Accessibility links

Палуандар күрестің олимпиадаға енбеуіне қарсы


Беларусь спортшысы Алим Селимов пен Қазақстан балуаны Даниял Гаджиев (көк киімді) Лондон олимпиадасында. 6 тамыз 2012 жыл.

Беларусь спортшысы Алим Селимов пен Қазақстан балуаны Даниял Гаджиев (көк киімді) Лондон олимпиадасында. 6 тамыз 2012 жыл.

Халықаралық олимпиада комитеті 2020 жылы өтетін олимпиада бағдарламасына ұсынған спорт түрлерінің ішінде күрес жоқ. Қазақстандық спортшылар бұл шешімге разы емес.

Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) 2020 жылғы жазғы олимпиаданың бағдарламасына енетін кепілді 25 спорт түрлерінің тізімін жариялады. Бұл бағдарламаға күрес (еркін күрес, грек-рим күресі, әйелдер күресі) кірмей қалған.

Енді күрес олимпиада ойыны болып қалуы үшін қосымша бөлінген бір орынға каратэ, ушу, бейсбол, роликпен жүгіру, жарға өрмелеу, сквош, вейкбординг сияқты спорт түрлерімен бірге таласады.

Осы сегіз спорт түрінің федерациялары ХОК-тың 2013 жылдың мамырында Санкт-Петербургте өтетін сессиясында олимпиада бағдарламасына енуге лайық екендерін дәлелдеуі тиіс. Ал сегіз спорттың ішінен қайсысының олимпиада бағдарламасына енетіні ХОК-тың қыркүйек айында Буэнос-Айресте өтетін 125-сессиясында анықталады.

«КҮРЕС ОЛИМПИАДАНЫҢ БАР ШАРТЫНА ЛАЙЫҚ»

14 жастағы алматылық балуан Нұрбол Серікханов қазір еркін күреспен айналысады. Оның басты арманы – 2020 жылы өтетін олимпиада ойындарына қатысу.

– Күреспен айналысып жүргеніме бір жарым жыл болды. Бір-екі күн бұрын бапкерім «күрес олимпиада ойындарынан алынып тасталады деген хабар шығып жатыр» деген. Кез келген спортшының арманы олимпиадаға бару ғой. Менің де арманым – сол. Егер расымен де күресті олимпиададан алып тастаса, онда боксқа кетуім мүмкін, – дейді жас спортшы.

Ал Қазақстан күрес федерациясының бас хатшысы Жаңаберген Қармандаев ХОК-тың бұл шешіміне таң қалғанын айтады.
Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров. 12 тамыз 2012 жыл

Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров. 12 тамыз 2012 жыл


– Қазақстан күрес федерациясы бұл шешімге қарсы. Біз өз көзқарасымызды олимпиада комитетіне жазып жібереміз. 14-15 ақпанда Таиландтың Пхукет қаласында халықаралық күрес федерациясының шұғыл отырысы өтіп, мамырда Санкт-Петербургте өтетін ХОК-тың сессиясына дайындық мәселесі талқыланады. Алдағы уақытта күрес түрлерінің ережесін өзгеру мәселесі осы жерде талқыланады. Ал ХОК күресті не үшін олимпиада бағдарламасынан алып тастағанын жарияламай отыр. Қазақстан күрес федерациясына арнайы хат жіберіпті. Бірақ онда себебі жазылмаған. Тек күрестің олимпиадаға енетін кепілді спорт түрлерінің ішіне енбей қалғаны жазылыпты, – дейді федерация өкілі.

Жаңаберген Қармандаевтың айтуынша, «күрес олимпиада бағдарламасына енуге керек барлық шартқа сәйкес келеді».
Жаңаберген Қармандаев, Қазақстан күрес федерациясының бас хатшысы.

Жаңаберген Қармандаев, Қазақстан күрес федерациясының бас хатшысы.


– Біздің болжауымызша, ХОК «Күрестің географиясы кең емес. Жүлдені Иран, Ресей, Қазақстан, Әзірбайжан сияқты елдер ала береді. Америка, Африка елдері ала алмайды» деуі мүмкін. Бұл – біздің ойымыз. Бірақ қазір халықаралық күрес федерациясына 177 ел мүше. Олимпиада ойындарында күреске жанкүйерлер көп жиналады. Біз күрес олимпиада ойындарында қалады деп үміттенеміз, – деді Қазақстан күрес федерациясының бас хатшысы Азаттыққа тілшісіне.

«КҮРЕС ОЛИМПИАДАҒА ЕНБЕСЕ, ҚАЗАҚСТАНҒА ҚИЫН БОЛАДЫ»

Еркін күрестен Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуковтың ойынша, күрес олимпиада бағдарламасына енбей қалса, Қазақстанның ойындардағы жүлдесі үш-төрт медальға азаяды.

– Қазір күрестің ережесі дұрыс емес. Балуандар бір-бірін кілем сыртына шығарып, ұпай алады. Балуанның тағдыры қоржындағы шарға да байланысты. Бұл – қате. Оған қоса күресті коррупция жайлап бара жатыр. Осының барлығын ескере келе, ХОК осындай қадамға барып отыр. Бірақ ешқандай ескертусіз бағдарламадан алып тастауға болмайды. Егер күрес бағдарламаға кірмей қалса, Ресей, Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, АҚШ, Арменияға қиын болады. Ал Африка, Латын Америкасы елдеріне әсер етпеуі мүмкін, – дейді олимпиада жүлдегері.
Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Гөзел Манюрова. 9 тамыз 2012 жыл

Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Гөзел Манюрова. 9 тамыз 2012 жыл


Ислам Байрамуков 2020 жылғы олимпиада ойындарын өткізуге Стамбул (Түркия), Токио (Жапония) және Мадрид (Испания) қалалары үміткер екенін айта келе:

– Осы үш елдің екеуінде (Жапония мен Түркияда) күрес – маңызды спорт түрлерінің бірі. Сондықтан олар да қарап қалмас. Қазір әлемде күреске қатысы бар мамандар осы спорт түрін сақтап қалу үшін барын салып жатыр, – деді.

Қазақстандық спортшылар 1992 жылдан бергі олимпиада ойындарының бәрінде күрестен жүлде алған. Бұл ел олимпиадалардан жиыны 16 медаль ұтты: еркін күрестен – бес күміс, екі қола; грек-рим күресінен – бір алтын, бір күміс, бес қола; әйелдер күресінен – екі қола.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG