Accessibility links

Сұлу суретші - Талаптан Ахметжан «О дүниенің қонағы» болды


Жазушы-драматург Талаптан Ахметжанды қаламдастары соңғы сапарға шығарып салды. Алматы, 29 маусым, 2009 жыл.
Жазушы-драматург Талаптан Ахметжанды қаламдастары соңғы сапарға шығарып салды. Алматы, 29 маусым, 2009 жыл.

Бүгін Алматы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен Валентин Пикуль атындағы және Оралхан Бөкей атындағы сыйлықтардың лауреаты, жазушы-драматург Талаптан Ахметжанды ақтық сапарға аттандырды.

ЖАЗУШЫМЕН ҚОШТАСҚАН КҮНІ АЛМАТЫ АСПАНЫ ЖЫЛАП ТҰРДЫ...

Ауруханада екі күн ғана науқастанып жатып, 27 маусымда қайтыс болған жазушының денесі Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратынан шығарылып, Кеңсай зиратына жерленді.

Мезгілсіз өмірден озған қаламдастарын соңғы сапарға ұзатып салып, қаралы жиында сөз алғандар марқұмның кішіге қамқор аға, үлкенге ізетті іні бола білген сырбаз мінезді азамат екенін тілге тиек етіп, қазаның кенеттен болғанына, әдебиетке бергенінен берері көп кемел жасқа жақындаған жазушының кенеттен келген ажалына өкініш білдірді.
"Алаш" сыйлығының лауреаты, жазушы Талаптан Ахметжан.


Талаптан Ахметжан 1961 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Теректібұлақ ауылында туған. 1979 жылы Өскемен құрылыс-жол институтына оқуға түседі. 1985 жылы оқу орнын бітіріп, құрылыста мастер, облыстық телерадиокомитетте редактор, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, ҚР баспасөз және БАҚ министрлігінде бас маман, «Егемен Қазақстан» газетінде бөлім редакторы, «Парасат» журналында бас редактордың орынбасары, республикалық «Әдебиет айдыны» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, «Ан Арыс» баспасының бас редакторы қызметтерін атқарған.

Талаптан Ахметжан «Тұма», «Сұлу мен суретші», «О дүниенің қонағы», «Ақиқат жолы», «Мұң» атты кітаптардың, республика театрларында қойылған «Тазша бала», «Қараторғай», «Екі жүрек», «Сұлу мен суретші» қойылымдарының ауторы.

Қаламдас інісімен қоштасуға келген жазушы Смағұл Елубай былай дейді:

— Бүгін біз соңғы сапарға шығарып салған Талаптан Ахметжан қазақ әдебиетіндегі сырбаз тұлға еді. Оның қаламынан туған әңгіме, повестері табан астында қазақ оқырманының игілігіне айналып жататын. Маған Талаптанның «О дүниенің қонағы», «Сұлу мен суретші» атты көлемді шығармалары көбірек ұнайтын еді.
Жазушы Талаптан Ахметжан (сол жақта) мен жазушы Әкім Тарази


«Сұлу мен суретшінің» алтын тіні, арқауы суреткердің тағдырына құрылған, кешегі Совет дәуірінде де, бүгінгі тәуелсіздік заманында да ақиқат пен әділдік деген адамның адамы ғана жүре алатын жолды таңдаған суреткер деген ағайынның айдарынан жел есе қойған жоқ.

Ал суреткерге Алла тазалық сыйлап, жүрегіне иман береді, сондықтан да суреткерлер қоғамнан теперіш көріп жүретін бір тайпа ел. Оның қолынан жағаласып алдау, арбау, тиыннан тиын құрау келмейді, керісінше суреткер қу мен сұмға ылғи оппозицияда жүреді, «Сұлу мен суретші» осындай суреткердің өмірін сомдаған шығарма.

Өткен жылы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында талантты режиссер Нұрқанат Жақыпбай сахналаған Талаптанның «Сұлу мен суретшісі» бұл театрдың үлкен бір табысты қойылымы болды.
Қазақстан халық жазушысы Ә. Нұршайықов, Жазушылар одағының төрағасы Н. Оразалин, төрағаның орынбасары Б. Шахан, "Қаламгер-медиа" орталығының атқарушы директоры Ж. Әшімжан марқұммен қоштасу сәтінде. Алматы, 29 маусым, 2009 жыл.


"ОНЫҢ ЖҮРЕГІ МӨЛДІРЕП ТҰРУШЫ ЕДІ..."

Жазушы деген дипломатиясы қырық қатпарлы қиын қауымның арасында шалыс баспай, біреудің аяғын басып кетпей немесе біреуді иығыңмен қағып кетпей өмір сүру қиын проблема. Мұндай жағдайда тепе-теңдік сақтап, бір адамның ғана емес, тұтас қауымның көңілін тауып, өзін Алаштың перзенті, қазақтың қаламгері ретінде сақтау адамның адамының ғана қолынан келеді. Осы қасиеттері арқылы Талаптан өзі қызмет еткен жазушылар арасында, Жазушылар одағында беделді адамға айналды, бүгінгі қаралы жиынға жиналған, сөз сөйлеген халықтың қарасының көптігі, бас июі осыны көрсетті.

Мезгілсіз келген ажалдан жаман ештеңе жоқ, Талаптан ең болмағанда пайғамбар жасына да жете алмады және соңында қалған 4 балапанын ел қатарына қосып, аяқтарына тұрғыза алған да жоқ, арсыз ажал бұл жолы тіптен тұтқиылдан келді. Осы жағы өкінішімізді еселей түседі, бірақ қазақ «орнында бар оңалар» деген ғой, Талаптанның да соңында қалған балалары мен көркем шығармалары оның өмірін әрі қарай жалғастырады деп білемін.

Ал Талаптан Ахметжанмен біраз уақыт қызметтес болған ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы былай дейді:

— Талаптан Ахметжан деп аталатын бұл есім қазақ қаламгерлеріне, зиялы қауымға, былайғы оқырман жұртшылыққа да кеңінен таныс. Әдебиетке өзінің таланты арқылы мамандығы инженер бола тұра, білек сыбана араласқан Тәкең көпқырлы, кісілік келбетімен, адамгершілік ар-ожданының биіктігімен көптің көңілінен шығып, жүректерден орын алған азамат.
Алматы жұртшылығы жазушы Талаптан Ахметжанмен қоштасуда. 29 маусым, 2009 жыл.


Қаламгерлігі өз алдына, адамшылығы жайлы айтсам, бітімі бөлек, ешкімге ұқсамайтын ағамыз көбіне кінәмшіл келетін аға буынның да тілін тапқан, ізінен ерген іні-қарындастың да маңдайынан сипай білген үлкен жүректі азамат еді. Бір өзі үш буынды жалғастырып отыратын алтын көпір іспетті -Тәкеңнің кабинетіне кірген адам өмірге деген сүйіспеншілікпен, хош көңілмен шығушы еді.

Тәкең туралы ойласам, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үмметтеріне айтқан: «Сендер иманды болмайынша, жәннатқа кіре алмайсыңдар, ал бір-біріңді жақсы көрмейінше, иманды бола алмайсыңдар» — деген бір хадисі есіме түседі. Осы хадисті басшылыққа ала отырып айтсақ, Талаптан аға адамдарды барынша жақсы көретін, айналасына құрметпен қарайтын азамат еді. Ол адамдарды сүйген иманды адам еді, оның жүрегі мөлдіреп тұрушы еді.

Талаптан ағаның менің өміріме де, көзқарастарыма әсер еткен адам екенін бір-екі ауыз сөзге сыйғыза алмаспын. Тәкең адамдардың өмір сүру қағидасы, кісілік келбеті туралы өзінше бір мектеп қалыптастырған адам еді, ендігі жерде ол кісінің осы үлгісі артынан ерген ұл-қызы мен ізбасар іні-қарындастарына жұғысты болсын деймін. Арамыздан ұзап кетіп бара жатқан Тәкеңнің барар жері жұмақ болсын, Алла тағала пейіште нұрын шалқытсын деп тілеймін. Әттең, Талаптан аға туралы енді тек өткен шақта сөйлейтініміз өкінішті...
XS
SM
MD
LG