сыртқы саясаты соңғы алты айдағы аймақтағы толқулар кезінде қатты сыналды. Обама әкімшілігінің "араб елдеріндегі демократиялық көтерілістерге реакциясы біркелкі болмады" деген сын айтылды.

Мәселен, Обама АҚШ-тың одақтасты болған Египетті ұзақ жылдар басқарған Хосни Мүбәрәкті биліктен кетуге шақырғанымен, Бахрейнде еркіндікті талап
Хосни Мүбәрәк (сол жақта) пен Барак Обама. Вашингтон, 1 қыркүйек 2010 жыл.

еткен шерулерде азаматтар қаза тапқанына қарамастан, Бахрейн билігіне ондай үндеу жолдамады.

НАТО-ның Ливия жетекшісі Муаммар Каддафиді биліктен құлатуына АҚШ күштері көмектесіп жатыр. Бірақ бүгінге дейін Вашингтон Сирия президентінің өз халқын қатаң жазалап жатқанына үндемей келді деген сындар да айтылды.

Бейсенбі күні кешкісін АҚШ мемлекеттік департаментінде сөз сөйлеген президент Барак Обама АҚШ-тың көптен бергі әріптесі Бахрейнге қатысты да мәлімдеме жасап, бұл мемлекет басшыларын "елде қамауда отырған оппозиция өкілдерін түрмеден шығаруға" шақырды.

Бахрейн билігі ел оппозициясымен диалог бастауы тиіс деді Обама. Ол Йемен президенті Әли Абдулла Салехті де билікті бейбіт жолмен тапсыру жөнінде Парсы шығанағы кеңесі арқылы жасалған келісімдегі міндеттемесін орындауға шақырды.

АМЕРИКАНЫҢ ҚОЛДАУЫ

Обама АҚШ демократиялық өзгерістерді, тіпті Вашингтонның бұл аймақтағы стратегиялық мүдделеріне қарамастан қолдайтындығын айтты.

"Бұл қолдау
Егер реформаларға шақырып, тәуекелге бел бусаң, АҚШ-тың толық қолдауына ие боласың.

азаматтық қоғамға, әлеуметтік ақпарат құралдары арқылы көпшіліктің, әсіресе, жастардың уәжін тыңдау жолы ретінде көрінбек. Жұмыс орнын көбейту мен келешекке инвестиция салуды көздейтін маңызды эконмикалық жәрдем ретінде байқалмақ" деді АҚШ президенті.

- Біздің бір ғана айтарымыз - егер реформаларға шақырып, тәуекелге бел бусаң, АҚШ-тың барынша қолдауына ие боласың, - деп мәлімдеді Барак Обама.

Ақ үй Египеттің 1 миллиард доллардай қарызын кешіріп, ол қаражат жұмыс орнын құру мен кәсіпкерлікті дамыту үшін пайдаланылуы мүмкін екенін айтты.

ИЗРАИЛЬ МЕН ПАЛЕСТИНА МӘСЕЛЕСІ

Обама бейсенбі күнгі жолдауында АҚШ-тың Израиль мен Палестинаға қатысты ұстанымын да айқындауға тырысты.

Обама бірінші рет қоғам алдында Израильді Палестина мемлекетін құруға келісуге шақырды. АҚШ президенті 1967 жылғы шекара негізінде, Израильдің Шығыс Иерусалимді басып алған соғысына дейінгі шекарасын сақтап, Палестина өз алдына дербес мемлекет болуы керек деді.

Палестинаның негізгі талаптарының бірін қолдаған Обама АҚШ-тың бұған дейін Израильді жақтап келген саясатынан туған дағдарысты реттегісі келетінін байқатты.

"Израильдің қауіпсіздігіне қатысты АҚШ-тың міндеттемесі сақталады" деді Барак Обама. Бірақ екі елдің арасындағы ерекше достық Обаманы да мәселені жұмсақтап жеткізуге мәжбүрлегендей. "Саяси-құқықтық жағдайды реттеудің әлі ыңғайы келмей тұр. Израильдің де бейбітшілік ұзаққа созылу үшін ерік-жігер танытып, әрекет етуі қажет" деді ол.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG