Accessibility links

100 пайыз дауыс жинаған Оразалин «ыңғайсызданды»


Жазушылар одағының қайта сайланған төрағасы Нұрлан Оразалин. Алматы, 24 қыркүйек 2012 жыл

Жазушылар одағының қайта сайланған төрағасы Нұрлан Оразалин. Алматы, 24 қыркүйек 2012 жыл

Қыркүйектің 24-і күні Алматыда өткен жазушылар одағының 14-съезінде төраға сайланды.

Съезге одақ мүшелері, мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммедпен қатар президент әкімшілігі, ақпарат министрлігі мен қалалық әкімдік өкілдері қатысты. Құрылтайды жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин жүргізді. Ол бүгінгі құрылтайға жазушылар одағының 777 мүшесінің 500-ден астамы қатысып отырғанын хабарлады.

«ҚҰРЫЛТАЙ СЦЕНАРИЙМЕН ӨТЕ БЕРЕ МЕ?»

Таңғы сағат 10-нан өте Абай атындағы опера және балет театрында басталған жазушылар одағының құрылтайы әдеттегідей төралқа мүшелерін сайлап, төрге шығарып жатқан. Сол сәтте жазушылар одағының Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің бұрынғы төрағасы, аталған облыстың сол кездегі әкімінің шағымы бойынша үш жылға сотталып, абақтыға қамалып келген Алпамыс Бектұрғанов мінберге шыға келіп, «сценарийді бұзып жіберді».

14-съезде алғаш болып сөз алған ол «үш жылға бас бостандығынан айырылғанда жазушылардан қайран болмағанын» айтты.


- Біреуі келіп сотқа қатысқан жоқ, керісінше жазушылар одағы мүшелігінен шығарды. Осының бәрі 16-18 жылдан бері басқарып келе жатқан Нұрлан Оразалин тұсында болды. Қайда қарасаң да Нұрлан Оразалин... Қашанғы шыдайсыздар? Қашан жазушы деген атқа ие боласыздар? Ел сіздерге қарап отыр ғой. Қашанғы сценарий бойынша өте береді? - деген сауал қойды Алпамыс Бектұрғанов.

Жиынды жүргізіп отырған Нұрлан Оразалин Алпамыс Бектұрғановтың сөзін бірнеше рет бөлмек болып көрді. Ақыры микрофонды ажыратып тастап тоқтатты.

Алпамыс Бектұрғановтан кейін Мұхтар Құл-Мұхаммед шығып, президенттің құттықтау хатын оқып берді және «мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтарды» тізіп шықты. «Одақ ғимаратын жөндеуден өткізіп берген де - елбасы» екенін жазушылардың есіне түсірді.

«ЖАРҚЫРАП ТҰРҒАН ЕШКІМ ЖОҚ»

Мемлекеттік хатшыдан кейін құрылтай өз арнасына қайта түсіп әрі қарай жалғасты. Үзіліс кезінде Азаттық тілшісі бірнеше жазушыдан бүгінгі құрылтайтан не күтетінін және төраға сайлау мәселесіне қалай қарайтынын сұрастырған болатын.

Әдебиеттанушы Бекен Ыбырайымов бүгінгі құрылтайда ел өміріне қажетті мәселелер айтылатын шығар деп келгенін, бірақ қаламгерлер жиналған жерде желбуаз әңгімелердің кездесетінін айтты.
Бекен Ыбырайымов, әдебиеттанушы. Алматы, 24 қыркүйек 2012 жыл

Бекен Ыбырайымов, әдебиеттанушы. Алматы, 24 қыркүйек 2012 жыл


- Дегенмен «сотталған жағдайда жазушыны одақ мүшелігінен шығару керек» деген бапты қолдамаймын. Мемлекетке қарсы қылмыс болса бір жөн. Соттың қаншалықты әділ өткенін қайдан білеміз? - деді ол.

Бекен Ыбырайымовтың ойынша, төрағалықта 16 жыл отырған Нұрлан Оразалин жазушылар одағын қиын-қыстау кезеңдерден аман-есен алып шыққан.

Ал ақын Танакөз Толқынқызы 777 жазушының тілін табу оңай емес екенін, бұл тұрғыдан келгенде Нұрлан Оразалинді дипломат адам деп санайтынын айтты. «Бұл кісіні алмастыратындай жарқырап тұрған ешкімді көрген жоқпын» деген ол Нұрлан Оразалиннің кезінде екі кітабы шығып, шығармашылық кеші өткенін атап өтті.

«ЖАБЫҚ САЙЛАУ ӘДІЛ ЕДІ»

Жазушы Дулат Исабеков жазушылар одағының бүгінгі төрағасына да, одақтың жұмысына да көңілі толмайтынын айтты. «Жазушылардың шығармашылық күші, әлеуеті елдегі саяси-әлеуметтік, қоғамдық мәселелерге пайдаланылмай отыр» дейді ол.

- Тіл мәселесі, жер мәселесі, Еуразия Одағы, Кеден Одағы, Ресеймен қатынасымыздың жиілеп бара жатқанының артында не тұр? Қытаймен арамызда қандай мәселелер қаралып жатыр? Ресеймен ортақ парламент, ортақ тіл болады деп жатыр. Жазушылар осы мәселені арнайы талқылау керек еді. Осыны жазушылар, зиялы қауым айтпаса кім айтады? – деді Дулат Исабеков.

Жазушы «қарапайым халықты күшпен таратуға үйренген полицияның одаққа тісі батпайтын шығар» деп ойлайды.
Дулат Исабеков, жазушы. Алматы, 24 қыркүйек 2012 жыл

Дулат Исабеков, жазушы. Алматы, 24 қыркүйек 2012 жыл


- Сарыарқаның артындағы жиынға 700 жазушының жетеуі ғана қатысады. Жазушыларға не болған? Оларға тілдің керегі жоқ па? Біз аталғандарға қарсылығымызды білдірсек, билік те міндетті түрде оған назар аударатын еді деп ойлаймын, - дейді жазушы.

Оның айтуынша, жазушылар одағы екінші парламент болуы керек.

- 1986 жылы Геннадий Колбин әуелі осы жазушылар одағына келіп кездесу өткізген. Сонда қатты соққы алып қалды. Жазушылармен халық санасады, - дейді ол.

Жазушы Бейбіт Қойшыбаев «одақ төрағасын сайлау процесі дұрыс емес» деп есептейді.

Оның ойынша, «балама кандидат ұсынып, жабық дауыс беру арқылы өтсе ғана» әділ сайлау өтті деуге болады. Ал «өздері белгілеген басқарма арқылы төрт-бес минутта ашық сайлау өткізудің нәтижесі алдын-ала белгілі».

- Большевиктік заманда басқарманы жабық дауыспен сайлайтын. Ал қазір 700 жазушының ішінен өзіне керекті адамдарды бөліп алады да, сайлау өткізе салады. Зиялы қауым ошағымыз деп жүрген жазушылар одағы әділ сайлау өткізе алмаса, басқалардан не үміт, не қайыр? - дейді Бейбіт Қойшыбаев.
Бейбіт Қойшыбаев, жазушы. Алматы, 24 қыркүйек 2012 жыл

Бейбіт Қойшыбаев, жазушы. Алматы, 24 қыркүйек 2012 жыл


Алматы қаласында электр жарығының сөніп қалуына байланысты жазушылардың бір сағаттық түскі үзілісі бес сағатқа созылды. Төрт-бес сағат далада тұра алмаған жазушылардың бір бөлігі кетіп қалды. Кешке қарай қайта басталған соң съезд жұмысы қорытындыланып, сайлау ашық дауыс беру арқылы өтетін болды.

Ашық дауыс беру нәтижесі бойынша Нұрлан Оразалин жазушылар одағының төрағасы болып қайта сайланды. Оның бірінші орынбасарлығына жазушы Ғалым Жайлыбай, тағы екі орынбасарлығына ақындар Жанарбек Әшімжан мен Маралтай Райымбек бекітілді.

Қайта сайланған Нұрлан Оразалин өзіне жазушылардың «100 пайыз дауыс бергенін көргенде ыңғайсызданып қалғанын» айтты.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG