Accessibility links

Қазақстандағы жас белсенділердің халі нешік?


Теңге девальвациясына наразылық білдірген жастар полиция қоршауында тұр. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл. Әзіз Мамыров түсірген фотография. (Көрнекі сурет)

Теңге девальвациясына наразылық білдірген жастар полиция қоршауында тұр. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл. Әзіз Мамыров түсірген фотография. (Көрнекі сурет)

Жас белсенділер мен саясаткерлер соңғы он шақты жылда саяси-қоғамдық қозғалыстарының «биліктің қысымынан тым әлсіреп кеткенін» айтады. Билік партиясының жастар қанаты мұндай уәжбен келіспейді.

Қазақстан тәуелсіздік алған шақта түрлі жоғары оқу орындарында жастардың саяси-интеллектуалдық клубтары мен ұйымдары құрылып, жас белсенділердің бір шоғыры саясат сахнасында да төбе көрсеткен. Бұл үрдіс 25 жыл ішінде қалай өзгерді? Азаттық тілшісі жастар белсенділігінің бүгінгі ахуалын білмек үшін осы салада танылған тұлғалармен сұхбаттасты. Жас белсенділер 1990 жылдардағы жастар қозғалысы «әдеби-рухани бағытта болғанын», «саяси белсенділік 2000-2005 жылдары күшейгенін» айтады. Олардың кейбірі 2005 жылдан кейін жастардың саяси белсенділігі тоқырап, «қазір жоққа айналғанын» баяндады.

Белсенділер тәуелсіз жастар ұйымын құрғысы келгендерге биліктің қолданған қысым жасау тәсілдерін сипаттағанда «оқудан шығарды», «қорқытты», «тонады», «шабуыл жасады», «диплом қорғатпады», «соттады» деген сөздер айтты.

Махамбет Әбжан, «Қазақстан отаншыл жастары»

«Қазақстан отаншыл жастары» ұйымының жетекшісі, астаналық белсенді Махамбет Әбжан 2000 жылы Гумилев атындағы Еуразия университетінде «Полис» студенттер клубы кездесулерін өткізгенде қысым көргенін айтады.

- «Қазақстан демократиялық таңдауы» қозғалысы құрылған еді. Сол кезде Серікболсын Әбділдинмен кездесу өткізген мені оқудан шығарды. Мұхтар Әблязов, Ғалымжан Жақиянов жайлы сұраған едік, - дейді ол.

Ресейдің сыртқы саясатына наразылық білдіріп тұрған белсенді Махамбет Әбжан. Астана, 3 наурыз 2014 жыл.

Ресейдің сыртқы саясатына наразылық білдіріп тұрған белсенді Махамбет Әбжан. Астана, 3 наурыз 2014 жыл.

Кейіннен Әбжан оқуға қайта қабылданған. Белсенді сол жылдары оппозициялық саясаткерлер Мұхтар Әблязов пен Ғалымжан Жақияновты қолдап және Ресей саясаткері Владимир Жириновскийге қарсы акциялар өткізген. Ол 2003-2005 жылдары Украина, Грузия, Қырғызстанда төңкеріс болғанын, өздерінің де белсенді жұмысқа кірісіп, биліктің ауысқанын қалағандарын баяндады.

- Бізді «революция жасамақ» деп КНБ бақылады. «Түрмеге түсесіңдер» деп қорқытты. Қылмыстық баппен екі рет сотталдым. 2005-2008 жылдары «алаяқтық» бабымен үш жыл түрмеге отырдым. Сосын «полицияға бағынбады» деп шартты түрде соттады, - дейді ол.

Түрмеден шыққан Әбжан әділет министрлігінен «Қазақстанның отаншыл жастары» ұйымы құжаттарын «қайтарып ала алмаған».

- Сосын жұмысты тоқтаттық. Тәуелсіз ұйымдар ішінде «Қазақстан жастары ақпараттық қызметі» ғана қалды, - дейді ол.

Ирина Медникова, «Қазақстан жастары ақпараттық қызметі»

Азаттық тілшісі хабарласқанда «Қазақстан жастары ақпараттық қызметінің» жетекшісі, алматылық Ирина Медникова қазанның 12-сі жасалған шабуылдан енді есін жиып жатты. Ол «жастардың басын қосатын ZhasCamp шарасын Атырауда өткізу қарсаңында шабуылға ұшырағанын» айтты.

"Қазақстанда сөз еркіндігі, әділ сайлау, демократия жоқ" деген плакат ұстап, наразылық акциясын өткізіп тұрған Ирина Медникова. Алматы, 12 сәуір 2010 жыл.

"Қазақстанда сөз еркіндігі, әділ сайлау, демократия жоқ" деген плакат ұстап, наразылық акциясын өткізіп тұрған Ирина Медникова. Алматы, 12 сәуір 2010 жыл.

- Үйге таяғанда кес-кестеп ер адам көлденең шықты. Тесіле қарады. Өтіп кеттім, подъезге кірерде артымнан келіп, сөмкемді ала жөнелді. Сөмкеге жабысқан мені көлікке апарып соқты. Асфальтпен сүйреп, шалбарым жыртылып, тіземнен қан ақты, сөмкені жібере салдым - дейді ол.

Ирина Медникова «сөмкеде ұйымның 420 мың теңгесі, мөрі, Атырауда өтетін ZhasCamp шарасының құжаттары» болғанын баяндады. Полиция қылмыскерді іздестіретінін хабарлаған. Оның сөзінше, іле-шала Атырауда ZhasCamp-ті өткізетін орындардың бәрі бас тартып, логистикалық проблемалар басталған.

- [Бұл шабуылды] жұмысыммен байланыстырам... Әріптестерім Атырауда жер митингісін «ұйымдастырған» Макс Боқаев пен Талғат Аянның соты өтіп жатқанын айтты. Оған қатысымыз жоқ, бірақ сот өтіп жатқанда бірнеше жүз жасты Атырауға жинап, шара өткізетініміз біреулерге басқаша көрінген сияқты, - дейді ол.

ZhasCamp шарасы Атырауда қазанның 15-і зорға өткенімен, Павлодардағы ZhasCamp кедергілер кесірінен өтпей қалған. Медникова жастардың саяси белсенділігінің 2000-жылдардың алғашқы жартысында жоғары болғанын, «2005 жылдан кейін мемлекет жастарды бақылауға алғанын» айтады. Оның ойынша, бақылау «жастардың мемлекеттік ұйымдарын құру арқылы» іске асқан. «Жастардың саяси белсенділігі қазір мүлде жоқ» деген ол қысым мен қолдау арасында жұмыс істеп келе жатқандарын әңгімеледі.

- Бізде «Жас сайлаушылар лигасы» бар. Сайлауды бақылаймыз, жастарға сайлау құқықтарын үйретеміз. Биыл көктемде парламент сайлауында топтап бюллетень тастау видеосын жарияладық. Сайлау комиссиясының бастығы «түптеріңе жетемін» деп қорқытты, - дейді ол.

Ирина Медникова.

Ирина Медникова.

Медникова ұйымның сайлауды бақылаған Шымкенттегі бір мүшесі «диплом қорғай алмағанын» айтты. Оның сөзінен қысымның «шабуыл жасау», «диплом қорғатпау» сияқты қатаң түрлерінен бөлек, «жұмсақ» тәсілдері болатыны байқалды. Мәселен, ол былтыр билік партиясы жастар қанаты - «Жас Отанның» ZhasCamp шарасын өткізгенін айтады.

- Логотипімізді алып, біздің ZhasCamp-ті өткізді. Танымал форматымызды пайдаланды, олармен шарпысып қалдық... бұрындары «Еркін интернет үшін» деген жоба жасадық. Біреулер «Еркін интернет үшін» қорын құрып, жұмысты өздері атқаратындарын мәлімдеді, ақыры арамызға жік салып, бастаманы жоқ қылды. Билік осындай жалған жобалар ашқан бірнеше мысалды білем. «Қаһар» ұйымын да сөйтті, - дейді белсенді.

Жанболат Мамай, «Рух пен тіл»

Азаматтық белсенді Жанболат Мамай 2007 жылы жастардың «Рух пен тіл» ұйымын құрып, оны сол күйі тіркеуден өткізе алмағанын айтады.

- Жастар белсенділігі 2000 жылдары, «Қазақстан демократиялық таңдауы», «Ақжол» партиясы құрылғанда басталды. 2005 жылы президент сайлауы кезінде «Ақжол» жастар қанаты болды, «Қаһар» құрылып, төңкеріс бастайтындай ақпарат таратты. Билік оларды тез ыдыратып жіберді. Мүшелерін соттады, мысалы, Махабет Әбжан сотталды, - дейді ол.

Полицейлер ортасында ҰҚК қызметкерлеріне қарсы хатын көрсетіп тұрған Жанболат Мамай. Астана, 9 қыркүйек 2009 жыл.

Полицейлер ортасында ҰҚК қызметкерлеріне қарсы хатын көрсетіп тұрған Жанболат Мамай. Астана, 9 қыркүйек 2009 жыл.

Жанболат Мамай биліктің «жүздеген мүшесі болған «Рух пен тіл» ұйымын тіркемей қойғанын», бірақ «2010 жылы басқа біреулердің «Рух пен тіл» атты ұйым құрып, тіркеп алғанын» айтты.

- «Рух пен тілді» тіркемейтінін білдік, сосын клуб ретінде аштық... қаншама рет оқудан шығармақ болды, түрмеде отырып шықтым. Белсенді бола бастаған кезіңде қызметке шақырады, әкімдік жұмыс ұсынады, көнбесең, қудалайды. Қысым түрі көп, - дейді Мамай.

Белсендінің пайымдауынша, қазір жастар үшін тәуелсіз саяси-қоғамдық ұйым құрып, жұмыс істеуге «жағдай жоқ».

- Меніңше, жастармен қазір радикалды діни топтар белсендірек жұмыс жасап жатыр. Олардың тәсілдері қатерлі, - дейді ол.

Дәурен Бабамұратов, «Болашақ»

«Болашақ» жастар ұйымы жетекшісі Дәурен Бабамұратов 2000 жылдары құрылған жастар ұйымдарын «демократияшыл еді» деп еске алады.

- 2000-2005 жылдары біраз ұйым құрылды. Халық белсенділігі де күшейді, сайлау ерекше бәсекемен өтетін. «Айбат», «Қайсар», «Қаһар» деген ұйымдар құрылды, 2005-те біз құрылдық, - дейді ол.

Өзбекстан елшілігі жанында, "Әр қазақ менің жалғызым" деген плакаттың алдында тұрған Дәурен Бабамұратов. Алматы, 3 шілде 2015 жыл.

Өзбекстан елшілігі жанында, "Әр қазақ менің жалғызым" деген плакаттың алдында тұрған Дәурен Бабамұратов. Алматы, 3 шілде 2015 жыл.

Белсенді мұндай ұйымдардың тез жабылуының бір себебі - «қаржыландыру көзінің жоқтығы» деп сипаттайды. Оның сөзінше, 2000 жылдардың басында билік тарапынан қысым болса да, тікелей тарату байқалмаған.

- Қазақстанда Жастар ұйымын негізі партиялар құрады. Олар қазір жастар қанатын құруды қойды. «Нұр Отаннан» басқаның жастар қанаты жоқ, - дейді ол.

Асқар Бопылдықов, «Жас Отан»

Атырау облысындағы «Нұр Отан» билік партиясының жастар қанаты - «Жас Отан» филиалының төрағасы Асқар Бопылдықов «елде аса жоғары болмаса да, жастар белсенділігі бар» деп санайды.

- Мемлекеттің жастарға қолдауы бар. Оны пайдаланатын жастар аз. Оларға «Келіңдер, «Жас Отанды» площадка етіп, кемшіліктерді айтыңдар» деймін. «Артымызға түспей ме?» дейді. Бірақ ондайға кездескенім жоқ, басқа ұйымдардың шағымын естігенім жоқ, - дейді ол.

Бопылдықовтың «Қазақстан жастары ақпараттық қызметі» ұйымымен арада ZhasCamp шарасы жөніндегі туған дауға қатысты да жауабы дайын.

"Жас Отан" ұйымының Атыраудағы бөлімі жетекшісі Асқар Бопылдықов. Сурет белсендінің Facebook парақшасынан алынды.

"Жас Отан" ұйымының Атыраудағы бөлімі жетекшісі Асқар Бопылдықов. Сурет белсендінің Facebook парақшасынан алынды.

- «ZhasCamp-ті «Жас Отан» алып қойды» деп былтыр айқай болды. Атауы да, логотипі де біздікі деді. Ол – облыстық жастар басқармасы лоты. Солай алып, солай өткіздік. Біз – орындаушымыз. Логотипті интернеттен алдық, «жақсы екен, осымен жасайық» деп, ұрлайық демедік. Артынан «ұят болды-ау» дедік. Одан кейін ондай кемшілік жасамадық, - дейді ол.

Асқар Бопылдықов «барлық жастар ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін» айтады. Бірақ ондай әріптестік «кемшілікті ел тыныштығын бүлдіру үшін айту емес, осыны түзейік деген мақсаттағы жұмыс болуы тиіс» екенін ескертеді. Ол биыл әкімдіктегі жастар саясатына қатысты тендерлерді «Жас Отаннан» басқалар алып жатқанын» хабарлады.

ЖАСТАРМЕН ЖҰМЫС

Азаттық тілшісі белсенділерден жастармен қандай жұмыс атқарып жатқанын сұрады. «Жас Отан» өкілі Асқар Бопылдықов жұмыспен қамту жобасы жайлы айтты.

- Жастарды мекемелерден тәжірибеден өткіземіз. Сосын «тәжірибеден өтті, енді жұмысқа алсаңыз» деген ұсыныс береміз. Жас отбасыларға пәтер беру облыста жақсы жүріп жатыр, былтыр 90 пәтер бердік, - дейді ол.

«Болашақ» жетекшісі Дәурен Бабамұратовтың пікірінше, жастар саясаты жастарды толық қамтып жатқан жоқ.

- Мәселен құрылысшы жастар бар. Олармен жұмыс істеген ұйым көрмедім. Оларды қуып жібереді, ұрып жібереді, кейде бізге келіп айтады. Қазір базарда жүрген жастарға КВН-ға билет беріліп тұрады. Ең құрығанда оларды осындай шараларға тартып, жұмыс жасауға болады, - дейді ол.

Айлықтарын ала алмай жүргендерін акция арқылы білдірген құрылысшылар. Алматы, 27 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Айлықтарын ала алмай жүргендерін акция арқылы білдірген құрылысшылар. Алматы, 27 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Белсенді жазда жастар проблемасын білу үшін мемлекеттік тапсырыспен сауалнама жүргізгендерін айтты. Зерттеу нәтижесінде жастарды қинайтын негізгі екі мәселе – жұмыс пен баспана табу екені анықталған.

Ал «Қазақстан жастары ақпараттық қызметі» ұйымының жетекшісі Ирина Медникова «жастарды түрлі шараларға қатыстырып, білімдерін өсіру арқылы азаматтық белсенділіктерін дамытуға тырысып жатқандарын» айтады.

ЖАСТАР БЕЙНЕСІ

Махамбет Әбжан қазақстандық жастарды «құқықтарын білмейді әрі қорғай алмайды, пара беруге бейім, қарапайым өмірлерін ғана ойлайтын болды» деп сипаттайды. Жанболат Мамай жастарды «ашық, заңды тәсілдермен әділдікке қол жеткізуге болады дегенге сенбейтін енжар топ» ретінде суреттейді.

Ал Дәурен Бабамұратов:

- Жастар белсенділігі – өз орнында. Біздің әлеуметтік сауалнамада жастардың 30 пайызы «жер мәселесі қайта қозғалса, позициямызды қорғап шығуға дайынбыз» деп жауап берді. Олар тек ұйымдаспаған (ұйымдарға бірікпеген – ред.), - дейді.

Ирина Медникованың пікірінше, «Қазақстан азаматтық қоғам тууы қарсаңында тұр».

- Қалада түрлі бастамалар бар. Әсіресе, урбанистика саласында жастар, 35 жасқа дейінгі «үлкейген жастар» «Менің үйім», «Менің подъезім» деген шараларға бірігіп жатыр. Ұйым құру міндетті емес, белсенді жастар көп, - дейді ол.

«Аға буын» өкілі, саясаткер Дос Көшім қазіргі Қазақстан тарихында өткір саяси-әлеуметтік мәселе пісіп-жетілгенде «жастардың аяқ астынан оянатын» кездері болғанын айтады.

Азаттық студиясында отырған Дос Көшім. Алматы, 12 ақпан 2015 жыл.

Азаттық студиясында отырған Дос Көшім. Алматы, 12 ақпан 2015 жыл.

- Тоқтап қалды, пассив болып қалды деп жүргенде кез келген сәтте «жарылады». 1986 жылы ешкім «жастар шығады» деген жоқ. Бірақ жастар шықты. Кешегі жер мәселесінде де [митингілерді] ұлтшылдар не оппозиция ұйымдастырмады. Қысқасы, кез келген сәтте аренаға жастар шығуы мүмкін. Сын сағатта шығады. Бұл – бұрыннан бар дәстүр, - дейді ол.

Қазақстан әділет министрлігінің Азаттыққа жазбаша берген дерегінше, «Қазақстан аумағында атауында «жастар» сөзімен 61 қоғамдық бірлестік тіркелген». Министрлік: «Жастар ұйымдарын тіркеу процедурасында өзгеше артық талаптар заңмен көзделмеген... кейінгі 10-15 жыл ішінде қанша жастар ұйымын тіркеуден бас тартылғаны жөнінде мәлімет жоқ» деп жазады.

  • 16x9 Image

    Рахат МАМЫРБЕК

    Рахат 2010 жылдан бері Азаттықтың Алматы бюросында редактор және жүргізуші болып қызмет атқарып келеді. ҚазҰПУ-ді саясаттанушы мамандығы бойынша бітірген. "Қазақстан", "31-арна", КТК және "Алматы" телеарналарында жүргізуші, редактор болып тәжірибе жинаған. Жергілікті телеаудиторияға кең танылған "Күлтөбе" телехабарының авторы әрі модераторы болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG