Accessibility links

Үздік университеттерге оқуға түсу амалдары


Оксфорд университеті. Көрнекі сурет

Оксфорд университеті. Көрнекі сурет

Осы аптада Times Higher Education басылымы әлемдегі ең үздік жүз университеттің дәстүрлі тізімін жариялады. Тізімдегі оқу орындарында оқыған қазақ студенттері Азаттыққа Батыста оқу жолдарын айтып берді.

Times Higher Education басылымының рейтингі басында төрт ғасырға жуық тарихы бар АҚШ-тағы ең ескі университеттердің бірі - Гарвард тұр. Жүздікке одан бөлек АҚШ-тың 43 университеті енген.

ҮЗДІК ЖҮЗДІК

Гарвардтан кейін екінші орында - Массачу́сетс технологиялық институты, үшінші орында - ұлыбританиялық Кэмбридж университеті тұр.

Алдыңғы ондық арасында бір төмен, бір жоғары ауытқып тұрған Оксфорд университеті бұл жолы рейтингісін жоғарылатып төртінші орындағы Стэнфорд университетін алтыншы орынға ысырған.

Жалпы тізімде әлемдегі 20 елдің аты аталады: АҚШ (44), Ұлыбритания (9), Австралия (6), Жапония (3), Канада (2), Швейцария (3) т.б

ТМД аумағындағы бір ғана университет рейтингке енген. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті тізімде 50-ші боп тұр.

Төмендегі таблицада алғашқы ондық көрсетілген.


Университеттер
мемлекет
1. Гарвард университеті (Harvard University) АҚШ
2. Массачу́сетс технологиялық институты (Massachusetts Institute of Technology) АҚШ
3. Кэмбридж университеті (University of Cambridge) Ұлыбритания
4. Оксфорд университеті (University of Oxford) Ұлыбритания
5. Калифорния университеті (The University of California, Berkeley) АҚШ
6. Стэнфорд университеті (Stanford University) АҚШ
7. Принстон университеті (Princeton University) АҚШ
8. Лос-Анжелестегі Калифорния университеті (University of California, Los Angeles) АҚШ
9. Токио университеті (University of Tokyo) Жапония
10. Иель университеті (Yale University) АҚШ



Жыл сайын рейтинг түзіп, әлемдегі үздік оқу орындарды анықтап отыратын британдық Times Higher Education басылымы зерттеуді Thomson Reuters ақпараттық тобының көмегімен жасайды.

Times Higher Education сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, рейтинг 2012 жылы наурыз бен сәуір аралығында әлемнің 144 елінде жүргізілген, 16 мыңнан астам маманнан алған жауап негізінде жасалған.

Онда сауалнамаға қатысқан адамдардың оқу орнында орташа есеппен 17 жылдық тәжірибесі бар екені жазылған.

Бұған қоса сұрақтарға жауап берген азаматтардың әртүрлі саладан шыққаны, дүние жүзінің әр аймағынан болғаны ескеріліпті.

Мамандардың 22,1 пайызын - әлеуметтік ғылым, 21,3 пайызын - инженерлік ғылым және технология, 18 пайызы - физика саласының мамандары құраған.

Зерттеу методологиясы жайлы толығырақ мына жерден оқуға болады.

ҮЗДІК УНИВЕРСИТЕТТЕ ОҚЫҒЫҢЫЗ КЕЛЕ МЕ?

Ұлыбританиядағы Дарем (University of Durham) университетінің магистрі, «Халықаралық бағдарламалар орталығының» Азия тынық мұхит және ТМД елдері бөлімінің бастығы Ғалия Досмұхамбетова шетелден университтетті таңдаған кезде оқу орнының әлемдегі рейтингісінен гөрі оқығыңыз келген сала бойынша университеттің деңгейін білу маңыздырақ екенін айтады.

- Себебі, айталық Оксфорд немесе Кэмбридж университеттері рейтингтің алдында тұрғанмен сіз оқығыңыз келген сала бойынша деңгейі аса жоғары болмауы мүмкін, - дейді ол.

Оның айтуынша, Ұлыбританиядағы оқу орындарының барлығы-дерлік ақылы. "Сондықтан елдегі мемлекеттік жалғыз оқу орнының грантына ие болудан үміт етпесе де болады" дейді.

"БІРДЕН БІРНЕШЕ ОҚУ ОРНЫНА ҚҰЖАТ ТАПСЫРСАҢЫЗ УАҚЫТТАН ҰТЫЛМАЙСЫЗ"

Ғалия Досмұхамбетова шетелде оқығысы келгендерге "уақыт жоғалтпау үшін бірден 5 университетке құжат тапсырған жөн" деп санайды.

Кэмбридждегі Гарвард саябағы. Сурет ашық ресурстан алынған

Кэмбридждегі Гарвард саябағы. Сурет ашық ресурстан алынған

- Өз басым бірден бес университетке құжат тапсырдым. Төртеуінен "қабылдандыңыз" деген жауап алдым. Егер бір ғана университетке тапсырсаңыз, тіпті оларға талаптарыңыз сәйкес келіп тұрса да, сізден бұрын басқа бір студент тапсырып қоюы мүмкін. Сондықтан осылайша "сақтық шараларын" жасаған дұрыс, - дейді Ғалия Досмұхамбетова.

Ол Ұлыбританияның университеттеріне қабылдау шарттары негізінен ұқсас екенін айтады.

- Магистрлік білім алғысы келетіндер үшін ең бірінші талап - ағылшын тілін білу. Бұған қоса, дипломның орташа балы да жоғары болу керек. IELTS көрсеткіші кемінде 6,5 болуы тиіс. Және ұсыныс хат (рекомендательное письмо) керек. Бұған қоса мамандықты неге игергенің жөнінде эссе жазуға тиіссің , - дейді Ғалия Досмұхамбетова.

Оның айтуынша, Қазақстаннан ерекшелігі - Ұлыбританияда ұсыныс хатты берген адамның лауазымы емес, оның белгілі бір салаға қосқан үлесі, жетістігі және шәкіртті жақсы білуіне назар аударылады.

- Бізде мәселен, «бұл студент білімді, қабілетті» деп жазса, ол жақта әдетте, мұндай хат «мен бұл студентті х жылдан бері білемін» деп басталады, - дейді ол.

ПЛАГИАТТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!

Оның айтуынша, әлемдегі ең үздік университеттердің барлығында плагиат мәселесіне өте мұқият қарайды.

- Плагиат үшін оқу тіпті студентті шығарып жіберуі де мүмкін. Бұл алдау, арбау болып есептелгендіктен ең қорқынышты қателік осы, - дейді ол.

Ғалия Досмұхамбетованың айтуынша, Еуропа университеттерінің магистатурасын көбіне оқуды бітіре салған тәжірибесіз жастар емес, тәжірибе жинап, білімді қажетсінген ересек адамдар оқиды.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» мамандарының айтуынша, қазіргі кезде Қазақстан студенттерінің басым бөлігі мүмкіндігінше Еуропа университеттерінде оқуға тырысады.

- Біріншіден, жақын. Екіншіден, қауіпсіздік жағынан да қолайлырақ. Көптеген ата-аналар АҚШ десе, барлық жаман оқиғалардың бәрі сол жақта болып жатқандай ойлайды. Түрлі дауылдар туралы естиді, - дейді Ғалия Досмұхамедова.

КАНАДАНЫҢ БІЛІМ ЖҮЙЕСІ

Канада мен Қазақстанның білім жүйесіндегі ерекшеліктеріне тоқталған «Болашақ» бағдарламасының түлегі Әлия Итчанова таңдаған бағдарламаға сәйкес шәкірттер үшін талаптар әрқалай болуы мүмкін айтады.

- Канаданың магистратурасында талап ететін бал бөлек те, докторантурада бөлек. Докторантураға қандай да бір ғылыми еңбектер талап етеді. Магистратураға түспес бұрын алдын-ала бағдарламалардан өтуге болады. Яғни, бұл бакалаврдың төртінші курсы сияқты. Сізді магистратураға дайындайды, - дейді Әлия Итчанова.

Ол екі ел арасындағы білім жүйесінің ерекшеліктерін қатты сезінгенін айтады.

- Материалдық базадан бастап, оқытушыларды даярлауға дейін. Тіпті кітапхана, техникалық құрылғылар, лабораториялық бөлмелер, қарапайым университеттердің лекциялық залдарының жабдықталуына дейін ерекшеленіп тұрды. Мұндағы оқытушылар үнемі біліктерін жетілдіріп тұрады, - дейді ол.

Бұрынғы түлектердің айтуынша, университет таңдаған кезде әр елде білім алу ұзақтығы әрқалай екенін де ескерген дұрыс. Мысалы, Ұлыбританияда магистратура уақыты - бір жыл, Канада мен АҚШ-та екі жыл, т.с.с.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG