Accessibility links

Тайшыбековтің адвокаты Абайдың қара сөзіне жүгінді


Блогер Ермек Тайшыбеков (оң жақта) пен адвокаты Анатолий Окуньков сот отырысы басталғанша сөйлесіп отыр. Жамбыл облысы Қордай кенті, 4 қараша 2015 жыл.
Блогер Ермек Тайшыбеков (оң жақта) пен адвокаты Анатолий Окуньков сот отырысы басталғанша сөйлесіп отыр. Жамбыл облысы Қордай кенті, 4 қараша 2015 жыл.

Жамбыл облысы Қордай ауданының сотында ұлтаралық араздық тудырды деп айыпталған блогер Ермек Тайшыбековтің ісі бойынша пікірсайыс өтті. Прокурор оны 4 жыл 8 айға соттауды сұрады.

Прокурор Ардақ Бәкішев соттан блогер Ермек Тайшыбековке «қылмысын ақпарат құралдарын қолдана отырып жасады» деп таққан айыпты өзгертуді сұрады.

Ал адвокат Анатолий Окуньков Ермек Тайшыбековті қазақ ақыны Абаймен салыстырды. Оның сөзінше, Абай да қазақтың нағыз патриоты бола тұра қазақ халқы туралы жағымсыз шындықтарды айтқан, бірақ оған бола сөздерінен заңға қайшылық іздеу ешкімнің ойына келмеген. Ермек Тайшыбековтің жазбаларында да ащы шындықтан басқа ештеңе жоғын айтқан адвокат оны ақтауды сұрады.

Ермек Тайшыбеков пікірсайыс кезінде сарапшылардың қорытындылары мен өзіне тағылған айыпты тағы да терістеді. Ол айыптарды абсурд деп мәлімдеп, неге айыпты екенін түсінбейтінін мәлімдеді.

Ермек Тайшыбеков бүгінгі процес басталар кезде «азаматтық некедегі әйелінің түсік жасатуына және соның кесірінен отбасы бүлінуіне» ҰҚК-нің қызметкері айыпты деп мәлімдеп, оны сотқа тартуды сұрады. Судья Қайрат Белгішев оған сот тергеу кезінде айтқан ақпараты расталмаса, «Жала жабу» бабы бойынша жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Бүгін бұл іске байланысты куәгер болған Ботагөз Исаева Ермек Тайшыбековтің ҰҚК-ге жазған шағымы бойынша тінтуге ұшырады. Ермек Тайшыбеков шағымында Алматы облысының тұрғыны Ботагөз Исаеваның интернеттегі жазбаларында «ұлтаралық араздықты тудыру белгілері бар» екенін айтқан.

ВИДЕО: Ботагөз Исаеваның үйін тінтті

Белсенді Ботагөз Исаеваның үйін тінтті
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:38 0:00

Блогер Ермек Тайшыбековтің ісі бойынша соттың келесі отырысы желтоқсанның 11-інде өтіп, сотталушы сол кезде соңғы сөзін айтуы керек.

Жамбыл облысы Қордай ауданының тұрғыны, 37 жастағы блогер Ермек Тайшыбеков биыл жазда әлеуметтік желі қолданушыларының арызы бойынша қамалып, қылмыстық іске тартылған.

Кейбір құқық қорғаушылар оның соты әлеуметтік, ұлттық және діни араздықты қоздыру бабы бойынша осындай істер қозғаудың басы болуы мүмкін деп қауіптенеді. Баптың анық еместігі мен түсініксіз түсіндірілуі өзгеше ойлайтындарды қудалауға және арыз жазушыларды қолдауға құрал болуы мүмкін дейді олар.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG